Жетіген: сиқырлы сазға бай аспаптың құпиясы

Жетіген: сиқырлы сазға бай аспаптың құпиясы

Жетіген – жеті ішекті дыбысты көне шертпелі аспап. Аспап келбеті ұзынша келген жәшік тектес болады. Беті жұқа тақтайшамен жабылып, үн беретін ойықтар салынады. Көне түрінде 7 ішегі болған және оларға тиек ретінде 7 асық тағылған. Ішектер аттың қылынан тартылып, әуен ырғағын қалпына келтіру үшін асықтар қойылған. Бұл аспаптың қазіргі заманда шыққан жаңа түрінде ішектер саны 25-тен асады. Дыбыс көлемі 2-2,5 октаваға дейін жетеді.  Барлық ішектеріне құлақ күйін келтіретін арнайы үлкен тиектер тағылады. Тыңдаушыларға жағымды әсер сыйлайтын жетігенді ертеде көк пен жерді байланыстыратын ғажайып қасиетке бай аспап деп, оны тек сарайларда, шағын топ алдында ғана ойнаған.

Жетіген аспабы түркі тілдес халықтарында кездеседі. Татар халқы «етиган», тыва халқы «жадықан», хақастар «шатқан» т.б. халықтар аспапты өз тілінде атаған.

Жетіген аспабының ноталық жүйесін белгілі этнограф-ғалым Болат Сарыбаев анықтады. Бұл күнде аспап кеңінен насихатталып, халыққа танылып, дамып келеді.

 

Жетіген аспабының шығу тарихы

Бағзы заманда бір қарттың жеті ұлы болған екен. Ел ішінде бір жылдары қатты жұт болып, көпшілік қауым ашаршылыққа тап болады. Аштықтан жеті ұлы қайтыс болады. Қания есімді үлкен ұлы қайтыс болған кезде кепкен ағаш бөлігін ойын алып, ішек тартып, тиек тағады. Қайтқан тұңғыш ұлына арнап, «Қарағым» күйін шығарады. Қаниядан соң, екінші ұлы Төралым қайтқан кезде, екінші ішекті тартып, «Қанат сынар» күйін орындайды. Үшінші ұлы Жайкелді өмірден өткенде "Құмарым", төртінші ұлы Бекенге арнап "От сөнер", бесінші ұлы Хауасқа "Бақыт көшті", алтыншы ұлы Жүлзарға "Күн тұтылуы" күйлерін шығарады. Ең кіші ұлы Қияс қайтыс болғанда ақсақал жетінші шекті тартып, "Жеті баламнан айрылып құса болдым" атты күй шығарады. Қара жамылған қарт әр күйді орындау барысында әр баласының бейнесін әуен арқылы көрсетеді. Бұл күйлер кеңінен таралып, әрі қарай дамып «Жетігеннің жеті күйі» не «Жетігеннің жетеуі» деп танылады. Аспап атауы жеті және ән сөздерінен құралып, «жетіген» деп аталған.

Форумда талқылау

Фото: massaget.kz