“Жігіттер” квартетіне 10 жыл!

“Жігіттер” квартетіне 10 жыл!

2003 жылы Ерғали Әбдрайымовтың қолдауымен, Ердос Қанаев, Бағлан Әбдрайымов, Айдар Байжанов пен Мырзахан Махановтан құрылған «Жігіттер» квартетіне бүгінде он жыл толып отыр. Осыған орай жігіттер 2-3 қараша күндері Алматыда есеп беру концерттерін өткізбекші деп хабарлайды Хиттв арнасы.

“Он жылда топта не өзгерді?” деген сұраққа Ерғали Әбдірайымов жігіттердің стильдерінің өзгергенін, талғамдарының өзгергенін және тыңдармандардың да олардан әрдайым жаңа дүниелер күтетіндерін айтты. Ал жігіттер бұл сұраққа “Өткен күнде белгі жоқ дегендей, 10 жыл өтті де кетті. Көңіл-күй де сол қалпы, ешқандай өзгеріс жоқ. Ақыл айтатындай аға болдық деп те айта алмаймыз, әлі де жаспыз” деп жауап берді. Ал осы он жылда ең көп естіген сын: “Неге бір костюм шалбармен шыға бересіңдер” деген сұрақ болды дейді жігіттер.

Сонымен қатар, он жылда тек бір ғана солист ауысып, Еркін Нұржановтың орнына Мырзахан Маханов келді. Ол үшін бұл бірінші үлкен концерт. Осыған дейін “Жігіттер” Республика Сарайында 5 жылдық мерейтойларын атап өткен болатын.

Есеп беру концертіне орай, жігіттер “Бізге 10 жыл!” деген ән жаздырғандарын хабарлады. Төреғали Төреәлі жазып берген бұл әнде жігіттер өз ойларын, көрермендерге құрметін, әлі де өнер сахнасында еңбек ете беруге тырысатындарын жеткізгілері келген екен.  

Он жыл ішінде Мырзаханнан басқа топ мүшелері өмірлік серіктерін тауып, отбасыларын құрып үлгерген. Айдар Байжанов болса, 10 жылда жинаған тәжірибесін жастармен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеуге де көшіпті.

2-3 қарашада өтетін концертте “Жігіттер” бүгінде хит болып үлгерген әндерімен қатар, жаңа әндерін де ұсынады. Ал көрерменді қалай таң қалдыратындарын төрттік құпияда ұстап отыр. 

Біз де өз тарапымыздан, “Жігіттер” квартетін 10 жылдық мерейтойларымен құттықтаймыз! Жігіттерге шығармашылық табыс тілеп, ғұмырлық хит әндерді дүниеге әкеле берулеріне тілектеспіз!


 Сурет: vk.com

Дайындаған: Анар Мұстафина 

А. Құлтай