Айжан Алмасқызы: "Жастарға төзім жетіспейді"

Айжан Алмасқызы: "Жастарға төзім жетіспейді"

Айжан Алмасқызы - «Авторадио» жүргізушісі. Оның бұл радиода қызмет жасағанына 3 жыл толды. Осы үш жыл жүзінде оның радио саласындағы еңбегі орасан зор. Бұлай дейтініміз, бір өзі радионың қазақша бағдарламаларын жүргізіп, түрлі жобаларды дайындауы. Қарлығаштың қанатындай болып, қазақ тіліндегі тыңдарманға тың ой айтып жүрген маман әйел заты болса да, өз ісінің шебері екенін дәлелдеп келеді.

Massaget.kz порталына келіп түсіп жатқан хаттар ішінде де осы Айжан Алмасқызының аты аталып, "жеке басымен таныссақ", "қандай маман екенін білсек" деген ниет-тілектер оның еңбегінің жемісі деп білуімізге әкелді. Ендеше сұхбатты алдарыңызға қойдық, құрметті оқырман!

- Айжан Алмасқызы, бірінші өзіңізден бастасақ, қай жақтың тумасысыз?

- Мен Семейдің қызымын. Үржардың Алтыншоқы деген ауылында туып-өскенмін. Журналистиканы бала кезімнен армандағанмын. Оның ішінде диктор болу. Бала кезде Рабиға Аманжолованы теледидардан көріп, айнытпай салатынмын. Сол арманым жүзеге асты. Кейін Семей қаласына көшіп келдік. Сонда оныншы сынып оқып жатқан кезімізде театр өнер бөлімі ашылған еді, сонда өзімнің бағымды сынап көріп едім, Алла қолдап, оқуға түсіп кеттім. Мамандығым актерлік жанрдың дикторы болды. Журналистиканың қыр-сырын сонда үйрендім. Көркем сөз сөйлеу шеберлігін, әдебиеттерді оқу сол кезден басталды. Көптеген қазақ жазушыларының шығармаларындағы кейіпкер образын сомдаумен айналыстық. Тілге, кеудеге жаттығулар жасап, шыңдалдық. Онда мен 2 жыл сегіз ай оқыдым. Біз бірінші түлектерміз. Менен кейінгі түлектер Ринат Заитов, Әсет Иманғалиевтер болды. Кейін оқу жабылып қалды деп естідік. «Радиосем» деген жергілікті радиосында алғашқы қызмет жолымды бастап та кеттім. 5 жыл қызметтен соң Семей қаласының жергілікті телевидениесіне ауысып, онда 3 жылдай қызмет істедім. Бұдан кейін Алматы қаласына Қуат Ахметжанов есімді азаматтың шақыруымен келдім.

Енді осы «Авторадиода» қызмет істеп жатқаныма үш жыл болды. Мұнда қазақ эстрада жұлдыздарының әндерін беретін «Хитпарад» бағдарламасын жүргіземін. Бұл бағдарламаның артықшылығы – қазақтың жас әншілеріне қолдау көрсететіндігінде, яғни олардың ән жарнамасына еш ақы немесе төлем алмайтындығында. Бізге кез келген жас әнші, өнерге қадам басып келе жатқан өнерпаз әнін әкеліп бере алады. Сараптаудан өтсе, эфирге шығара береміз.

- Дұрыс екен. Ал енді өзіңіз дикция қою, күрделі әріптерді дұрыс айта білу, яғни сөз сөйлеу шеберлігіне байланысты осы жолға түсемін деушілерге қандай кеңес бересіз?

- Ең бірінші кітап оқу керек. Мен өзім Дулат Исабековтың шығармаларын толық оқыдым. Шыңғыс Айтматовтың, Мұхтар Әуезовтың шығармаларын толық бітіру керек деп ойлаймын. Тіпті кейде тіл жаттықтыру үшін орысша жаңалықтар оқимын. Бұл әдіс тілді жаттықтыруға көмегін береді. Әсіресе орыс классиктерін оқу пайдалы деп айтар едім. Себебі қазір көптеген жаңа сөздер бар, оларды дұрыс айта білу үшін оқу керек. Көшедегі кім-кімді алып келсеңіз де микрофон алдында дұрыс дауыс шығара алмайды. Ол үшін өз басым жаңғақты ауызға салып сөйлеу әдісін жасаймын. Ғаламторға кіріп «дикцияға арналған жаттығулар» деп іздесеңіз түрлі-түрлі жолдары бар. Ал бірақ күрделі әріптерді айтуда жаңылтпаштардың рөлі басым. Қателіктерге келсек, суық су, балмұздақ, темекі, шемішке дегендерге жоламау керек. Дауыс сондай заттардан көп бұзылып жатады. Темекінің тікелей дауысқа әсері болмаса да ол өкпені зақымдайды.

- Көп жастар темекіні гүріл дауыс шығару үшін тартады деген аңыздың өтірік болғаны ғой?

- Өзгені білмедім, өзім ондай әдіске қарсымын. Темекі тартатын қыздарды да танимын, бірақ ондай кезде өкпеден шығатын демді бұзады. Театрда оқып жүргенде мұғаліміміз демге көп көңіл бөлетін. Мәселен, екі тармақ жолды бір деммен оқу керек деген секілді. Бірақ қазіргі кезде кез келген журналист оны қадағалай бермейді.

- Хитшеру дедіңіз. Қазіргі таңда қандай әншілердің әндері оқ бойы озып тұр?

- Қазір Бүркіт пен Аишаның «Тәп-тәттімсің» әні. Одан кейін Ақылбек Жеменейдің «Пах, шіркін!» әні келе жатыр. Әрине, той әні. Бірақ халықтың тыңдайтыны сол той әндері болып отыр. Бағым Мұхитдинова деген Баян Есентаеваның сіңлісі «Саз әлемінде» бірде «Бізде халық қандай әншінің жақсы екенін саралай алмайды, дұрыс білмейді» деген еді. Әрине, мен оған қосылмаймын. Мәселен, бәріміз де білеміз Мөлдір Әуелбекованың даусы зор екенін. Бірақ оны қайта-қайта тыңдай бермейміз ғой? Ал біз өз табиғатымызға жақын Заттыбектің, болмаса Ақылбектің әндерін тыңдаймыз. Және біз талғамымыздың ондай болғаны үшін еш қымсынбауымыз керек. Мәселен, бізге келетін SMS-тердің көбінде қазақша әндерді сұрайды. Оған мен куә.

- Қайрат Нұртастың жағдайы қалай болып жатыр?

- Оның басы қандай дауға қалып жатса да, біз оған еш шеттету жасамаймыз. Оның тыңдаушылары бар, тіпті көп. "Оның әндерін қоймаңдар" деп қысым түсіріп жатқан ешкім жоқ. Қазірде оның «Алматы түні» деген әні хитшеруге қатысып жатыр. Бізде Қайрат Нұртасты жамандайтындар көп. Мен оған қосылмаймын, себебі қазақтың бір баласы ән айтып жатса, оған неге қарсы болуымыз керек?

- «Авторадиода» қазақ тілі мен орыс тілінің берілу көрсеткіші қандай?

- Бізде бір сағат ішінде екі бірдей қазақша ән қойылады. Ал жалпы бағдарламалар бойынша қазақ тілінде 60 пайызы эфирде беріледі. Әрине, бір сағатта екі ғана қазақша ән қойылатыны өкінішті, бірақ өзге радиолармен салыстырғанда біздікі әжептәуір көрсеткіш.

- Қалай ойлайсыз? Еліміздегі радиолар әншілердің әндерін алғаны үшін контент ретінде ақша төлеуі тиіс пе, әлде олардың жарнамасы үшін әншілердің өздері төлеуі қажет пе?

- Радио негізі әншілерге төлеуі қажет. Бізде тегін болғандықтан, бұл мәселе бізге қатысты деп ойламаймын.

- Өзіңізге оралсақ, жеке, отбасы жағдайыңызға келсек?

- Иә, тұрмыс құрғанмын. Жасым 33-те. Екі қызым бар: Дәмилә, Сәбина.

- «Авторадио» жүргізушісінің жеке көлігі бар ма екен?

- Жоқ, оған әзірге қызығушылығым жоқ. Жолдасым жүргізеді.

- Жалпы енді мамандық таңдауда радио саласына барушы жастарға айтарыңыз...

- Менің оларға айтарым, бастаған ісін соңына дейін апару керек, бастысы ақшаға қызықпай, шыдамды болуы керек деп ойлаймын. Мәселен, бізге қаншама жігіттер келіп-кетті. Көбісі шыдай алмайды, ішінде жеке басының қамы үшін де, ақшалай жағы қиын болғандықтан да істі соңына дейін апара алмады. Қазірде жұмыс іздеушілер «ақшасы көп, жұмысы аз» жұмыс іздейді. Жастардың намысына тимесін, бірақ көбісі төзімсіз келеді. Қазақтың әні үшін, қазақ тілі үшін ішімізден емес, сырттай да патриот бола білуіміз керек. Сонда ғана діттегеніміз жүзеге асып, мақсатымызға жетеміз.

- Рақмет! Жастар осы сөзіңізден жабырқау емес, шабыт алатынына сенеміз. Радиоларыңыздың жұмысы қарқынды болсын. Сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен: Ардақ Құлтай

А. Құлтай