- Негізгі бет
- Музыка
- Алматыда танымал k-pop...
Алматыда танымал k-pop жұлдыздары өнер көрсетті
Оңтүстік Корея мәдениетін Қазақстан жерінде дамыту мақсатында KPMent, MGGL және Қазақстандағы Корей ассоциациясының ұйымдастырумен Алматыда Қазақстан-Корея фестивалі өтті. «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінің концерттік алаңында танымал оңтүстіккорейлік топтар өнер көрсетті.
Фестиваль төңірегінде бишілер Lee Juno мен Poppin Hyunjun өнер көрсетті. Сонымен қатар, көпшілік қауымды CRAZYNO, T.I.P, Kim Ji-Hoon және Honey Family сынды өнер майталмандары қуантты. Әнші әрі биші Lee Juno меншікті телеарналар арқылы қазақстандық әншілердің өнерін тамашалағанын айтты.
«Отандық әуендеріңізде электрондық элементтер кездеседі. Жалпы қазақстандық орындаушылардың өнері оң пікір қалдырады және заманауи әуен ағымынан қалыспауға тырысатыны қуантады», — дейді әнші. Ал әлмеге танымал Big Bang, Girls Generation сынды топтар Қазақстанға келу үшін не істеу керек деген сұраққа, Lee Juno: «Олардың концерттік бағдарламасы әдетте 2 жылға жоспарланып қояды. Сондықтан алдын-ала қамданып, шақырсаңыздар, келу керек» деп жауап берді. Ал CRAZYNO болса, қазақстандықтармен көбіне Твиттер арқылы байланысқанын айтты. «Қазақстанға бара жатырмын деп жазғанымда көптеген жанкүйерлерім «қош келдіңіз» деп жауап қайтты» - дейді ол.
Солдан оңға қарай: Poppin Hyunjun, Lee Juno, Kim Ji-Hoon, CRAZYNO
Сонымен қатар, фестиваль қонақтары қазірде әлемге танымал PSY-дың өнері жайлы да айта кетті. Олардың айтуынша, Gangnam style орындаушысы өз Отанында он жылдан астам уақыт өнер көрсетуде екен. Ал әлемдік танымалдылыққа Интернет арқылы, яғни Youtube видеопорталының көмегімен қол жеткізген. Егер жақсылап тырысса, лайықты жобалар елеусіз қалмайтынын және мұндай танымалдылыққа кез келген орындаушы жете алатынын тілге тиек етті.
Әншілерді қазақстандық жанкүйерлер жақсы қарсы алып, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінің алаңы көрермендерге толы болды. Айта кететіні, Оңтүстік Кореядан келген қонақтармен бірге қазақстандық орындаушылар Aldaspan тобы, рэпер Dilani, Wake Up Project және Bullet Proof бишілер тобы өнер көрсетті.
Этно-рок стилінде өнер көрсететін Aldaspan тобының жетекшісі Нұржан Тойшы: «Корей әншілерінің әні мен биі, стильдерінде батыстық әншілерден өзгешелік бар. Және батыстықтар азиялық әншілерді көп қолдамайды, өз нарықтарына жібергісі келмейді. Ал кореялық әріптестеріміз өз тілдерінде әндерін айтып, билерін көрсетіп, өздерінің мәдениеттерін әлемге паш етуде. Бұл біріншіден біздің орындаушыларға сабақ. Өйткені корейлік әндерді жаттап, әлем бойынша кавер-нұсқалар жасап жатқандар көп. Ал біздің мәдениетте еліктеушілік көп. Еліктейміз деп ұлттық нақышымызды жоғалтып жатқан жайымыз бар» - деп, өз пікірін білдірді.
LG Electronics компаниясының демеушілігімен өткен концерт барысында көрермендер арасында Optimus G Pro смартфоны мен LG PD233 қалта фотопринтері ойнатылды.
Сурет: Massaget.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina