«Қос қарлығаш» - киелі құсқа арналған ән

«Қос қарлығаш» - киелі құсқа арналған ән

Атам қазақ қай заманда болсын қарлығаш құстың қадірін білген. Бұл құстың адалдығы мен мейірімділігі талай аңыз-ертегілерде кеңірек айтылған. Қазақ мультфильмінің атасы атанған Әмен Қайдар да өзінің алғашқы туындысында киелі құсты кейіпкер қылған. «Нұр-Мұқасан» тобының орындауындағы сазгер Нұрлан Еспановтың «Қос қарлығаш» әні киелі құстың болмысын бейнелейді.

Нұрлан Еспановтың айтуы бойынша, бұл ән ойда-жоқта туған. Ақын Бақытжан Ауданбаевпен бірге әңгіме-дүкен құрып отырған кезде екеуінің назарлары көп қабатты үйдің подъезіне ұя салып жатқан бір топ қарлығаштарға түседі. Осы кезде Бақытжан Ауданбаев қарлығаш құсының болмысын сипаттай келіп, былтыр салған ұясына қайтып оралатын адал қасиетінің барын айтып қалыпты. Ақынның киелі құс туралы айтылған әңгімесін арқау еткен Нұрлан Еспанов жаңа әннің әуенін дүниеге әкелген екен. Ән дайын болған кезде Бақытжан Ауданбаевақа хабарласып, қарлығаш туралы жыр жазып беруін өтініп сұрайды.


Дайын ән кейіннен «Нұр-Мұқасан» тобына ұсынылды. Өз кезегінде топ мүшелері жаңа әнді репертуарларына қосып, бейнебаян түсіруді қолға алады. Әу баста, бейнебаянда қарлығаштың ұя салуын көрсету көзделді. Алайда, қарлығаштың ұя салуын шынайы түсіру ұзақ әрі қолайсыз болды. Мұндай қиындықтарды бастан кешірмес үшін топ мүшелері әнге бейнебаянды мультфильм етіп түсіруді ұйғарады. Мультфильм арқылы қарлығаш құстың тыныс-тіршілігін көрсету арқылы көрермен қауымның патриоттық сезімін ояту мақсаты көзделді.

«Қос қарлығаш» - адал құстың мейірімділігі мен тазалығын арқау еткен ән. Бұл тыңдарман қауымның сана-сезіміне ой тастайтын, көкірегіне ұлттық рухты қондыратын нағыз патриоттық ән.

Қос қарлығаш

Сөзін жазған: Бақытжан Ауданбаев
Сазгер: Нұрлан Еспанов


Бір күн келіп алмастырып бір түнді,
Көктем келіп айналамыз құлпырды.
Қос қарлығаш тыным таппай тағатсыз,
Жөндеп жатыр ескі ұясын былтырғы.

Қайырмасы:
Қос қарлығаш көктемде,
Қанат қағып жеткенде,
Қандай сезім жетеледі туған мекенге?
Тағып алып ақ тұмар,
Жұлдыздай боп ақтыңдар.
Ерте өшкен үмітімді,
Қайта жақтыңдар.

Қос қарлығаш, қияқ қанат достарым,
Қанатымен тілгілеген аспанын.
Тілгіленіп қалар еді-ау жүрегі,
Ұя салса ауласына басқаның.

Қайырмасы:

Қос қарлығаш тағдырларын тең бөлген,
Тірліктерін туған жерге өңделген.
Әрбір адам туған жерін сүюді,
Үйренсе екен, үйренсе екен сендерден.

Қайырмасы:


Суреттер: grafomanov.net, dmk.kz 

Ғ. Ұзақ