Короновирус кезінде түсірілген фотосурет "Жыл фотосы" деп танылды

Короновирус кезінде түсірілген фотосурет "Жыл фотосы" деп танылды

Бразилиядағы коронавирус пандемиясының шарықтау кезеңінде түсірілген фотосурет беделді World Press Photo нұсқасы бойынша "Жыл фотосуреті" деп танылды.

Бұл суретті дат фотографы Мадс Ниссен түсірген. Жеңімпаз 15 сәуірде өткен онлайн-рәсімде белгілі болды.

2020 жылдың тамыз айында түсірілген "Алғашқы құшақ" атты фотосуретте Сан-Паулудағы қарттар үйіндегі медбике сол жерде тұратын Роза есімді 85 жастағы әйелді целлофан перде арқылы құшақтап жатқанын көруге болады.

Пандемияға байланысты Бразилиядағы барлық қарттар үйіне наурыз айынан бастап баруға тыйым салынды. Ал ондағы қызметкерлер қарттармен байланысты барынша азайтты. Міне, сол кезде қарттар үйінен бұл мәселені шешудің жаңа әдісі табылды. Ол үшін қауіпсіз целлофан тосқауылы ойлап табылды. Жаңа әдіс қарттардың жақындарын қайтадан құшағына алуға мүмкіндік беріп, бүкіл әлемге танымал болды.

"Бұл фотосурет біздің өміріміздің ең жарқын сәттерін мәңгілікке бейнелейді. Мен одан әлсіздікті де, сүйіспеншілікті де, жоғалтуды да, жер аударуды да, өлімді де, ең бастысы, өмір сүруге деген ұмтылысты да көремін. Мұның бәрі бір суретте көрінеді. Егер сіз фотосуретке ұзақ қарап отырсаңыз, ұшу мен үмітті бейнелейтін қанаттарды көре аласыз", - дейді қазылар алқасының мүшесі Кевин Ли.

World Press Photo – 1955 жылдан бастап өзіндік тарихы бар фотографтардың ең беделді халықаралық байқауы. Оның мақсаты – фотожурналистика мен фотоқұжаттың ең жоғары стандарттарын дамыту.

Биылғы жылы қазылар алқасының мүшелері әлемнің 4,3 мың фотографы түсірген 74,5 мың фотосуретке шолу жасады. Әр түрлі номинациялардағы жеңімпаздардың арасында 28 елден 45 фотограф болды. Олардың фотосуреттері Амстердамда 17 сәуірде ашылатын және кейінірек әлемнің 100-ден астам қаласында өтетін World Press Photo көрмесіне қойылады.

Т. Раушанұлы