Гарри мен Меганның жаңа қонысы құнды картиналармен толығады

Гарри мен Меганның жаңа қонысы құнды картиналармен толығады
Фото: vk.com

Тұңғыш сәбилерінің дүниеге келуін күтіп жүрген Гарри ханзада мен оның жары, бұрынғы Голливуд актрисасы Меган Маркл жуырда патшалар сарайынан көшеді екен. Нақтырақ айтсақ,  жас жұбайлар  наурыз айында Виндзорға жақын жерде орналасқан Фрогмор коттеджінде тұрақтауды жоспарлап отыр.

Елизавета II немересі мен келінінің жаңа қонысына құнды өнер туындыларын сыйға тартуды жөн санапты. Ол герцог пен герцогиняға тізім жіберіп, солардың ішінен көңілдеріне жаққанын алуға рұқсат еткен.

Таңдаудың оңайға түспесі анық. Себебі, корольдік өнер туындылары коллекциясы — әлемдегі аса ірі жеке топтамалардың бірі. Британия монархтары миллионнан астам құнды картиналар мен өзге де бұйымдарды сатып алған. Топтамада Рембрандттың 6 картинасы, Каналеттоның 50-ден астам жұмысы, Леонардо да Винчидің 600-ге жуық суреті, Рубенстің 13 туындысы мен Микеланджелоның 20 картинасы бар. Классикамен қоса, топтама Энди Уорхол мен Аниш Капур суреттерімен толыққан. Меган мен Гарри де өнер туындыларына бейжай қарамайды. Ханзада ғашығына сыйға берген дүниелер қатарында британиялық Ван Доннаның "Әркім де біреуді сүйсем дейді" (Everybody Needs Somebody to Love) аталатын картинасы бар.  

Естеріңізге сала кетейік, ханзада Гарри мен актриса Меган Маркл үйленетіндерін 2017 жылы католиктік рождество алдында, яғни, желтоқсан айының аяғында ресми түрде хабарлады. Бұл ақпарат Ұлыбритания патшалық отбасының твиттер желісіндегі парақшасында пайда болды. Әлемді дүрліктірген той 2018 жылдың көктемінде өтті. Патшалық баспасөз қызметі жастардың тойға дейін Кенсингтон сарайында тұратынын хабарлаған болатын. Екі жастың бас қосуына қыздың анасы мен ханзаданың әжесі II Елизавета келісімдерін берген.

Қарапайым жанұядан шыққан қыздың корольдік отбасының мүшесіне айналып, ақсүйек атануы әлі күнге дейін елді шулатып келеді. Сондықтан да жас жұбайлар өмірі көпшілік назарынан түспейді. Оларға қатысты кез келген жаңалыққа бар әлем елең етіп отырады.

А. Оралқызы