- Негізгі бет
- Сурет
- Клод Моне бұйымдары...
Клод Моне бұйымдары бәссаудаға салынады
Christie’s бәссауда үйі атақты қылқалам шебері Клод Моненің жеке заттары мен бұрынсоңды белгісіз болған туындыларын сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Гонконгта 26 қараша күні орын алатын бәссауда лоттарының құны $500 мен $3 миллион аралығында болады.
Клод Моненің есімі Christie’s каталогына тансық емес. Мысалы, 2016 жылы дәл осы бәссауда үйінде ең атақты импрессионистің картиналарының құны бойынша рекорд орнатты. Моненің «Бір мая шөп» туындысы $81,4 миллионға өткен. Christie’s бәссауданы «Құрметті месье Моне» деп атады. Онда өнерсүйер қауымға арнап шығарылғалы отырған бұйымдар Клод Моненің ұлы Мишельдің үйінде сақталған. Мишель өмірден өтерде, яғни, 1966 жылы әкесінің жеке заттары мен картиналарын Мармоттан-Моне мұражайы мен Франция көркем өнер Академиясына өткізген. Christie’s лоттарының кейбірі осы күнге дейін Мишель Моненің қызы Роланда Вернеженің үйінде тұрған. Роланда өмірден өткен соң отбасы мүшелері барлық заттарды сауда үйіне өткізген. «Бұл коллекция Монені суретші ретінде ғана емес, сондай-ақ, өнер туындыларын жинақтаушы ретінде де тануға мүмкіндік береді. Оның өзіндік стилінің қалыптасуын зерттеп, новаторлық идеядарға қалай келгенін түсінуге көмектеседі», - деді Christie’s ұйымының импрессионизм мен заманауи өнер бөлімінің басшысы Адриан Мейер.
Лоттар құнының $500 мен $3 миллион аралығында болуы шынымен ерекше жағдай. Мысалы, Клод Моненің жеке қорында болған Кацусика Хокусайдың екі гравюрасының бағасы $1,5-2 мыңнан басталады. Дәл осы құнға суретшінің өзі киген көзілдірік пен Моненің «Ветёдегі суретші бағы» деген картинасындағы гүл құтысын алуға болады.
Ал, ең қымбат картина ретінде «Живернидегі үш ағаш» туындысы бағаланып отыр. Оның құны – $2-3 миллион.
А. Оралқызы