- Негізгі бет
- Сурет
- Ерболат Төлепбай: Сурет...
Ерболат Төлепбай: Сурет салып, бір күнде атақты болуды армандайтын жастарға жол жабық
Бүгін белгілі қылқалам шебері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерболат Төлепбайдың туған күні. Тек қазаққа ғана емес, әлем жұртшылығына танымал суретші 61 жасқа толып отыр.
Ерболат Төлепбай осыдан үш жыл бұрын "Ұлан" газетіне берген сұхбатында суретшілік өнерге қалай келгені туралы сыр шерткен еді. Массагет порталының оқырмандары үшін суретшінің әдемі естелігін ұсынуды жөн көрдік.
Жақсы сурет жанпидадан туады
Бала кезімде құрылысшы болуды армандаған едім. Мұның өзіндік себебі де болды. Біздің ауылға ұшақпен шет елдің адамдары келді. Олардың неге келгенін білмедім. Бір білетінім, қол сөмкелерінен түрлі-түсті газет-журналдар қалып кетті. Мен әлгі журналдан аспанға тірелген ғимараттарды көрдім. Қатты қызыққаным соншалық, ауылға осындай ғимараттар салатын құрылысшы немесе сәулетші болуды қатты армандадым. Ағам Тоқболат сурет салатын. Ағама еліктеп, мен де қылқалам ұстадым. Сөйтіп жүріп суретке деген сүйіспеншілік оянды. Ағам суретті таңдауға себепші болды. Жол көрсетті. Меніңше, суретші сурет өнерін таңдай алмайды. Өйткені, ол – Алланың берген сыйы. Нағыз қылқалам шебері болу үшін суретші болып өмірге келуі керек. Негізі суретшілер екі түрге бөлінеді. Бір суретшілер тапсырмамен жұмыс істейді. Яғни, олар басшыларға, беделді адамдарға ұнағысы келеді. Қара басының қамы үшін ештеңеден тайынбайды. Екінші суретшілер өнерге жаңалық әкелсем, халқының даңқын өсірсем деп еңбектенеді. Міне, мен суретші болуды армандаған жастарға осы жолды таңдаңдар деген болар едім. Әрбір шынайы, адал жасалған іс өнімді, өтімді келеді. Суретке қарап, оның қандай ойы болғанын білуге болады. Мәселен, менің «Сырнайшы» деген суретім бар. Бұл сурет бала кезімде бірге өскен Түймебай деген замандасыма арналған еді. Түймебайдың құлағы естімейтін. Ол іштегі қайғысын, айтар ойын сырнай арқылы жеткізетін. Түймебайдың кемістігін пайдаланып, жұмсайтынбыз. Кейін ер жеткенде, мұның дұрыс еместігін түсіндік. Сөйтіп, Түймебайдың бала кездегі бейкүнә бейнесін салдым. Бір жолы АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонның інісі Роджер Алматыға келіп, әлгі суретті алып кетті. Қазір бұрынғы президенттің вилласының төрінде ілулі тұр. Бұл суретті басқаша салуға болар еді. Мысалы, Түймебайдың бір топ баланы ортаға алып, сырнай тартып отырғанын… Бірақ өнерге тек шынайылық жарасады. Менің айтпағым, жақсы сурет жанпидадан туады.
Қазақ халқы үшін сурет өнері – көне әрі жаңа өнер. Сурет арқылы тарихта қалу өте қиын. Өйткені, суретті халыққа таныту оңай емес. Мысалы, бір әртіс бір кинодағы рөлі арқылы жарқ етіп, ел есінде қалуы мүмкін. Ал суретшілер үшін мұндай дәрежеге жетуге ұзақ уақыт керек. Себебі, суретші салған суретті бір ауылдың адамдары көруі мүмкін. Ал бүкіл ел көруі үшін уақыт керек. Сондықтан сурет салып, бір күнде атақты болуды армандайтын жастарға жол жабық. Сурет өнері – өте ауыр. Болашақта суретші болуды армандайтын балаларға айтарым, шыдамды, еңбексүйгіш болсаң ғана өнердің шыңына шығасың.
Н. Айдархан