SAFF: "Мұқағали" фильмі халықаралық кинофестивальде Гран-при алды

SAFF: "Мұқағали" фильмі халықаралық кинофестивальде Гран-при алды

Режиссер Болат Қалымбетовтің "Мұқағали" көркем фильмі SАFF кинофестивалінде Гран-при жүлдесін жеңіп алды.

Сент-Эндрюс кинофестивалі (SАFF) - халықаралық кинофестиваль және шотландиялық қайырымдылық ұйымы.  

Белгілі қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған "Мұқағали" картинасы оның өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген. 

Қазақстандық прокатқа фильм 2021 жылдың 21 қазанында шыққан болатын. Фильмнің әлемдік премьерасы 25-ші (PÖFF) Таллин кинофестивалі аясында өтті, онда қазақстандық картина экуменикалық қазылар алқасының жүлдесіне ие болды. 

Кинотуындының сценарийін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыров жазған. Режиссер бұл фильмге 13 жылдан аса дайындалғанын айтады.

 

"Мұқағали – қазақтың мақтанышы. Ол поэзияны тағы бір шыңға көтерген ақын. Оның тағдыры да оңай болған жоқ. Талай сынақтарға төтеп берді, Сынбады, тізе бүкпеді. Оның жырларымен бала кезімнен таныспын. Кейде қиналғанда ақын жырларын қайталап оқимын. Бұл маған көмектеседі. 13 жылдан аса дайындалдым. Соңында фильм түсіру керек деп шештім. Осы уақыт аралығында ақын туралы мәліметтер жинадым, көзін көрген адамдармен кездестім", - деді картинаның режиссері Болат Қалымбетов.


Фильм оқиғалары өткен ғасырдың 60-70 жылдарын суреттейді. Сондықтан Ермек Өтегенов бастаған суретшілер тобының еңбегі зор. Олар сол уақыттың бейнесін жинап, тұрмысын, инфрақұрылымын дәл көрсеткен. Фильмнің қоюшы операторы Едіге Нүсіпбеков.

2019 жылы "Мұқағали" фильмінің түсірілімі басталғаны туралы хабарланған болатын. Режиссер киноға қажетті Алматының сол кездегі қалпын табу оңайға соқпағанын айтады. Түсірілім тобы бүкіл Қазақстанды аралап, ақыр соңында Ескі Алматыны бейнелейтін, көшелер мен үйлері жақсы сақталған Өскемен қаласына тоқтаған. Одан бөлек түсірілім Алматы, Петербор қаласы мен Алматы облысында өткен.

Жалпы, "Мұқағали" фильмі бір жыл ішінде 10 халықаралық марапатқа ие болды. Сондықтан режиссер Болат Қалымбетовты, фильмді жасауға атсалысқандардың барлығын құттықтаймыз және, әрине, барша қазақты осы жеңісімен құттықтаймыз.

А. Оралқызы