- Негізгі бет
- Кино
- Үздік анимелер топтамасы...
Үздік анимелер топтамасы
Кейінгі жылдары аниме қарайтындардың саны күрт артты. Бірнеше жыл бұрын аниме қарайтындарды "біртүрлі" адамдар қатарына қосатын болса, енді олармен жарыса көріп, арнайы марафон ұйымдастыратындар да жоқ емес. Анимені неден бастасам болады деп ойланып жүрген оқырмандарымызға қызықты топтама жинақтап қойдық. Оның арасынан Ghibli студиясының классикасын, қызықты ертегілер, сапалы драмалар, фантастика және соғыс туралы фильмдерді де таба аласыз.
"Ариэтти из страны лилипутов" / "Ариэтти ергежейлілер елінен"
(2010)
"Ариэтти ергежейлілер елінен" — Хиромаса Ёнэбаясидің алғашқы режиссерлік жұмысы. Ол оған дейін "Елес ерткен" сынды анимелердің маңызды кадрларын салуға атсалысқан аниматор болған. Оның алғашқы жұмысы халықтың көңілінен бірден шығып, Миядзаки классикаларымен бір деңгейде аталып жүр.
Аниме адамдармен көрші тұрып, жасырын өмір сүріп жатқан ергежейлілердің өмірі жайында. Олар кейде тұрмыста пайдалану үшін адамдардың заттарын ұрлайды. Сонымен қатар, ергежейлілер адамдар көзіне түспеуі тиіс. Дегенмен Ариэтти есімді қыз бұл тыйымды бұзып, өзінен бірнеше есе үлкен адаммен танысады.
"Ариэтти" — мұңды әрі жайлы ертегі. Әсіресі француз әнші әрі композиторы Сесиль Корбельдің туындысы ертегіге одан сайын сән береді.
"Со склонов Кокурико" / "Кокурико баурайынан"
(2011)
Горо мен Хаяо Миядзакидің (ұлы режиссёр ретінде, ал әкесі сценарист ретінде жұмыстанды) анимесі өткен ғасырдың ортасында өмір сүрген жапон жастарының өмірін баяндайды.
Оқиға 1963 жылы Йокогама қаласында болады. Бас кейіпкер Уми — өте белсенді жастардың бірі: үйде шаруашылыққа көмектессе, мектепте белсенділермен бірге бұзылғалы тұрған үйлерді құтқару операцияларына атсалысады. Жасына сәйкес, алғашқы махаббаты да басынан кешіреді.
Фильмнен сағыныш лебін байқауға болады. Жастардың болашаққа сенімі ерекше толғандырады. Қарапайым оқиға желісі мен көбіне беймәлім дәуірді суреттесе де, аниме көптеген көрермен жүрегінен сиқырлы әлемсіз-ақ орын тапқан болатын.
"Письмо для Момо" / "Момоға арналған хат"
(2011)
Әкесінің қазасынан кейін, Токиодан ауылды аймаққа көшкен бойжеткен өзінен басқа ешкім көрмейтін перілермен достасып алады. Бұл жерде Миядзакидің жұмыстарымен салыстырғанда сұлулық пен сиқыр азырақ, соған қарамастан бір жылуды сезуге болады. Фильм режиссёр Хироюки Окиура өзінің бір сөзінде жанға жылулық беріп, көңіл-күйді көтеретін туынды жасағысы келгенін, фильм аяқталысымен адам шабытанатын болу керек деген болатын. Автор өзінің балалық шақтағы естеліктерінен шабыт алғанын жасырған емес.
"Волчьи дети Амэ и Юки" / "Бөрі балалары Амэ мен Юки"
(2012)
Мамору Хосоданың фильмінде фантастика элементтері болса да, бірінші орынға өмірде болып жатқан басты мәселелерді қойған. Аналық махаббат пен жалғызбасты ананың қиындықтары, қоғам талаптарына сай өмір сүру, таңдау жасаудың маңызы мен өзін-өзі тануға баса назар аударған.
Фильм сюжеті бойынша студент бойжеткен Хана қасқырға айнала алатын жас бозбаламен кездеседі. Оны өзінің сүйіктісінің өзгелерге ұқсамайтыны алаңдатпайды. Олардың балалары өмірге келеді, екеуі де әкесінің қабілеттеріне ие болады. Амэ мен Юкидің толыққанды адам болмауы тәрбиеде біраз қиындықтар тудырады. Оларды дәрігер де көрсете алмайтын. Бәрінен қиыны әкелері кенет қаза тапқанда басталады.
Фильмнен адамдардың бір-біріне қатты ұқсап тұрып, соншалықты айырмашылыққа ие бола алатынын байқауға болады. Юки өте белсенді болып бой жетеді. Соған қарамастан ол үшін қоғамның оны қабылдауы өте маңызды болып қалады. Ал, үнсіз әрі тұйық Амэ болса тәуелсіз адам болудан жасқанады. Жыл сайын олардың қасиеттері мен мінездері де өзгере бастайды. Олардың "бөрілік" табиғаты адами құндылықтары мен қасиеттерін аша түсуге көмегін тигізеді.
"Воспоминания о Марни" / "Марни турады естелік"
(2014)
Бас кейіпкер — тұйық, өзінің өгей әке-шешесімен өмір сүріп жатқан 12-жасар Анна есімді қыз. Оның не достары жоқ, адамдармен тіл табыса алмайды, денсаулығы да мәз емес. Аннаның көңілін аулайтын бір ғана іс бар. Ол сурет салғанды ерекше жақсы көреді.
Бір жазда қыздың өмірі түгелдей өзгеріп шыға келеді. Оны Хоккайдоға туыстыраына жібереді. Ол жұмбақ Марни есімді кейпкермен танысады. Ол алғаш рет оны түсінетін, сол күйі қабылдайтын біреуді кездестіреді. Бірақ оның ойынан шынымен арманым орындалды ма деген күмәнді ой кетпей қояды.
Фильм адамның арманы орындалатыны және отбасының адам өміріндегі маңызы жайында.
"Ученик чудовища" / "Құбыжықтың шәкірті"
(2015)
Тізімге енген Мамору Хосоданың тағы бір туындысы. Адамдар өмірінен бөлек параллель әлем бар. Бұл жерде құбыжықтар тату-тәтті өмір сүреді. Құбыжықтардың бірі Медвежут (Куматэцу) өзіне шәкірт іздейді. Оның жанына ешкім жақындағысы келмейді. Құбыжықтар әлеміндегі балалардың барлығы күшті әрі данышпан Свиногордың шәкірті болуға асық. Сондықтан Медвежут адамдар әлемінде өмір сүретін балақай Ренді өзінің шәкірті етіп алады. Екеуі ұқсайды: қырсық, ашушаң, ұрысып, төбелесіп жүріп тек ұстаз бен шәкірт ретінде ғана емес, әке мен бала сияқты жақын болып кеткендерін аңғармайды.
Фильмде жанның қараңғылығы да сөз етіледі. Барлық адамның жанында оның қараңғы көлеңкесі жүретіні, ол тек адамның шешімімен ғана сыртқа шығатынын көрсетеді.
"В этом уголке мира" / "Әлемнің осы бұрышында"
(2016)
Әлемнің осы бұрышында — әрбір адам көруі тіис Екінші Дүниежүзілік соғыс туралы аниме. Аниме фильмде сол уақыттың барлық мәселесі көтеріледі: шегі жоқ жарылыстар, жақын жандардың өлімі, ашаршылық. Одан бөлек бейбіт әлемнің өміір де көрсетіледі. Әсіресе 30-40-жылдардығы жапондардың тұрмыс тіршілігімен таныса аласыз.
Оқиға Судзу есімді бойжеткеннің айналасында өрбиді. Арманы көп мектеп оқушысынан бар шаруашылықты қолына алған әйелге айналады. Ата-анасы таңдаған адамға тұрмысқа шыққан Судзу туған қаласы Хиросимадан Куреге қоныс аударады.
Анимеда адамдардың қарым-қатынасы, оның маңызы көрсетілген. Судзу жаңа отбасыға сіңуге, жарының тілін табуға тырысады. Өзінің тағдырын таңдауға мүмкіндігі болмағанына қарамастан, шағым айтпастан, бұл жағдайда бақытты болып қалу үшін бәрін істейді.
Т. Есқали