"Жан" ("Soul") мультфильмінен не үйренуге болады?

"Жан" ("Soul") мультфильмінен не үйренуге болады?
Фото: "Жан"фильмі

21 қаңтардан бастап Қазақстандағы барлық кинотеатрда Pixar студиясының жаңа туындысы – "Жан" фильмі шығады. Егер анимациялық фильмдерді сүйіп көретін болсаңыз, онда бұл фильмді міндетті түрде тізіміңізге қосып қойыңыз. Өйткені, уақытыңызды осы фильмге арнағаныңызға ешқашан өкінбейсіз. 

Pixar – батыс анимация әлемінде бірнеше онжылдық қатарынан ерекше сюжетті фильмдерімен ересектің де, баланың да көңілінен шығып жүрген студия. "Жан" атты фильмді шығаруға "Жұмбақ" (Головоломка) фильмінің режиссері әрі авторы Пит Доктер мен дебютант Кемп Пауэрс көп еңбек сіңірді. Бұл жолы олар адамның табиғатын көрсетудің ерекше жолын тапқандай. 

"Жан" фильмі мектеп оркестрінде сабақ берсе де, джаз бағытында мансап жолын қалыптастыру арманынан бас тарта қоймаған жан – Джоның өмірін көрсетеді. Бір күні ол атақты саксофоншы Доротеи Уильямспен бір сахнада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады. Қатты қуанған Джо жүгіріп бара жатып, аузы ашық тұрған канализация құдығына құлап кетеді. Есін жиған ол о дүниеге апарар жолда тұрғанын түсінеді. Бұған сене қоймаған Джо қашып жүріп, адамды жердегі тәнге жібермес бұрын тұлға ретінде қалыптастыратын аймаққа тап болады. Өмірге қайта оралып, өз арманын орындау үшін Джо 22 Жанның тәлімгері болады. Ол сол сәтті пайдаланып, жерге оралу үшін бәрін жасайды. 

Осы уақытқа дейін "Жұмбақ" фильмін көрген болсаңыз, онда адамның эмоциялары сөз етіледі. Яғни адамның мінез-құлқының бәрі эмоциялар басқаратын орталықпен тығыз байланысты екенін ұғуға болады. Стилі ұқсас "Жан" фильмі "Жұмбақ" фильмінің приквелі секілді әсер қалдырады. Сол мультфильмнің сценариін жазғандар адамның талпынысын, арман мен мақсатқа деген құлшынысын зерттеген. Одан бөлек, оған қол жеткізуге адамның туыстары, жақындары мен тәлімгерлерінің қосатын үлесін де көрсетеді. Авторлар адам әдетте қателесіп шешім қабылдап, бір ғана ойдың артынан қуып, айналасындағы қызықты байқамастан өмір мәнін түсінбеуді сипаттайды.

Фильмді жасаған авторлар тұлға болып қалыптасу, өзін және өмірге құштарлық сыйлайтын нәрсені іздеу тақырыптарына аса мән берген. Оның бәрін бір кездері тәлімгері Махатма Ганди, Авраам Линкольн, Тереза, Николай Коперник пен Мұхаммед Али атақты әрі беделді тұлғалар болған 22 Жанның мысалы арқылы көрсетеді. Джо есімді қарапайым адамның жанымен бетпе-бет келген 22 Жан өзіне тың жолмен жүріп қана қоймай, тәлімгеріне өз өміріне басқаша қарауға мүмкіндік береді. 

Талқылауға қиын, ауыр тақырыптар "Жан" фильмінде әдемі жеткізілді. Жасына қарамастан, кез келген көрермен өзіне керекті ойды түйетіні анық. Фильмде жеңіл, көңіл-күйді көтеретін көріністер де бар, мәні терең диалогтар арқылы еріксіз ойландырып қоятын сәттер де жеткілікті. Мысалы, шығармашылық шабыттан алған рахат сезім кезіндегі адамның жан дүниесі мен адасқан жандардың бір кеңістікте кездесетінін көруге болады. Олардың арасын небәрі көрінер-көрінбес шекара ғана бөліп тұр. Шабыттың өзі есірткі тәрізді. Егер рахат сезімге қанағат қылмай, уақытында "жерге қайта оралмаса", адамның есінен адасуы әп сәтте екенін бұлай көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейді.  

Маңызды, ауыр әрі әрқашан өзекті болып қалатын тақырыпқа негізделген оқиғалар тізбегі комедия мен драма жанры арасындағы үйлесімді сақтай отырып бейнеленеді. Сценарий жазушылары оқиғаға салмақ беріп, ойлануға, айналаға назар аударуға шақырса, белгілі бір уақытта комедиялық эпизодтар арқылы ауыр мұңнан арылтып алады.

Сюжетінен бөлек, анимацияға да мән беруді ұмытпаған жөн. Авторлар тірілер өмірін көрсеткенде суретті шынайы, әрбір деталіне мән бере отырып көрсетсе, адамның мінезі мен болмысы қалыптасатын өзге әлем кеңістігін көрсету үшін абстракты анимацияны пайдаланған. 

Фильмдегі бас кейіпкердің музыкант екенін де естен шығармаңыз. Өйткені, фильм жүректен орын алуы үшін анимация, суреттеу шеберлігі және сюжет секілді музыка да маңызды рөл атқарады. "Әлеуметтік желі" фильмінің композиторлары Трент Резнор мен Аттикус Росс еңбектері үшін "Оскар" алған болатын. Бұл жолы олар атақты әрі талантты джаз музыканты Джон Батистпен біріге отырып, ерекше саундтректер жасайды. Бас кейіпкер Джо пианинода ойнайтын көріністе Джон Батисттың орындауындағы музыка қолданылған.

Pixar студиясының жаңа туындысы батыс анимация тарихындағы ең тапқыр әрі мағыналы отбасылық мультфильмдер тізімінде көш бастайтыны сөзсіз.

Фильмді көргеннен кейін алған әсеріңізді және көруге тұрарлық себептерін бөлісуді ұмытпаңыз.

Т. Есқали