Топ-10: 2020 жылдың үздік дорамалары

Топ-10: 2020 жылдың үздік дорамалары
Фото: softbox.tv

Биыл әртүрлі жанрда дорамалар жарық көрді. Бірі көп күттіріп, көрермен үмітін ақтай алмаса, енді бірі кенет шықты да рейтингтерде топ жарды. Кей дорамалар біршама актерді жаңа қырынан тануға себепкер болды. Назарыңызға жылдың үздігі деп танылған дорамалар топтамасын ұсынамыз.

Патша: Мәңгілік монарх / Король: Вечный монарх 
Жанры: мелодрама, фэнтези
Басты рөлдерде: Ли Мин Хо, Ким Го Ын, У До Хван, Ким Ген Нам

Әйгілі "Жігіттің сабаздарынан" кейін танымал болған Ли Мин Хо эфирге жаңа рөлімен оралады. Сериал сюжеті бойынша параллель әлемде өмір сүретін корей патшасы Ли Гон қара күштер арқылы ашылған екі әлем арасындағы порталды жаппақшы. Бірақ өзге әлемде ол полиция қызметкері Чоң Тэ Ильмен танысып, оған ессіз ғашық болады. Енді ол әлемді құтқарып қоймай,  ғашығымен байланысты сақтап қалуы керек.

Қосымша / Факультатив
Жанры:
драма, криминал, триллер
Басты рөлдерде: Ким До Хи, Пак Чу Хен, Чон Да Бин,Нам Юн Су

Жоғары сынып оқушысы Чи Су ата-анасынан ерте айырылады. Оның болашағын қамтамасыз ететін адам болмаған соң, ол ерте еңбек ете бастайды. Бірақ оның тапқаны күнделікті шығынынан артылмайды. Жоғары оқу орнына ақша жинау үшін ол бұрыс жолмен табыс табуға бел буады. Чи Судың мақсаты 90 миллион вон жинау. Ол мобильді қосымша арқылы жеңіл жүрісті қыздарды қорғау қызметін ұйымдастыру арқылы 60 миллион жинап үлгереді. Бәрі ол ойлағандай жалғаса берер ме еді, бірақ оның бұл құпиясын сыныптасы біліп қояды.

Кумихо / История девятихвостого лиса
Жанры: мелодрама, фэнтези
Басты рөлдерде: Ли Дон Ук, Чо Бо А, Ким Бом, Ким Ен Джи

Ли Ён – адам кейіпіндегі тылсым кейіпкер. Ол адамдар арасындағы қорқыныш, жауыздық немесе арам пиғылды туғызатын өзге қара күштермен күрес жүргізе отырып, өзінің бірнеше жүздеген жыл бұрын қаза тапқан алғашқы махаббатын қайта жолықтыратын сәтті күтіп жүр.  Ал оның інісі Ли Ран адамдарды аса жақтыра қоймайды. Ағалы-інілілердің арасындағы түсініспеушіліктің куәгері шоу продюсері Нам Чжи А болмақ. 

Апатты жағдайдағы махаббат / Любовное приземление
Жанры:
мелодрама
Басты рөлдерде: Хен Бин, Сон Е Джин, Со Джи Хе, Ким Джон Хен

Оңтүстік Кореядағы атақты миллионердің мұрагері парапланеризммен айналысып жүргенде қатты дауыл астында қалады. Кейін бойжеткен Солтүстік Корея аймағында оянады. Оны әскери адам құтқарып алады. Басында оны тыңшы деп ойлағанымен, кейін бойжеткеннің жай ғана апат құрбаны екенін ұғады. Біраз уақыттан соң, екеуінің арасында сезім оты лаулайды. Бірге болу мүмкін емесін түсінсе де, жүрекке әмір жүрмейді. Енді жігіттің басты міндеті – сүйген аруын аман-есен еліне жеткізу.

Ерлі-зайыптылар әлемі / Мир женатой пары
Жанры:
драма
Басты рөлдерде: Ким Хи Э,Пак Хэ Джун, Пак Сон Ен, Ким Ён Мин

"Ерлі-зайыптылар әлемі" дорамасы отбасылық мәселелер мен қиындықтарды қозғайды. Бас кейіпкер Чжи Сон дәрігер ретінде жұмыс істейді, одан бөлек барлық уақытын жары мен ұлына арнайды. Чжи Сон ешқашан жарының адалдығына күмән келтірген емес. Бірақ уақыт өте шын сүйген адамының опасыздығын дәлелдейтін деректер шыға бастайды. Бұның бәріне сене қоймаған Чжи Сон жарының ізіне түседі. Уайым мен қорқыныштан бақытты отбасының берекесі қашады. Бұл дорама арқылы отбасылық қарым-қатынастың шыны секілді тым нәзік екенін ұғуға болады. Оған түскен бір сызат оның толықтай шытынап кетуіне себеп болуы әбден мүмкін.

Біртүрлі болудың өзі қалыпты / Псих, но всё в порядке
Жанры:
драма, мелодрама, фантастика
Басты рөлдерде: Ким Су Хён, Со Е Джи, Пак Кю Ен, О Джон Сэ

Мун Кан Тэ психикалық ауытқуы бар адамдарға арналған орталық қызмет атқарады. Одан бөлек, Кан Тэ өзінің науқас ағасы Сан Тэге көмектеседі. Бір күні ол танымал балалар жазушысы Го Му Енмен танысады. Біраз жыл бойы жазушы психикалық дертпен күресіп жүргенін оның іс-қимылына қарап бірден аңғаруға болады. Тағдыры қиындыққа толы Кан Тэ мойындағысы келмесе де, жазушыға ғашық болады. Енді ол тек ағасына ғана емес, жылулық сезінбей өскен Му Енға да көмек қолын созуы керек.

Итэвон класс / Итхэвон класс
Жанры:
драма
Басты рөлдерде: Пак Со Джун, Ким Да Ми, Квон На Ра, Ю Джэ Мен

Жаңа мектепке ауысып келген Пак Сэ Рой алғашқы күннен-ақ басы бәлеге қалады. Өйткені ол мектептегі бұзақы Чжан Гын Вонға қарсы шығып, әлсіздерді қорғап қалуды дұрыс санайды. Дегенмен Гын Вон оның әкесі қызмет ететін мейрамхана желісінің иесі екені белгілі болады. Енді мейрамхана басшысы Се Ройға ұлының алдында аяғына жығылып кешірім сұрауды талап етеді. Бірақ, бас кейіпкер төбелесті бастамағанын, тек дөрекілікке сәйкесінше жауап қатқанын алға тартып кешірім сұраудан бас тартады. Соңында бас кейіпкерді мектептен шығарса, оның әкесін жұмыстан босатады. Бұл тек қиындықтандың басы ғана еді. 

Табиғи сұлулық / Истинная красота
Жанры:
мелодрама, комедия
Басты рөлдерде: Мун Га Ен, Чха Ын У, Хван Ин Еп, Пак Ю На

Сұлулықты бірінші орынға қоятын қоғамда ұсқынсыз болу өз қатарластарының мазағы болу дегенді білдіреді. Жоғары сынып оқушысы Лим Чжу Ген де сұлу бойжеткендердің қатарына жатпайды. Сондықтан біраз уақыт бойы сыныптастарының келемежіне төзуге мәжбүр болады. Тек отбасы жаңа ауданға ауысып, мектеп ауыстырған кезде ғана өзін толықтай бояу көмегімен өзгерте алады. Жаңа мектеп. Жаңа өмір. Осылайша бойжеткеннің бақытты кезеңі басталады. Тек өткен өмірінің қорқынышты естеліктері артынан қалар емес.

Пентхаус 
Жанры:
драма
Басты рөлдерде: Ю Джин, Ким Со Ен, Ли Джи А, Ом Ги Джун

Қанша мойындағымыз келмесе де, әлеуметтік жағдайға қарай бөліну – кез келген мәдениеттің ажырамас бөлшегі. Бұл дорамадағы оқиға үлкен пентхауста өмір сүріп жатқан бай адамдардың айналасында өрбиді. Ақша мен билік бар жерде арамдық пен бәсеке, жанжал мен опасыздық қатар жүретінін еске салатын дорама.

Стартап 
Жанры:
мелодрама
Басты рөлдерде: Пэ Су Джи, Нам Джу Хёк, Ким Сон Хо, Кан Хан На

Оңтүстік Корея технологиялық прогресс бойынша әлемде көш бастап тұрған мемлекеттер қатарына кіреді. Бас кейіпкер Со Даль Ми өзінің бизнесін ашу үшін оқуын тастап кетеді. Мақсатына жету жолында ол Нам До Сан және Хан Чжи Пен есімді өзі қатарлы жастармен танысады. Қаражаттың жоғына қарамастан, олар ортаға өз пайдасын тигізетін қосымша ойлап табу үшін жұмыс істей бастады. Жобалары заманауи ақпараттық технологиялар аясында іске асады.

Т. Есқали