Nomad Stunts – Голливуд, Болливудтегі әйгілі киностудиялармен жемісті жұмыс істеп жүрген қазақ каскадерлер тобы. "Томирис" фильміндегі қойылымы үшін Nomad Stunts әлем каскадерлары академиясының Taurus сыйлығын алды. Бұл – каскадерлік "Оскар" деп аталатын ең беделді сыйлық. Біздің елдің тарихында тұңғыш рет "Шетелдік фильмдегі трюк" номинациясы бойынша отандық фильм үздік деп танылды. Биыл Taurus сыйлығына "Томириспен" қатар "Спасти Ленинград" (Ресей), "Захар Беркут" (Украина), "Касабланка" (Мысыр), "Римнің бірінші королі" (Италия) фильмдері жүлдеден үмітті болды.
Осы орайда 20 жылдық тарихы бар каскадерлер тобының негізін қалаған каскадер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожинов Жұлдыз ФМ радиосының "Таңғы шоуында" қонақта болып, тыңдармандардың сұрақтарына жауап берді.
Жайдарбек Күнғожинов бұл сыйлықты күткенін, бірақ жеңіп алуға қатты сенімді болмағанын айтады.
"Taurus сыйлығы үздік каскадерлік қойылымдар үшін беріледі. Оған әлемдегі беделді киностудияларда түсірілген сапалы фильмдер қатысады. Бұл сыйлықты алуға 20-30 жылдық тәжірибесі бар профессионал каскадерлер бақ сынайды. Соңында 80 фильмнен 5 үздік туынды таңдап алынады. Біз сол екінші не үшінші болып қалармыз деп ойлағанбыз", - дейді Жайдарбек Күнғожинов.
"Томирис" фильміндегі трюктер басқа фильмдерге қарағанда көп уақыт жұмсалған. Әлем каскадерлар академиясының Taurus сыйлығындағы қазылар алқасы бақ сынаған картиналардағы экшнның сапасына, компьпютерлік арнайы эфектілер қаншалықты қосылғанына, трюктердің шеберлігіне мән береді. Осыларды саралағанда Nomad Stunts каскадерлер тобының трюктері 80 фильмнің ішінде үздік шыққан.
Nomad Stunts каскадерлер тобы 2017 жылы да Ресейлік "Викинг" фильмі арқылы Taurus сыйлығына ұсынылып, үздік 5 фильм қатарына өткен болатын. Жайдарбек Күнғожинов бұл кезде аталмыш сыйлықты алатынына сенімді болғанын айтады. Бірақ 2017 жылы Taurus сыйлығы Nomad-қа бұйырмады.
"Мен "Викингке" 20 жылқы, 40 каскадер апардым. Қажырлы жұмыс істедік. Ол кезде Nomad-ты шетелде қазіргідей танымайтын. Қазір ғой шетелде біздің жұмысымызға сұраныс жоғары. Шыны керек, алғашқы ұсынылған кезде сенімді болдым. Лос-Анджелеске бардым. Бірақ соңында 6 жылдан бері түсіріліп келе жатқан немістің "Кобраның арнайы отряды" сериалы жеңіп алды", - дейді Nomad Stunts каскадерлер тобының жетекшісі.
Жайдарбек Күнғожинов тікелей эфир барысында Massaget.kz жастар порталының қойған сұрақтарына да жауап берді.
Massaget: Жайдарбек мырза, жүлде құтты болсын! Бір сұхбатыңызда: "Күзде Голливудтан 7 жылға созылатын ауқымды жоба үстінде ұсыныс күтіп отырмыз" деп айтқан едіңіз. Сол туралы айтса кетсеңіз. Ұсыныс түсті ме?
Жайдарбек Күнғожиев: Биыл Жаңа Зеландияда Голливуд үлкен сериал түсіруі керек болған. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты аталған жоба тоқтап тұр. Енді жоба келесі жылы жалғасады.
Massaget: Сіз Голливуд пен Болливудта үлкен жобалармен жұмыс істеп жүрсіз. Сіздің командаңызға сұраныс жоғары. Қазақстанда шетелдегідей киноның дамуы үшін, бізде не жетіспейді?
Жайдарбек Күнғожиев: Еліміздің киноиндустриясын дамытудың бір жолы – кино туралы заң қабылдау. Бұл бағыттағы жұмыстар басталғанымен, аяғына жетпей тоқтап қалды. Кино саласындағы көптеген мәселе шешілсе, шетелден әртүрлі мамандарды шақырып, сапалы кино түсірер едік. Мысалы, әйгілі киностудиялар жақсы кино түсіру үшін әлемнің мықты мамандарын бір түсірілім алаңына жинайды. Үздік компаниялар мықты каскадерлерді әлемнің әр түкпірінен алдыртады. Осы тәжірибені қолданып, біріккен жобаларды қолға алсақ, қазақ киносы дамиды. Сол кезде бізде танылмай жүрген таланттар әлемге шығатын еді. Бізде ағылшын тілімен қоса бірнеше тілді меңгерген бірнеше талантты жігіттер бар.
Massaget: Кино саласында каскадерлерге қиын, күрделі һәм қауіпті трюктер қандай?
Жайдарбек Күнғожиев: "Ат, машина және отпен жұмыс істеу, каскадерлік трюк жасау қашан да қиын, қауіпті. Мысалы, аттың түсірілім алаңында жарақат алып қалмауын қадағалау керек. Жарақат алып қалса оны басқа атқа ауыстыра алмайсың. Себебі бір атты дұрыс құлауға, адамды қағуға, оттан қорықпауға бес-алты жыл үйретесің. Сондықтан түсірілім алаңында да, басқа жерде де атты баптап ұстауың қажет.
Айта кетейік, Nomad Stunts – каскадерлер тобы 20 жылдан бері халықаралық дәрежеде жұмыс істеп келеді. Nomad Stunts Голливуд, Болливуд және Түркияның жетекші киностудияларымен тығыз байланыста. Nomad-тың каскадерлік жұмысы әлемдегі атақты фильмдер "47 Ронин", "Үздіктер" ("The Expendables 2"), "Үйге апарар жол" (Way to Way), "Мулан" фильмдерінде қолданылған.
Оқи отырыңыз: Nomad Stunts каскадерлері "Мулан" фильмінің түсіріліміне қалай қатысты?