Қазақстандық фильм Францияда прокатқа шықты

Қазақстандық фильм Францияда прокатқа шықты
Фото: zakon.kz

Режиссер Әділхан Ержановтың "Қап-қара адам" фильмі 14 қазаннан бастап Франциядағы кинотеатрларда көрсетіледі. Картина бұл елдің ірі қалаларында 60 кинотеатрда, оның ішінде Франция астанасы Парижде 9 кинотеатрда көрсетіледі.

Бұл – режиссердің француз көрермендері үшін үлкен экрандарда көрсетіліп жатқан екінші туындысы. Бұған дейін 2018 жылы "Әлемнің ерке енжарлығы" фильмі прокатқа шығып, ал 2019 жылы осы елде dvd-де жарық көрген болатын. Екі фильмді де франциялық Arizona Distribution компаниясы шығарды. Француз көрермендері Ержановтың фильмдерін ерекше жақсы көреді - режиссер Канн кинофестивалінің ресми бағдарламасына екі рет қатысты, сонымен қатар оның картиналары басқа француз фестивальдеріне де бірнеше рет қатысып, француз баспасөз құралдарынан жоғарғы бағаға ие болған.

Прокатқа шығу қарсаңында Францияның жетекші БАҚ өкілдері фильмге рецензияларын жариялады:

"Көңілді зұлымдық" - Cahier du cinema

"Қап-қара адам" - минималистік эстетикасы бар дала вестерны мен нуардың қоспасы " - Le Monde

"Зорлық-зомбылықтың жарқылдарына толы болғанымен “Қап-қара адам» сонымен бірге таңқаларлық көңіл-күйден құралған" - Premiere

"Мінсіз гиперстилизацияланған әлемдегі архетиптік кейіпкерлер" - Liberacion

"Әділхан Ержанов кинематографиялық мінсіздікке бір адым қалды" - Voir A Lire

"Қазақстандық киноның Еуропада прокатқа шығуы әрине қуанарлық жағдай. Менің ойымша, бұл бүкіл команданың және фильмге қатысқан барлық азаматтардың жетістігі. Баршаларыңызды шын жүректен құттықтаймын!" - деді Әділхан Ержанов.

Ержановтың картинасын Short Brothers (Қазақстан) және Arizona Productions (Франция) компанияларының қатысуымен Astana Film Fund (Қазақстан) компаниясы жасаған. Бас продюсерлер Ақан Сатаев пен Ернар Құрмашев.

Бұл драмалық триллер тергеуші Бекзаттың (актер Данияр Алшинов) оқиғасын баяндайды, ол істі тез арада жапқысы келеді, өйткені жергілікті полиция қызметкерлері кінәліні – зиянсыз ақымақ Пукуарды (Теоман Хосе) тауып қойған. Бірақ қаладан келген журналист Ариана (Динара Бақтыбаева) іске араласып, бұлардың жоспарын өзгертеді. Енді тергеуші өз тәжірибесінде алғаш рет барлық ережелерге сай нақты тергеу жүргізуге мәжбүр болады…

"Қап-қара адам" фильмінің әлемдік премьерасы 2019 жылдың 23 қыркүйегінде Испанияда өтті. Картина Сан Себастьяндағы 67-ші Халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілді. San Sebastian International Film Festival – "А" класындағы әлемдегі ең көне кинофестивальдердің бірі (Канн, Берлин және Венециямен бірге).

2019 жылдың қараша айында Әділхан Ержанов "Қап-қара адам" фильміндегі жұмысы үшін "Үздік режиссер" номинациясы бойынша "Asia Pacific Screen Awards -2019" (Азиялық "Оскар") сыйлығына ие болған. Ол – бұл номинацияда осы сыйлыққа ие болған алғашқы Қазақстандық режиссер. 2020 жылдың басында картина "Сыншылар таңдауы" атты қазақстандық тәуелсіз киножүлдесінде бірден 5 марапатқа ие болды: "Үздік фильм-драма", "Үздік режиссер", "Үздік ер адам рөлі", "Үздік әйел рөлі", сондай-ақ "Үздік операторлық жұмыс".

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы Almaty Film Festival фестивалі аясында "Қап-қара адам" фильмі жобалар питчингінің (жұмыс атауы "Қуандық") жеңімпазы атанған еді.

А. Рысдәулет