- Негізгі бет
- Кино
- Time тізімі: Карантинде...
Time тізімі: Карантинде көретін фильмдер
Жастардың жаппай киноға баратын шағы биыл мынадай әлемді жаулаған пандемиямен сәйкес келіп отыр. Алайда көпшілік кинотеатрсыз-ақ кез келген гаджеттен фильм көруге әуестеніп алды. Карантиндегі екі аптаның ішінде түрлі бағдарлама, интервью, концерттің басын қайырғандар үшін Time басылымы былтыр үздік деп тапқан туындылар топтамасын ұсынуды жөн көрдік.
10. "Қалта қағушылар" (Hustlers)
©James Devaney/Getty Images
Аферист қыздар туралы Hustlers ("Қалта қағушылар") фильмінің әлемдік премьерасы 9 қыркүйек күні Торонто халықаралық кинофестивалінде өтті. Басты рөлдерді Дженнифер Лопез, Констанс Ву, Джулией Стайлз, Кеке Палмер, Лили Рейнхарт, Лиззо мен Карди Би сынды жұлдыздар сомдаған картина жергілікті прокатқа 12 қыркүйектен бастап шыққан еді.
Фильм сюжеті New York Magazine басылымына шыққан журналистік зерттеу мақаласы бойынша жазылған. Джессика Пресслер есімді репортер Уолл стрит бөрілерінің қалтасын қаққан биші қыздардың қалай жұмыс істейтінін, мінез-құлқы мен осал тұстарын әшкерелеген. Бұл мақала журналистің есімін бүкіл әлемге атақты етті. Фильмнің басты кейіпкерлерінің бірі – Рамона: "Біз елді тонап байыған кәсіпкерлерді аулаймыз, бұл қылмыс емес" - дейді. Осы сөзіне ерген жас қыздардан арнайы топ құрып, құйтырқы әрекеттерін жүзеге асырады. Бұл фильм жанры криминал триллер болғанымен, драмадан комедияға дейінгінің бәрі бар.
9. "Көршімен өткен керемет күн" (A Beautiful Day in the Neighborhood)
©ew.com
Өмірде болған оқиғаға негізделген фильм сюжеті Фред Роджерс және Ллойд Фогель есімді адамдар өмірінен сыр шертеді. Фред – өте ақкөңіл адам, біраз жыл балалар бағдарламасының жүргізушісі болған және қайырымдылықпен айналысады. Ал Ллойд – түрлі беделді атақ, марапатқа қол жеткізген тәкаппар журналист. Оған басшылық Роджерстен интервью алуды тапсырады. Фредтің періште бейнесі шын мәнінде шындыққа сәйкес келмейтініне сенімді болып, оның бетпердесін ашуға дайындалып барған Ллойд күтпеген жерден көршісінің досына айналады.
8. "Менің атым Долемайт" (Dolemite Is My Name)
©screendaily.com
Оқиға 1970 жылдары Лос-Анджелес қаласында болған. Жасы келген, ісі оңға баспайтын, нағыз лузер стендапер Руди Рэй Мур шығармашылықтың түрлі бағытын байқап көреді. Бірақ жолы болмайды. Ақыры геттодағы бір музыкалық дискілер сататын дүкенге жұмысқа тұрады. Бір күні ол баспанасыз бір қаңғыбастан ерекше ритм естиді де, бірден жазып алады.
Кейін ойламаған жерден Рудидің Долемайт аталатын сахналық образы сәнге айналып, танымал болып кетеді. Альбомдары атақты болған соң, ол Долемайт туралы фильм түсіру керек деген шешімге келеді.
7. "Қайралған пышақтар" (Knives Out)
©usatoday.com
Танымал криминал шығармалардың авторы Харлан Тромби 85 жас мерейтойын атап өтіп, ертесі қазақ табады. Өз-өзіне қол жұмсағанға ұқсайды. Десе де полиция сол үйде тұратын бүкіл отбасы мүшесін сұрақтың астына алады. Жеке детектив Бенуа Блан да бұл қылмысты ашуға ниетті. Өйткені ол сол күні таңда ақша толы конверт пен Харлан өлімін зерттеу туралы өтініш алады.
Детектив күдіктенбес үшін отбасының әр мүшесі Харланды қалай жақсы көргенін айтып, онымен жақсы қатынаста болғандай көрінгісі келеді. Бірақ өмірден өткен жазушының күтушісі кімнің қандай өтірік айтып отырғанын жақсы біледі…
6. "Паразиттер" (Parasite)
©screendaily.com
Былтырғы "Оскар" марапатын табыстау рәсімі кім-кімді де таңғалдырмай қоймады. Шарада кәріс режиссері Пон Чжун Хо түсірген "Паразиттер" фильмі бірден 4 аталым бойынша үздік шығып, үлкен жетістікке қол жеткізді.
Сондай-ақ бұл – Канн кинофестивалінің негізгі аталымы бойынша жеңген алғашқы оңтүстіккореялық фильм. Бұл оқиға кәріс киносының 100 жылдығымен тұспа-тұс келді. Туынды 2019 жылы АҚШ-та ең көп касса жинаған шетелдік фильм болды.
Картина тұрмысы нашар Ким отбасының оқиғасы арқылы сатқындық, теңсіздік, әділет, адамгершілік сияқты дүниені жақсы көрсеткен.
5. "Бойжеткендер" (Little Women)
©indiewire.com
Әпкелі-сіңлілі Марчтардың есеюі туралы фильм белгілі америкалық жазушы Луиза Мэй Олкоттың романы бойынша түсірілген. Бас кейіпкерлер Азамат соғысы кезінде Массачусетс штатының Конкорд қаласында тұрған. Фильм сюжетінің көпшілік көңілінен шығу себебі – бойжеткендердің алғашқы махаббаты, үміті мен үрейі, өмірлік ұстанымдарының қалыптасуы мен ересек өмірдің басталуы көрсетілген.
4. "Неке" (Marriage Story)
©nytimes.com
Нью-Йорк театрларының бірінде режиссёр болып жұмыс істейтін Чарли мен оның жұбайы әрі сол ұжымның актрисасы Николь ажырасуға бел буған. Чарлиге отбасылық өмірде махаббат та, сыйластық та жеткілікті еді, бірақ Николь ұлын алып Лос-Анджелеске көшерінде некеде болған жылдарда өз-өзін жоғалтып алғанын айтады.
Николь жаңа өмірін тез бастап кетеді. Сериалға түсуге ұсыныс алып, ажырасу ісімен шұғылданатын танымал адвокат әйелмен келісімге отырады. Енді Чарлиге де бұл үдерісті қолға алуға тура келеді. Осылайша Шығыс жағалау мен Батыс жағалау арасындағы сабылыс басталып кетті...
3. "Күндердің бір күнінде... Голливудта" (Once Upon a Time…in Hollywood)
©newyorker.com
Квентин Тарантиноның әзірге соңғы туындысы былтыр 26 шілдеде көрерменге ұсынылды. Қазақстанда картина 8 тамыздан бастап прокатқа шықты.
Кинофильм жас кезінде жауыздығымен бар әлемді шулатқан Чарльз Мэнсон есімді қылмыскердің өмірі негізінде жазылған. Негізгі кейіпкерлер Голливуд актерлері болғанымен, олардың кәсіби өміріндегі өзгерістер Мэнсонның ең үлкен қылмысымен астасып жатады.
Режиссер Квентин Тарантиноның 9-шы фильмі Голливудта 1969 жылы болған "алтын ғасыр" дәуірі негізінде түсірілген. Сюжетке сәйкес, актер Рик Далтон (Леонардо ДиКаприо) мен оның дублері Клифф Бут (Брэд Питт) өте жылдам өзгергіш киноиндустрия саласында өз орындарын тапқысы келеді.
2. "Ирландиялық" (The Irishman)
©slashfilm.com
Қарттар үйінің тұрғыны Фрэнк Ширан өткен өмірін жиі еске алады. 1950 жылдары ол аса беделді криминал әлем серкесі Рассел Буфалиномен жолыққанға дейін қарапайым көлік жүргізушісі болған еді. Рассел жас жігітті өз қарауына алып, "Ирландиялық" деген лақапатпен түрлі жұмыстар тындыруға жұмсап отырады.
Сыннан өткен соң Фрэнкті өзінен де беделді Джимми Хоффамен таныстырады. Қызықтың бәрі сол сәттен басталған-ды...
1. "Дерт пен атақ" (Pain & Glory)
©indiewire.com
Аса талантты Педро Альмодовар соңғы картинасына да авторлық фильмдер шеберінің музасы Пенелопа Крус қатысқан. Шыны керек, онсыз Альмодовар фильмдерін елестету қиын.
Сондай-ақ, актерлік харизмасымен талай жұртты тәнті еткен Антонио Бандерас та жобаға арнайы шақыртылған. Испаниялық үш талант бірлесе жасаған фильмді көпшілік колоритті атмосферасы үшін сүйіп көреді.
Режиссердің айтуы бойынша, "Дерт пен атақ" картинасы кинематография мен театрдағы шығармашылықты жеке өмірден ажыратуға тырысатын өнерпаздар жолындағы қиындықтар туралы әңгімелейді.
Фильм сюжеті El Deseo киностудиясынан басталады. Бұл – Педро Альмодовар туған бауыры Агустинмен бірге 1987 жылы негізін қалаған шеберхана. Өзіңіз байқап отырғандай, сценарийдің басым бөлігі автобиографиялық сипатқа ие. Басты рөлдерді, яғни, ағайынды режиссерлерді Антонио Бандерас пен Асьер Эчеандиа сомдайды. Әйелдер бейнесі Пенелопа Крус бен Хульета Серраноға бұйырған.
Картина Альмодовардың алғашқы махаббат, екінші рет сүйіспеншілік сезімін кешу, ана атану, өлім, 60-шы, 80-ші жылдар, қазіргі уақыт секілді ұғымдарға қатысты пікірін, ой-толғамын көрсетеді.
Т. Раушанұлы