- Негізгі бет
- Кино
- Канн жеңімпазы Хирокадзу...
Канн жеңімпазы Хирокадзу Корээданың жаңа фильмі прокатқа шығады
Әлеуметтік желілерде 71-Канн кинофестивалінде "Дүкен ұрылары" аталатын картинасы үшін "Алтын пальма бұтағын" алған жапон режиссері Хирокадзу Корээданың жаңа туындысының трейлері жарияланды.
Жаңа картина "Шындық" деп аталады. Онда басты рөлдерді француздың атақты актрисалары Катрин Денев пен Жюльет Бинош сомдаған. Сондай-ақ, голливуд жұлдызы Итан Хоук та бар. Жюльет Бинош Батыс басылымдарына берген сұхбаттарының бірінде Корээданың бұл сценарийді нақты осы триоға арнап жазғанын айтқан. Мұндай қадам жасауға Оливье Ассайастың "Зильс-Мария" туындысы себеп болған екен.
"Шындық" фильмінің сюжеті бойынша хан сарайындай зәулім үйде тұратын бай актриса мемуарларының жарыққа шығатын уақытын асыға күтіп жүреді. Жолдасымен жайбарақат күн кешіп жатқанда оған қонаққа қызы, күйеу баласы мен кішкене жиені келеді. Қызы қонақта болған бірнеше күннің ішінде анасы екеуі біраз сөзге келіп, өткенге орала береді. Оған қатысты әркімнің өз шындығы бар...
Фильм әлемдік прокатқа 2020 жылдың ақпан айында шығады.
А. Оралқызы