- Негізгі бет
- Кино
- Рөлі үшін адам...
Рөлі үшін адам танымастай болып өзгерген актерлер
Әрбір жаңа жоба барысында актерлер өздерін түрлі қырынан көрсетіп жатады. Бірі кісі өлтірушіден ең мейірімді жанға айналса, енді бірі керісінше, жақсы кейіпкермен қош айтысып, жағымсыз кейіпкер рөлін таңдайды. Бұл – тек кейіпкер болмысына байланысты ғана өзгеріс. Сыртқы келбет те кейіпкерге байланысты өзгеріп отыратыны бар. Нағыз мамандар өз денсаулықтарын екінші орынға қойып, неше түрлі тәжірибе жасап көреді. Бүгін біз рөлі үшін 20 киллограмм тастап, енді басқа бір рөлі үшін 30 киллиограмм артық салмақ қосқан актерлер мен олардың образын көрсететін боламыз.
Натали Портман
Қара аққу | Black swan | Черный лебедь (2010)
Даррен Аронофскидің психологиялық триллері балет бишілерінің өмірі мен театр өнерінің қыр-сырын еш бүкпесіз жеткізеді. Ал бас кейіпкердің рөлін сомдайтын Натали Портманның өзгерісі фильмнің алғашқы минутынан-ақ байқалады. Фильм үшін актриса 12 килограмм салмақ тастаған. Оның көзқарасы мен қимылындағы құштарлық сезімі оның бұл образының ашыла түсуіне себеп болғандай. Фильмдегі рөлі үшін ол тек біраз уақыт жеміс пен көкөністермен ғана тамақтанған, күніне 8 сағат жаттыққан. Кейін түсірілімге барып таңға дейін жұмыс істеген. Оның бұл еңбегі өз жемісін берді. Актриса осы рөлі үшін "Оскар" иемденіп қана қоймай, түсірілім кезінде өзінің болашақ жары биші, хареограф Бенжамен Мильпьені кездестірген. Портманның өзі аталған кино түсірілімін "қандай жағдай болмасын, аман қалу керек" экстримге толы жағдай деп еске алады.
Руни Мара
Айдаһар татуы бар бойжеткен |The Girl with the Dragon Tattoo | Девушка с татуировкой дракона (2011)
Шашты қысқартып, оны қара түске бояу, қасты түссіздендіріп, бетіне пирсинг жасату екінің бірінің қолынан келе бермейді. Руни Мара бұл рөлі үшін кикбоксингпен айналысып, скейтборд және мотоциклді жүргізуді үйренген. Нәтижесінде сұлу бойжеткеннен қоғамның саяғына айналып шыға келеді. Кинодағы алғашқы салмақты рөлімен Голливудты дүр сілкіндірген актрисаның орнында болсаңыз, не істер едіңіз?
Мэттью МакКонахи
Даллас сатып алушылар клубы |Dallas Buyers Club | Далласский клуб покупателей (2013)
Қыздардың жүрегін жаулап алу үшін Мэттью МакКонахиге сәл күлімдесе болғаны. Оның туа бітті тартымдылығын мойындамасқа болмайды. Сондықтан, оның ЖИТС жұқтырған ковбой рөлін көрермен бірден қабылдай қоймады. Диетаға отырған оған тек екі жұмыртқаның ағуызы мен суда бұқтырылған тауық етін жеу ғана рұқсат етілген. Түсірілім кезінде 20 кг арықтаған оны бірден тану мүмкін емес. "Оскар"-2014 жүлдесін табыстау рәсімі кезінде Мэттью МакКонахи алтын мүсінді қолына ұстап тұрып картинаның шығармашылық тобына алғысын білдірді.
Джаред Лето
27 Бөлім |Chapter 27 |Глава 27 (2007)
"Даллас сатып алушылар клубы" фильміндегі рөлі Джаред Летоға алғашқы "Оскар" жүлдесін сыйлады. Ол фильмде ЖИТС дертіне шалдыққан әйел адамның рөлін сомдайды. Рөлі үшін ол 10 кг салмақ тастап, қасын түгелдей қырып тастаған. Жасанды шаш киіп, қызыл далаппен ернін бояу, түсірілім бойына биік өкшелі аяқ киім киген. Бұндай өзгерістер Летоның өмірінде алғаш боп тұрған жоқ: "Арман реквиемі" фильмінде нашақордың рөлін, "Өзін-өзі өлімге қиғандар жасағы" фильмінде есалаң Джокердің рөлін сомдайды. Өзінің кейіпкерін сомдау үшін ол ұзақ дайындалады. Мысалы, Джон Леннонды өлтірген Марк Чепменді сомдау үшін актер 30 килограмнан артық салмақ жинаған. Ол таңертеңнен бастап пицца, макарон өнімдері мен шоколад жеген. Веганның ағзасы мұндай өзгеріске төтеп бере алмай, түсірілім кезінде Летоның аяқтары артық салмаққа шыдамай, актер біраз уақыт бойына мүгедектер арбасы арқылы қозғалған. Джаред Летоның көрген азабы құнына лайықты болмады: "27 Бөлім" көрілім жинамады.
Шарлиз Терон
Құбыжық |Monster | Монстр (2003)
Атақты актриса Шарлиз Теронды көргенде бірден ойымызға "Ібілістің қорғаушысы" (1997), "Ғарышкердің әйелі" (1999), "24 сағат"(2002) секілді фильмдер келеді. Иә, голливуд жұлдызы әр рөлін мінсіз ойнайды, бірақ барлық жерде оның болмысы мен кейіпкерлері бірізді. Кейде жалықтырып жібереді. Бірақ, 2003 жылы сылқым бикешті басқа қырынан көрдік: "Құбыжық" фильмінде сүйкімді сұлудан еркекшора түнгі көбелекке айналады. Өзінің рөлін сомдау үшін ол түгелдей өзгеруге келіскен: қасын түгел қырып тастайды, макияждан толықтай бас тартады, семіреді. Америкалық актрисаның жаңа келбеті бүкіл көрермен мен кино сыншыларды дүр сілкіндіреді: 2004 жылы оған бұл рөлі үшін "Оскар" мен "Алтын глобус" табысталды.
Рене Зеллвегер
Бриджит Джонстің күнделігі | Bridget Jones's Diary | Дневник Бриджит Джонс (2001)
Бриджит Джонстың рөлін сомдау талантты Рене Зеллвегер үшін өте оңай болғанымен, оған дайындық барысы бәрінен ауыр өткен. Салауатты өмір салтын ұстанатын актриса рөлі үшін қолына түскен нәрсемен тамақтанған. Үш айда 13 килограмм салмақ қосқан ол алғашқы фильмнен кейін қайта қалпына келген. Бірақ, екінші фильм үшін қайтадан салмақ жинаған. Ал, үшінші фильмде сценарий жазушылардан өзінің кейіпкерін "арықтатуды" сұраған. Үшінші фильмде ғана еш қиындықсыз ойнаған.
Кристиан Бэйл
Америкалық қулық |American Hustle |Афера по-американски (2013)
Кристиан Бэйлдің образы арнайы жүлде мен номинацияға лайықты: оны "Түрленудің хас шебері" деп атасақ артық етпейді. "Америкалық қулық" атты фильмдегі рөлі үшін ол тек гамбургермен тамақтанып, мүлде спортпен айналыспаған. "Машинист" фильміндегі рөлі үшін ол қатты арықтағаны соншалық, оның қабырғасын еш қиындықсыз санап алуға болатындай көрінетін. "Қара рыцарь" фильмінде оның образы біраз уақыт спортты керек етті. Бейл өзінің салмақ қосқан уақытында достары танымай қалғанын айтқан. Сонымен қатар, америкалық саясаткер Дик Чейниді ойнау үшін ол қайта семіруге мәжбүр болған.
Аталған актер мен актрисалардың қай образы сізді таңғалдырды?
Т. Есқали