"Қазақ хандығы. Алтын тақ" фильмі "Оскар" сыйлығына ұсынылды

"Қазақ хандығы. Алтын тақ" фильмі "Оскар" сыйлығына ұсынылды

"Қазақ хандығы. Алтын тақ" фильмі Қазақстанның атынан "Оскар" сыйлығына ұсынылды.  Фильмнің режиссері – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдірашев. Ол "Құрақ көрпе", "Қаладан келген қыз", "Сталинге сыйлық", Елбасы жолы киноэпопеясының: "Балалық шағымның аспаны", "От-өзен",  "Теміртау", "Тығырықтан жол тапқан" және "Қазақ хандығы. Алмас қылыш" атты кинотуындыларының авторы.

Екінші маусымның оқиға желісі Жәнібек пен Керей хандардың Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін таласы айналасында өрбиді. Фильмнің сценарийі Ілияс Есенберлиннің "Алмас қылыш" романының негізінде  жазылған.

"Қазақ хандығы" киносериалының екінші маусымы – "Қазақ хандығы. Алтын тақ" фильмін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша "Centaurus Rustem Abdrashev production"  ЖШС-нің қатысуымен Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген. Аталған фильм биыл наурыз айында прокатқа шыққан болатын.

Айта кетсек, өткен аптада "Қазақ хандығы. Алтын тақ" фильмі Парижде өткен Қазақ киносының фестивалі аясында көрсетіліп, "Үздік тарихи туынды" естелік жүлдесімен марапатталды. Ұйымдастырушылар бұл сыйлықты фильмді көрермендерге таныстыру үшін Францияға арнайы барған режиссер Рүстем Әбдірашев және актриса Мадина Есмановаға  табыстады.

А. Рысдәулет