"Томирис": тарихтан сыр шертетін туынды

"Томирис": тарихтан сыр шертетін туынды
Фото: Massaget

27 қыркүйекте жылдың ең асыға күткен фильмі – режиссер Ақан Сатаевтың "Томирис" тарихи фильмі прокатқа шықты. 

Кинотуынды  біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады. Ол махаббат пен өз халқының тәуелсіздігі үшін сол замандағы ең қияметті соғыста Парсы империясының патшасы Кирмен шайқасады.

- Ауқымды "Томирис" тарихи фильмі 2 жылдың көлемінде аянбай тер төгіп, нағыз кәсіби киногерлердің қолынан шыққан сүбелі туынды. Осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы түсірілім тобы халықтың ерекше көңілінен шығып, халықаралық сыншылардың оң бағасын алған  "Анаға апарар жол" фильмін жарыққа шығарған болатын. Бұл фильм мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, картинаның авторлары Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Сондықтан да, "Томирис" фильмі де үлкен биіктерден көрініп, еліміздің көрермендері мен шетел көрермендерінің көңілдерінен шығатынына сенімдімін, - деді "Қазақфильм" киностудиясының президенті Арман Әсенов.  

Фильмнің сценарийін Тимур Жақсылықов пен кинотуындының идея авторы Әлия Назарбаева жазған. Картинаның сценарийін жазуда тарих атасы Геродоттың еңбектері пайдаланылған. Фильм авторларының айтуынша, сол дәуірдің бітім-болмысын дәлме дәл көрсету үшін үлкен зерттеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ Қапшағай қаласының маңында "Спаргапистың ордасы" және "Қазақфильм" территориясындағы "Вавилон" қаласының декорациясы тұрғызылды.

- "Томирис" фильмі көрермен назарына ұсынылып, прокатқа шығатынына қуаныштымын. Бұл жобада біз көп тер төгіп, бар күшімізді салып адал еңбек еттік. Басына түскен қиындықтарға қарамастан, өз халқының тәуелсіздігі үшін күреске түскен аты аңызға айналған Томиристің тағдыры біздің көрермендерімізге ғана емес, сондай-ақ  шетелдің көрермендеріне қызық болады деп сенемін. Осы фильмнің шығуына атсалысқан идея авторы Әлия Нұрсұлтанқызына алғысымызды жеткізгіміз келеді. Батыл командамыздың жасаған жұмысы көңілдеріңізден шығады деп ойлаймын,- деді режиссер Ақан Сатаев.

Томиристің рөліне көптеген үміткерлердің арасынан Альмира Тұрсын бекітілді. 15 жастағы Томиристің рөлін Салтанат Серкебаева, ал 10 жасар басты кейіпкерді Лия Фомина сомдады.

- Тарихқа еніп, әлемге танылған Томирис патшайымның рөлін сомдау мен үшін үлкен бақыт. Мен қатты құрметтейтін режиссер Ақан Сатаев көптеген үміткерлердің арасынан мені таңдап, осы рөлге бекіткеніне де алғысым шексіз. Сондықтан да патшайымның рөлін лайықты сомдап, режиссердің сенімін ақтап шығуға бар күшіммен тырыстым, - деді актриса Альмира Тұрсын.

Фильмге Ерік Жолжақсынов, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мурат Бисенбин, Азамат Сатыбалды,  Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов секілді еліміздің танымал кино жұлдыздары түсті. Кирдің рөліне Ридли Скоттың  "Аспан патшалығы" ("Царство небесное") фильмінде Саладин патшаның рөлі  арқылы танылған голливуд актері Гасан Масуд шақырылған. Фильмнің кейіпкерлері көне түркі тілінде, ал парсы патшасы Кир көне парсы тілінде сөйлейді.

А. Рысдәулет