Кино және комикс: Экранды жаулаған қаһармандар

Кино және комикс: Экранды жаулаған қаһармандар
Фото: Коллаж: massaget.kz

Барлық супер қаһармандар жайлы фильмнің комикс нұсқасы да кітап дүкендерінде сатылады. Фильм шықпаc бұрын, не кейін жарыққа шығатын комикс пен фильмдердің арасында қандай байланыс бар деген сұраққа жауап айқын көрінгенімен, бәрі біз ойлағандай оңай емес.

Кино саласында жүргендер үшін комикс әрқашан қызық. Бұл екі өнер бір уақытта қатарласа жүріп дамыды. Екі салаға да ұқсас заңдылықтар қалыптасып, біркелкі жанрлармен жұмыс істеді – вестерн, детективтен бастап фантастика мен хоррорды жетілдірді.

Екі сала бір-біріне қатты ұқсайды – екеуі де көрнекі (визуализация) өнер туындыларына жатады, оқиғаны кейіпкерлердің диалогтары арқылы жеткізеді. Комикс көбіне кинода қолданатын режиссердің кадрларды жіктеп, суреттеуіне келеді. Сондықтан дайын комикстен фильм дайындау әлдеқайда жеңіл.  

Комикс желісінде түсірілген фильмдер көп. Алғашқы фильм 1941 жылы "Марвел Капитанының шытырман оқиғасы" (Приключения Капитана Марвела) болатын.

Бүгінде шынымен кез келген блокбастер экраназицаланады. Сол себепті қазір комикс желісінде түсірілген фильмдер тым көп секілді көрінеді.

Кинода  алғашқы арнайы эффектілер қолданған сәттен бастап, қаһармандар мен жауыздар шайқасы туралы фильмдер шыға бастады. XX ғасырда қаһармандар жайлы жүздеген фильм шықты. Басты кейіпкерлері Бэтменнен бастап, Халк, Өрмекші адамның бастан кешкен шытырман оқиғалары 2000-жылдарға дейін жарыққа шыққан болатын. Тек олар ұзақ уақыт сұранысқа ие болмады.


Алғашқы экранизацияланған комикс 40-жылдары пайда болды. Барлығы киносериалдардан басталды: бұл бірнеше бөлімге жіктелген толықметражды фильм болатын. Ал эпизод клиффхэнгермен (оқиға желісінің кенет үзіліп кетуі) аяқталатын. Бір бөлім бір апта бойы фильм алдында (бүгінгі жарнама орнына) ойнатылатын, кейінгі аптада екінші бөлім, осылай жалғаса беретін. Адамдар шағын үзіндіні көру үшін кинотеатрға тағы келетін болған. Алғашқы киносериал "Fawcett Comics" (кейін DC Comics сатып алды) жарыққа шығарған "Марвел Капитанының шытырман оқиғасы" еді.

Бастапқыда бұл киносериалдар арзан, жасанды әрі ақымақтыққа толы фильм саналатын. 70-жылдардың аяғына дейін олар өздерінің ақылға қонымсыз костюмдерімен, епсіз төбелесімен, экранға шығатын "бам!", "пау!"  секілді титрлерімен ерекшеленді. Оның үстіне комикс оқырмандары да саусақпен санарлық еді. 

Комикстер гиктер, жасқаншақ жасөспірім мен аутсайдерлер арасында танымал болатын. Бір қызығы, тіпті АҚШ-та ұзақ уақыт комикс оқу ұят саналатын. Сондықтан, комикс желісінде фильм не сериал түсіруге қажет қаржыны ешкім бөле қоймады. Ал қаражатсыз шындыққа жанасатын сахналарды (кейіпкердің ұшуын, қабырға арқылы өрмелеуі) жасау қиын екені мәлім.  

1978 жыл екі егіз сала үшін ең сәтті жыл болды. Ричард Доннердің "Супермені" алғашқы қымбат фильм болды. Оның өндірісіне 55 миллион доллар жұмсалды. Бұл сол уақытта шығып жатқан киносериалдарға жұмсалған қаражаттан бес есе көп еді. Продюсер Илья Салкнид "Супермен" фильмін  түсіру құқығына 1974 жылы ие болады. Бірнеше жыл режиссер, сценарий мен басты рөлді сомдайтын актерді іздеуге жұмсайды. "Супермен" сол жоғалтқан уақытқа тұрарлық еді. Фильм кино индустриясында революция жасады. Суреттеу шеберлігі, ойын мен орынды қолданған арнайы эффектілер комикстің дәрежесін арттырды. 

Осыдан кейін Голливудқа суперқаһармандар мен комикстер туралы фильмді өзекті әрі танымал ету үшін 20 жыл керек болды. "Супермен" кино саласындағы бірқалыпты ағынның бағытын бір-ақ сәтте басқа арнаға бұрады. 1980-жылдардың аяғында шыққан "Жұлдызды шайқас" (Звёздные войны), толықметражды "Жұлдызды жол" (Звёздный путь) арқылы ол ғылыми-фантастикалық (science fiction) жанрының негізін қалайды. 

Неге қаһармандар жайлы фильм сұранысқа ие? "Батыр, қорғаушы, жанашыр немесе күшті адам" – соңғы уақыттары мәдениеттің өзі адамды кез келген қиын сәтте қорғайтын әлдекімнің барына сендіруге тырысады. Аңыз-әңгімелердің барлығында міндетті түрде қаһарман бейнесі кездеседі. Олар XX ғасырда керек болды, қазір  олардың қажеттігі әлдеқайда арта түсті. Өйткені, бүгінгі өркениетте мифология, аңыз кездеспейді. Дәстүрлерден біртіндеп айырылып келеміз. Сондықтан, адамның күштілігін мадақтаудан басқа амал қалмады.

Неге комиксті киноға айналдыру үшін 100 жылға жуық уақыт керек болды және неге соңғы 10 жылда танымалдылығы күрт артты деген сұрақ туады. Егер алғашқы "Икс адамдар" мен "Кек алушыларды" салыстыратын болсақ, айырмашылық жер мен көктей.  

Комикс режиссёрге қандай бағытта жылжу керектігін көрсетіп, жол сілтейді. Кино түсірілімі кезіндегі қажет жұмыстың басым бөлігі комикс негізінде жасалады: артық сюжет, бөлек кадр, кастюм мен түсті таңдаудың қажеті жоқ. 2000-жылдардың басында комикстерді тіпті түгелдей көшіріп алғандар да болды. Мысалы, "Күнәлі қала" (Город грехов) мен "Сақшылар" (Хранители) фильмдеріне кейбір кадрлар сол күйі қайталанды. Нәтижесінде фильм түсініксіз болып, оқиғалар өзара байланыссыз қалды. Кейде авторлар белгілі бір кадрды емес, суреттелу шеберлігі, диалог ырғағын көшіруге тырысты. Бұның да аяғы жақсы аяқталмады. Есесіне, "кинокомикс" сөзі қолданысқа енді. Яғни, туынды не кино емес, не комикс емес, екі ортада қалған арзан дүние деген ұғым туды.

Комикстердің киноға ұқсастығына қарамастан, оны басқалардан ерекшелендіретін басты сыры – оның ырғағы. Сондықтан оны тікелей көшіру – жақсы идея емес. Комикс өнердің интерактив түрі: адам қандай жылдамдықпен оқиғаны өрбіткісі келетінін өзі шешеді. Ал кино көрерменді жетектеп, оқиғаны белгілі бір ырғақпен жылжыта отырып, шытырман әлемге саяхат жасауға мүмкіндік береді.

Бұл – үлкен айырмашылық. Голливуд режиссерлеріне бұны түсіну үшін бақандай 10 жыл керек болды. Комикстен кейіпкер, оқиға, әлемді алғанымен, барлығын кино заңына сәйкес түсіру керек. 

Комиксті сериалдар да осы мәселенің төңірегінен ұзақ жылдар аса алмады. "Жебе" (Стрела), "Тірі өліктер" (Ходячие мертвецы) секілді сериалдарға қарай отырып, кино өзіне тән киноқұбылыс пен оқиғаға негізделуі шарт, ал комикс тек шабыттандыру керек деген тұжырымға келуге болады.

"Комикс желісіндегі кино мен сериалдар не үшін керек? Одан да тың идеялар ойламай ма?"

Оның қарапайым екі себебі бар. Біріншіден, жаңа идея ойлау – оңай нәрсе емес. Ал комикстер – оқиға желісі дамыған, кейіпкері дайын ең пайдалы қор.

Екіншіден, комикс – сериалдардың "атасы". Заманауи сериалдар дәуірі 2000-жылдары басталса, комикстерде сериалға тән әдістер әлдеқашан қолданылған: ұзақ сюжетті байланыс, клиффхэнгер, жаңа кейіпкерлерді енгізу, аяқталуы. Сондықтан комикстерден экранизациялануы қай жағынан қараса да тиімді. 

Т. Есқали