Культті режиссер Квентин Тарантиноның "Күндердің бір күнінде... Голливудта" аталатын жаңа туындысы өткен аптаның соңында прокатқа шыққан болатын.
Фильм ТМД елдері территориясында прокаттан рекордтық сумма жинады. Алғашқы күннің өзінде кассаға $1 906 250 түскен деген ақпарат тарады.
Естеріңізге сала кетейік, фильмнің Мәскеудегі премьерасы 8-ші тамыз күні өткен болатын. Massaget.kz тілшілері оқиға орнынан дайындаған фоторепортажды мына сілтеме бойынша көре аласыздар.
– Жаңа туындыңыз, шындығында, көпшілік айтып жүргендей, тек кино өндірісі туралы ғана емес. Бұл картинада достар, ерлі-зайыптылар мен әріптестер арасындағы қатынас туралы сөз қозғайсыз. Сізге режиссер ретінде осы тақырыптардың қайсысы ең маңыздысы болды? Әр көрерменнің көңіліне ой ұялатса деген оқиға қайсы?
– Әдемі сұрақ. Осылай жеткізгеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Бұған жауап берудің өзі оңай болмайды. Сайып келгенде ең негізгісі басты кейіпкерлер арасындағы достық болса керек. 8 жыл иық тіресе бірге еңбектенген ер азаматтардың қатынасы әріптестік шеңберінен өтіп, нағыз достыққа айналған. Күндердің бір күнінде олар бұл қатынастың аяқталуына көп қалмағанын сезе бастайды. Сол сәттен бастап жабырқау күй кешеді. Осы бір қимастық сезімі мен үшін көңіл шерін қозғайтындай көрінді.
Шындығында мен өз кейіпкерлерімнің кім екенін әу бастан білгем. Маған тек "Қандай оқиға туралы кино түсіремін" деген сұраққа жауап табу керек болды. Әрине, кейіпкерлеріме бағыттап кез келген драмалық оқиға ойлап тапсам болар еді. Бірақ... мен олар белгілі бір оқиға желісі бойынша өмір сүруді қажет етпейді деп шештім. Себебі, кейіпкерлердің әрқайсысы бір-бір оқиға. Олардың арқалаған жүгі мен айрықша тағдарларының өзі бір оқиға. Біз тек оларға ілесіп отырсақ болғаны. Өз өмірін сүруге мүмкіндік берсек болғаны. Кейіпкерлерден бөлек, фильмге арқау болған кезеңнің өзі бір оқиға.
– Соңғы фильм Голливудқа арнап жазылған сезім жыры іспетті. Айтыңызшы, Голливуд та басты кейіпкер ретінде Рик Далтон, Клифф Буф пен Шэрон Тейтпен таласа ала ма?
Әрине, барлық фильмдерде оқиға орын алатын жерлер кейіпкер бола бермейді. Алайда бұл картина нақты бір уақытпен тығыз байланысты болғандықтан солай деуге де болады. Мұндай жағдайда сол қала мен уақыт толыққанды кейіпкер болуға сұранып тұрады. "Джеки Браун" фильміндегі секілді. Аталған картинада Лос Анджелес қаласы өзгелермен тең дәрежедегі рөл сомдайды.
Ал соңғы картинаға келетін болсақ, мұның атауының өзінде Голливуд деген сөз кездеседі. Оның кейіпкер болмауға амалы жоқ.
– Көптеген киномандар үшін Сіз диалогтардың хас шеберісіз. Көпшілік олардың қалай жазылатынын білгісі келетіні анық.
Ұтымды диалог құруға өз кейіпкерлерімді жақсы түсінетінім көмектеседі. Мысалы, қандай да бір сценаға қатысты идея пайда болған кезде кейіпкерлерімнің өзара әңгімелесуіне жағдай жасаймын. Олар жай ғана әңгіме дүкен құрып отырады. Менің оларды қалай сөйлестіретінім соншалықты маңызды болмауы мүмкін, бірақ әңгіме жалғасын табуы міндетті. Олар шын өмірдегі адамдар секілді сөйлесе келе бір нәрсеге қатысты келіспей қалуы мүмкін. Қызық осы жерден басталады. Бұл менің диалог құрудағы жеке тәсілім. Яғни, кейіпкерлер сөзіне мен араласпаймын. Олардың қайда баратынын да қандай сұрақ қойып, қалай жауап беретінін де білмеймін. Мен тек сот отырысындағыдай протокол жүргізіп қана отырамын. Ештеңе қалдырмай бәрін жазып аламын. Кейін оны реттеп, алып-қосарымды енгіземін.
Егер кейіпкерлер өздігінен әңгімелесіп кетсе, демек мен бәрін дұрыс жасадым деген сөз.
– Лео, Бред пен Марго бұл оқиғаның жүрегі болғаны рас. Олар жұлдызы жарқыраған актерлер. Бірақ мен өзге екі актриса жөнінде сұрасам деп едім. Майя Хоук пен Даниэла Пикк туралы. Олар өз міндеттерін мінсіз атқарған. Десе де актерлік сауаты жоқ адамдарды таңдауға не себеп болды.
– Расында Майя актриса.
– Рас па?
– Иа, ол ТВ шоуда ойнайды.
– Бұған Ума Турман не деді?
– О, ол Майяның бұл фильмге түсетінін естігенде бақытты болды. Майя менің қызы секілді. Көз алдымда бой жетті. Оны туған баламдай жақсы көрем. Мен оның актриса болатынын сезгем. Майяны өз фильмдерімнің бірінде түсіремін деген де ой болған. Мен Умамен Майяның рөлі туралы сөйлескен болатынмын, ол қуанышын жасырмады. Ал, Даниеланы жай ермек үшін таңдадым. Онымен түсірілім алаңында қызықты уақыт өткіздік. Мақсатымыз сол болатын.
– Көп рахмет!
– Сізге де рахмет!