- Негізгі бет
- Кино
- Гүлшат Тұтовамен сұхбат:...
Гүлшат Тұтовамен сұхбат: "47 баланың анасы", "Жетімдер" фильмі жайлы
14 тамыздан бастап Qazaqstan ұлттық арнасынан "47 баланың анасы" атты көпсериалы мелодрама көрерменге жол тартады. Фильмнің басты рөлінде белгілі театр және кино актрисасы, "Жетімдер" фильмінде негізгі кейіпкерді сомдаған Гүлшат Тұтова ойнайды. Осыған орай, Massaget.kz тілшісі сериалдың басты кейіпкерімен сұхбат жүргізді.
Бұл фильмге қалай келдіңіз?
Бұл сериалға режиссер Олжас Нұрбайдың арнайы шақыртуымен келдім. Маған сериалдың атауы қатты ұнады. "Менің 47 балам" – фильм атауы түсірілім кезінде дәл осындай еді. Кейін Qazaqstan ұлттық арнасының ұсынысымен "47 баланың анасы" деп өзгертілді.
Атауы, сценарийі, актерлік құрам ұнағаннан кейін бұл сериалға мен қатты дайындалдым. Тіпті, 12 кг салмақ тастаған екенмін. Түсірілім барысында эмоция көп болды. Кейіпкердің әр сөзі, әрекеті шынайы шығу үшін жан-тәніммен беріліп жұмыс жасауға тырыстым.
Мені осындай драмалық фильмдерге көп шақырады. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың тағдыры менің оң жамбасыма келетін тақырып. Себебі, менің бірінші фильмім "Жетімдер" еді.
Сомдаған кейіпкеріңізді таныстырып беріңізші...
Мен сомдаған кейіпкердің толық аты-жөні – Керімова Динара Рашидқызы. Сценарий бойынша, ол шамамен 40 жастан асқан жалғызбасты әйел. Күйеуі қайтыс болған, балалары жоқ, бірақ балаларды қатты жақсы көреді. Сериал Динараның тағдырына негізделген.
Сіз бен Динараның ұқсастығы қандай?
Кейіпкерімнің өзіме ұқсас жері – тікмінезділігі деп ойлаймын. Өзім кішкентай күнімде ұл балалармен бірге өскендіктен менің бойымда нәзіктік, жұмсақтыққа қарағанда ер азаматтық мінездер басым. Негізгі ұқсастық осы – туралық, тікмінезділік.
Динара сізге не үйретті?
Динараның өзі асырап алған баласына айтатын бір ауыз сөзі бар, сол тіркес сөз маған қатты әсер етті. "Сен менің тағдырымдағы ең қымбат сыйсың". Осы сахнаны түсіріп жатып, іштей Құдайға шүкіршілік айтып, өзімді бақытты сезіндім. Расында, менің өмірдегі ең қымбат сый – балаларым. Құдай мені сыйдан құр қалдырмаған екен.
Түсірілім жұмыстары қай жерде, қай уақыт аралығында болды?
Фильм толықтай Алматы қаласында түсірілді. 2019 жылдың сәуір айының ортасында түсіру жұмыстары басталып, 22 маусым күні аяқталды. Негізгі локация – Алматы қаласындағы №1 балалар үйі. 2 апта бойы осы орында түсірілім жүрді. Мекеменің қойған талаптарына сай жұмыс жасадық және ондағы жұмыс процесіне кедергі келтірмес үшін ғимараттың тек сыртқы көрінісі түсірілді.
Бұл фильмде тек жағымды немесе тек жағымсыз кейіпкер жоқ. Барлық кейіпкердің жақсы да жаман да қасиеті қатар көрсетілді. Режиссер мінсіз адам болмайтынын, кез келген адамның қате жасайтынын көрсеткісі келді.
Түсірілім кезінде қандай оқыс жағдайлар, қызықты оқиғалар болды?
Түсірілім жұмыстары қасиетті Рамазан айында жүрді. Күніне 16 сахнадан түсірілген кездер болды. Ауызашар уақытында тек сумен ауыз ашып, әрі қарай түсірілімді тоқтатпай жалғастырып кететінбіз. Шынымды айтсам, қуандым, іштей өзіме разы болдым. Меніңше, бұл кез келген актерге, актрисаға бұйыра бермейтін бақ.
47 санының құпиясы қандай?
Мен бұл сұрақтың нақты жауабын білмеймін, оны сценаристерден сұрау керек. Бірақ, жеке басым үшін бір қызығы, бұл сериал менің 47 жасыма тура келді. 47 жасымда "47 баланың анасы" сериалына түсуім дәл менің өміріме, тағдырыма арналғандай болды.
Өнер саласында еңбек етіп жүрген ерлі-зайыптылардың бірісіздер. Нұржан Тұтов мырза бұл ұсынысқа байланысты қандай пікір білдірді?
Сериалға шақырту алғанда бірінші үйдегі отағасынан рұқсат сұрап, сериалға шақырту келгенін айтып, екеуіміз біраз ақылдастық. Сонда жарым: "Бұл сенің тақырыбың ғой, барсаңшы, түсіп көр" деп қолдау білдірді. Кейін, менің кейіпкерім Динараның махаббатын ойнайтын жағымсыз кейіпкердің рөліне кастинг жарияланды. Осы кастингке өзі де келді. Келді де, "Это не мое, мен драмалық жанрда ойнай алмайды екенмін. Одан да комедиям жақсы екен" деді ғой.
Қазіргі қазақ сериалдарының хал-ахуалы қалай?
Негізі алғаш шыққан "Перекресток", "Саранча" сияқты сериалдарда тек кәсіби актерлер ойнады. Қай-қайсын алсаң да есімдері өз алдына бір төбе. Уақыт өте фильмге ақша араласа бастады. Өкінішке орай, оқымаған, актерлік сабақ алмаған, тамыр-таныспен, ақшаның күшімен келген жасанды актерлер көбейді.
Бір акушердің актриса болып кеткенін көргенмін. Сол жағдайға қарап ой түйдім, салыстырып көрдім. "Егер мен акушер болып кетсем ше, сөзсіз ол саланың маманы емеспін, дүние есігін енді ашқан бейкүнә сәбиді өлтіріп алуым мүмкін ғой". Дәл сол сияқты, жанағы акушер де актриса боламын деп қазақ фильмдерінің атына кір келтіріп, кесірін тигізуі мүмкін, кәсіби білімінің жоқтығынан бір фильмді дүниеге келмей жатып өлтіріп алуы мүмкін.
Қазір қоғамның өзі жеңіл дүниеге әуес болып алды. Ән тыңдаса да, кітап, журнал оқыса да, фильм, сериал көрсе де тек арзан дүниені қабылдайды. Мен осыдан қорқам және қалайша осындай жағдайға тап болғанымызды түсінбеймін.
Мен бұл сериалға дейін кәсіби көзқараспен қарағанда әлдеқайда мықты фильмдерде ойнадым. Түсірілім аяқталғанда актриса ретінде іштей қуанып, өзіме риза болдым. Бірақ, ол фильмдер көрерменнің таңданысын тудыра алған жоқ. Себеп сол, талғам. Сол сияқты бұл сериал да ертең көрерменге өтпей қалуы мүмкін, кім біледі?! Себебі, бұл туынды да жоғары деңгейде түсірілді.
"Жетімдер" фильмі жайлы бірер сөз...
Жетімдер мені халыққа танытқан, жұлдызымды жаққан фильм деп айта аламын. Негізі, фильмнің режиссері профессионал маман емес. Бірақ, көрермен фильмді жақсы қабылдады. "Жетімдердің" жарыққа шыққанына 11 жылдан асып барады. Мені көрген адамдар әлі күнге дейін "Сен жетімдердегі Сандуғаш емессің бе?" деп танып жатады. Тіпті, ер азаматтардың өзі "Рақмет сізге, бұл менің өмірбаяным, тағдырым ғой, сіз менің анамсыз" деп жылап, алғыстарын айтқан кездер жиі болды. Бұндай сәтте бойыңды ерекше сезім билейді. Кейде ойлаймын, "47 баланың анасы", мүмкін "Жетімдерден" кейінгі менің екінші тынысым шығар.
Әңгімеңізге рақмет!
Құрметті оқырман! Еске сала кетейік, "47 баланың анасы" сериалы 14 тамыздан бастап Қазақстан ұлттық арнасында сағат 20:45-те көрерменге жол тартады. Фильмнің режиссері – Олжас Нұрбай, продюсері – Ақылбек Досжанов. Сериал 20 бөлімнен тұрады, ұзақтығы – 45 минут.
А. Қажиев