Ертең Квентин Тарантиноның жаңа фильмі әлемдік прокатқа шығады. Осыған орай қазақ киносының майталманы Сатыбалды Нарымбетовтің кинорежиссер шығармашылығына қатысты пікірін білген болатынбыз.
Оқырманға түсінікті болуы үшін әңгімемді әріден бастайын. Кезінде Карпини мен Марко Поло Еуропаға (басқасын айтпағанның өзінде) тағамның да түр-түрін алып кетті. Италиялық лағманның түбі осы Шығыстан. Олар оны "Паста" дейді. Содан еліне жеткен соң сол лағманның түрін 20-дан асырыпты. Яғни, кеспенің қалыңдығы, ұзындығы, шынығуы мен тұздығының алуандығына байланысты. Мұны не себепті айтып отырмын?!
Мына Тарантино деген кино әлемінде өзінше бір құбылыс болды. Киноға қанығып, тұнығын ішіп, әліппесін игермегендер шынымен құбылыс боп келеді. Бір айта кетері, көрерменді жаулағанымен, тіс қаққандарды ол онша таңқалдыра қоймайды. Оның әр кадрынан классиктердің эпизодтары анық байқалады. Бір қызығы, хас шебер режиссерлер де, сыншылардың өзі де оны плагиат деп айтпайды. Не себепті?
Бұл Тарантиноның мынадай артықшылығында: ол кинопародия жасайды. Барлығы классикадан алынған. "Қорамсаққа қол салды, бір салғанда мол салды" дейді ғой "Қобыланды батыр" жырында. Тарантиноның артықшылығы осы. Және ирония. Тіпті, өз-өзіне күледі. Мұны жақсы кейіпкерлерді емес, өзі де аса ұната бермейтіндерді сомдау арқылы жасайды.
Ол құбылыс не асқан суреткер емес. Бірақ сөзсіз шебер. Лағманның түр-түрін жасап береді. Керегіңнің бәрін табасың. Қан керек пе? Цистернасымен төге салады. Мархабат. Бүгінгі нарық заманының талабына жұмыс жасап жүрген жігіт.
Бұрын Чаплиннің кезінде оның рөлін сомдаушы актерлер арасында жасырын конкурс болады екен. Өзі содан үшінші орын алып қалған деседі. Егер Тарантиноның киношығармасы мен ол "уысын салған" түпнұсқаны салыстырсаң, олар тіпті 10-шы орыннан бір шығуы мүмкін. Өйткені, авторлық кино жасаушылар нарықтық заманды көздемеді. Ал Тарантино соны еттартқыштан өткізіп, әдемі тұздығымен дәмді етіп ұсына біледі. Қалай таңқалмайсың? Таңқалам да, қол соғам!