"Кек алушылар. Финал" фильмі "Титаникті" басып озды

"Кек алушылар. Финал" фильмі "Титаникті" басып озды
Фото: screenrant.com

Жақында ғана көрерменге жол тартқан "Кек алушылар. Финал" фильмі әлем бойынша жинаған қаржысы $2,485 миллиардтан асып жығылды.

Осылайша 3 аптаның ішінде Marvel киностудиясының туындысы ең көп қаржы жинаған фильмдердің тізімінде "Титаникті" ысырып, екінші орынға жайғасты. Дегенмен көш басында тұрған "Аватардан" $300 миллионға аз жинаған. Сарапшылардың айтуынша, мамыр айының соңына дейін "Кек алушылар. Финал" туындысы әлемде ең көп қаржы жинаған фильмдердің көшін бастауы мүмкін.

Әлемде ең көп қаржы жинаған фильмдердің бестігі:

1. "Аватар" (2009) - $2 782 275 172

2. "Кек алушылар: Финал" (2019) - $2 485 499 739

3. "Титаник" (1997) - $2 185 372 302

4. "Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы" (2015) - $2 068 223 624

5. "Кек алушылар: Шексіздік соғысы" (2018) - $2 048 359 754

"Кек алушылар. Финал" бұған дейін де рекорд жаңартып үлгерген еді. Осы күнге дейін ешбір фильм жарық көрген алғашқы бір аптада $1 миллиардтан астам қаржы жинап көрмеген.

Аталмыш фильм Қазақстанда да біраз рекордты жаңартты. Елімізде "Кек алушылар. Финал" туындысы алғашқы күні 196 256 976 тг, ал бастапқы үш күнде 527 265 991 теңге қаржы жинаған. Бұған дейін рекорд алғашқы бір аптада 274,5 миллион теңге жинаған "Кек алушылар. Шексіздік соғысы" туындысына тиесілі еді. Қазақстанмен қос алғанда ТМД елдерінде "Кек алушылар. Финал" туындысы осы күнге дейін $42,7 миллион қаржы жинаған. ТМД елдерінде бұл фильмді 9,6 миллион көрермен тамашалап үлгерген.

А. Рысдәулет