Cannes – 2019: Фаворит фильмдер

Cannes – 2019: Фаворит фильмдер
Фото: vk.com

Биыл Канн кинофестивалі 14 - 25 мамыр аралығында өтеді. Осыдан бірнеше күн бұрын шараның директоры Тьерри Фремо мен президенті Пьер Лескюр 72-ші фестивальдің бағдарламасын ұсынған болатын. Сол тізімі ішінен киносүйер қауым асыға күтетін 3 фаворит фильм туралы ақпарат ұсынып отырмыз. 

"Өлгендер қайта өлмейді"

Бұл ашылу салтанатында көрсетілетін фильм. Картина Канн марапатын бірнеше мәрте (1984, 1989, 1993, 2005) иеленген Джим Джармуштың жаңа туындысы. 

Киноға Билл Мюррей, Адам Драйвер, Хлоя Севиньи, Остин Батлер сынды актерлер мен әнші Селена Гомес қатысқан. Ең бастысы, джармуштық стильдегі фильмдерді ұнатушы көрермендердің сүйікті актрисасы Тильда Суинтон да бар.

"Алтын пальма бұтағы" үшін таласатын кино премьерасы 14 мамыр күні өтіп, сол сәттен бастап Франция кинотеатрларында көрсетіледі. Әлемдік премьера 14 маусымға бекітілген.

Джармуш алғаш рет 1984 жылы дебюттік фильмімен-ақ "Алтын камераны" ұтып алған болатын. Одан кейін де көптеген туындыларын осы фестиваль шеңберінде көрермен назарына ұсынған еді.

Бұл фильмнің таңдалуы фестивальдің арт-директоры Тьерри Фремоның белгілі актерлер жұмылдырылған картинаға басымдық беру тенденциясына сай келген болатын.  

"Дерт пен атақ"

Аса талантты Педро Альмодовар жаңа "Дерт пен атақ" (Dolor y Gloria) фильмінің Испаниядағы премьерасын 22 наурызда өткізіп жіберген болса да, картина Канн марапатына таласатын туындылар тізіміне енген.

Бір қуантатыны, оның картинасына авторлық фильмдер шеберінің музасы Пенелопа Крус қатысқан. Шыны керек, онсыз Альмодовар фильмдерін елестету қиын. Сондай-ақ, актерлік харизмасымен талай жұртты тәнті еткен Антонио Бандерас та жобаға арнайы шақыртылған. Үш бірдей испаниялық талант бірлесе жасаған фильмді көпшілік колоритті атмосферасы үшін асыға күтері анық.

Режиссердің айтуы бойынша, "Дерт пен атақ" (Dolor y Gloria) картинасы кинематография мен театрдағы шығармашылықты жеке өмірден ажыратуға тырысатын өнерпаздар жолындағы қиындықтар туралы әңгімелейді. 

Фильм сюжеті El Deseo киностудиясынан басталады. Бұл – Педро Альмодовар туған бауыры Агустинмен бірге 1987 жылы негізін қалаған шеберхана. Өзіңіз байқап отырғандай, сценарийдің басым бөлігі автобиографиялық сипатқа ие. Басты рөлдерді, яғни, ағайынды режиссерлерді Антонио Бандерас пен Асьер Эчеандиа  сомдайды. Әйелдер бейнесі Пенелопа Крус бен Хульета Серраноға бұйырған.

Картина Альмодовардың алғашқы махаббат, екінші рет сүйіспеншілік сезімін кешу, ана атану, өлім, 60-шы, 80-ші жылдар, қазіргі уақыт секілді ұғымдарға қатысты пікірін, ой-толғамын көрсетеді.  

"Жас Ахмет" 

1999-жылдары  Бельгияның ең атақты режиссерлері атанған ағайынды Дардендер "Розитта" фильмі үшін "Алтын пальма бұтағын" алған еді. Ал 2011 жылы "Велосипед мінген бала" туындысы Канның Гран-приіне лайық деп танылды.

Биыл олар фестивальға "Жас Ахмет" картинасымен қайта оралып отыр. Сюжет ұстазын өлтіргісі келетін оқушы бала туралы. Оның мұндай ойларына себеп те жоқ емес...

Биыл кинофестивальдің ресми постері Аньес Вардаға арналды. Естеріңізде болса, кино әлемінің аңызы Аньес Варда наурыз айында тоқсанға қараған шағында мәңгілік тұрағына аттанып кетті. Француз жаңа толқынының негізін қалаушылардың бірі өз шаңырағында жақын, туыстарының қасында өмірден өтті.   Аньес Варданың арсеналында 50-ден астам фильм мен 60-тан аса беделді марапат бар. Ол 2017 жылы киноматографқа қосқан үлесі үшін "Оскар" алды. Онда: "Муза, жол бастаушы, икона. Киноқозғалыстың бастауында тұрған әйел" - деп жазылған.

А. Оралқызы