"Оскар" — 2019: Шара жүргізушісіз өтеді

"Оскар" — 2019: Шара жүргізушісіз өтеді
Фото: vk.com

Кино саласындағы аса беделді "Оскар" марапатын салтанатты табыстау рәсімі биыл жүргізушісіз өтетіні белгілі болды.

91-ші рет өткізілгелі жатқан шара ұйымдастырушылары Кевин Хартты алмастырар адам таппағанға ұқсайды. Бірақ, олар бұл мәселені өзге жолмен шешті. Енді әр сегментті арнайы таңдалған Голливуд жұлдызы таныстыратын болады. Яғни, бірнеше адам жұмылдырылады. Әзірге олардың есімдері беймәлім.

Естеріңізге сала кетейік, Батыс басылымдары 2019 жылы "Оскарға" үміткер картиналар тізімін әлдеқашан жариялаған болатын. Бір қызығы, тізімде актер Брэдли Купердің "Жұлдыздың тууы" аталатын алғашқы режиссерлік жұмысы да бар. Фильмде басты рөлдердің бірін Lady Gaga орындаған.

Үміткерлер арасынан "Айдағы адам" өмірбаяндық драмасын да көруге болады. Мұнда "Ла-Ла Ленд" картинасы үшін киноакадемияның оң бағасын алған Райан Гослинг пен Дэмьен Шазелл тандемі жұмыс істеді. Біріншісі негізгі рөлді сомдаса, екіншісі режиссер орындығына жайғасқан.

Аталған картинада Гослингтің сүйіктісін ойнаған Эмма Стоун да аса беделді марапатқа ұсынылған фильмдердің біріне қатысқан екен. Ол — Йоргос Лантимостың "Фаворитка" картинасы.

Бұларға бәсекелес болатындар тізімінде "Жесірлер" (режиссері Стив Маккуин), "Сендер мені кешіре алар ма екенсіңдер?" (режиссері Мариэль Хеллер), "Ақ нәсілді Рик есімді жігіт" (режиссері Ян Деманж), "Әдемі бала" (режиссері Феликс Ван Грунинген), "Басты кандидат" (режиссері Джейсон Райтман), "Беннің оралуы" (режиссері Питер Хеджес), "Бийл-стрит сөйлей алса ғой" (режиссері Барри Дженкинс).

Ал, соңғы, яғни, 11-ші "Гравитация" фильмі үшін "Оскар" иеленген режиссер Альфонсо Куаронның "Рим" аталатын жаңа картинасы. Бәлкім, осы тізім ішінде оқ бойы озығы да осы фильм шығар деген ойға қалатыныңыз рас.

А. Оралқызы