Алматыда "Балуан Шолақ" фильмінің жабық көрсетілімі өтті

Алматыда "Балуан Шолақ" фильмінің жабық көрсетілімі өтті
Фото: Казахфильм, Массагет
14 желтоқсан күні Алматыдағы "Кinopark 8 Мoskva"» кинотеатрында "Балуан Шолақ" көркем фильмнің БАҚ өкілдеріне арналған жабық көрсетілімі өтті. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тарсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген. Көркем туындының режиссері – Нұргелді Садығұлов. Тарихи кинолента палуан, әнші әрі сазгер Балуан Шолақтың өміріне арналған. 

Баспасөз отырысына сценарий авторы, жазушы, драматург Дулат Исабеков, режиссер Нұргелді Садығұлов, Балқаштың рөлін сомдаған әнші Альбина Шардарова, ояздың хатшысы болып ойнаған актер Сафуан Шаймерденов, фильмнің продюсері С. Әбдіхалықов және т.б қатысты.
 
 
Журналистердің сұрағына жауап берген Нұргелді Садығұлов түсірілім барысындағы картиналар архивтердегі суреттер бойынша жасалғанын, кейбір көріністер арнайы спецэффект көмегімен салынғанын айтты. Сондай-ақ, фильм барысындағы ең ауыр жұмыс балуан Шолақтың саусағы болғанын. Саусақ бүкіл кадрларда көрінетіндіктен, оны алып тастау өте көп уақыт алғанын атап өтті. "Бұл фильмді түсірер алдында көрермендерді көп ойладым. Себебі бұл картина фестивальдерге қатысатын авторлық не белгілі бір мақсатты көздеген коммерциялық фильм емес. Алғашқы туындымды көрермендердің жүрегіне жол таба алсам екен деген ниетте түсірдім. Басты рөлді сомдау үшін Еркебұлан Дайыров арнайы 15 келі қосып, бокс, күресті үйренуі үшін жеке бапкер жалдадық", – деді режиссер. Сондай-ақ, картинаның режиссері: "Мен үшін маңыздысы жас ұрпақты Балуан Шолақтың тұлғасымен таныстыру және ол өмір сүрген тарихи кезеңді көрсету. Фильмнің қалай шыққанын экран көрсетеді. Түсірілім тобымен өте жақсы жұмыс жасадық. Әсіресе актерлерді – Балуан Шолақты сомдаған Еркебұлан Дайыровты, Ақылбайды ойнаған Медғат Өмірәлиевті және Долгоносовтың образын аша білген Александр Багрянцевті атап өткім келеді", – деді.

 
Балқаш рөлін сомдаған әнші Альбина Шардарова "Өз рөліңізге көңіліңіз тола ма?" деген журналистер сұрағына, киноға алғашқы түсуі екенін, сондықтан өз рөліне 100 пайыз көңілі толмайтынын, болашақта киноға ұсыныс келсе келісімін беретінін айтты. 
 
 
Көркем туындының сценарийін жазған Дулат Исабеков: "Нұргелдінің маған ұнағаны: "Менің мақсатым ұлттық кино жасау" дегені болды. Бұл фильмнің сценарийіне таласушылар көп еді. Бірақ мен Нұргелдіні таңдадым. Киноны мен де көрдім. Әттеген-ай дейтін жерлерім бар. Бірақ қазірдің өзінде жұрттың пікірі жақсы екенін көріп отырмын. Біз шетелдің киноларын 2-3 сағат ерінбей көреміз де, өзімізге келгенде уақыттан неге қысуға тырысамыз? Фильмге тағы да 10-15 минут қосу керек еді. Мысалы, Балқаштың образы әлі жұмбақ болып қалды. Ол Балуан Шолақтың әйелі ме, әлде күңі ме? Ол әйелі еді. Содан соң Ғалия. Екеуінің "линиясы" сценарийде керемет болатын. Бір-біріне көзқарасы, қызғанышы бар еді. Ғалия кинода қымызхананың даяшысы сияқты болып қалған. Шын мәнінде ол үлкен махаббаттың иесі еді. Сол сәттерді, Балуанмен ақ қайыңның арасында кездесетін жерін Нұргелді түсірген. 2 не 3 минут ірі планмен. Сонда Ғалияның бүкіл әдемілігі, сұлулығын 3 минутқа сыйғызуға болатын еді ғой. Содан кейін жұртты түрмеден босатуы. Комедияға толы жанр осы жерде болу керек еді. Сол кезде күймемен кетіп бара жатқан Қалқаш пен Ғалияның бір-біріне қызғанышпен қарап өтуі. Осы көзқараста көп нәрсе бар. Осы кадрлар болса фильм жоғары деңгейде болатын еді. Нұргелдіден "осы эпизодтар бар ма?" – десем, "Бар" деді. Осыларды қайта қосса фильм бұдан да жақсы болатын еді", – деп өз ойын көрермендерге жеткізді. 
 

Баспасөз отырысында Сәбит Әбдіқалықов бұл фильм Нұргелдінің дебюттік фильмі екенін, картина көрерменге алдағы наурыз айынан бастап ұсынылатынын айтты.
 
 
 
Айта кетейік, "Балуан Шолақ" толық метражды көркем фильмі 2 жыл бойы Алматы облысы мен Павлодар қаласы және Бурабай шипажай аймағында түсірілді. Киносценарий М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған "Жаужүрек" (авторы Дулат Исабеков) пьесасының желісі бойынша жазылған.
Т. Раушанұлы