"Күлтегін" анимациялық фильмінің трейлері жарияланды

"Күлтегін"  анимациялық фильмінің трейлері жарияланды
Фото: brod.kz

Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы интернетке "Күлтегін" атты толықметражды анимациялық фильмінің бірінші трейлерін салды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша жарыққа шыққан бұл туынды жалпыұлттық прокатқа қарашаның 22-сінен бастап шығады. 

Жас режиссер-аниматор Адай Әбілданың қолынан шыққан аталмыш тарихи анимациялық туынды көшпенді халықтардың басын біріктіріп, Ұлы көшпенділердің дәстүрін жалғастырған түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің жастық шағы туралы баяндайды. 

"Фильм ата-бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі мен ауыз біршілігі туралы. Күлтегін  бұл тұтас бір дәуірдің тарихи тұлғасы. Сондықтан да біздің басты мақсатымыз – сол кездегі мәдениетті  ашып көрсету ғана емес, сонымен қатар мультипликация арқылы жас көрермендеріміздің тарихқа деген қызығушылығын арттыру", - деді Адай Әбілда.

Жас ұрпақты мейірімді, қайырымды болуға, сонымен қатар Отанды сүюге тәрбиелеуді алдына мақсат қойған режиссер Адай Әбілданың осыған дейін де түсірген қысқаметражды фильмдері  көптеген Халықаралық фестивальдерде көрсетіліп, жүлделі орындардан көрінген. 

"Өкінішке орай, бүгінде отандық телеарналар негізінен балаларымыза теріс тәрбие беретін шетелдің мультфильмдерін көрсетіп жүр. Соңғы кездері балаларды мейірімділікке шақыратын мультфильмдер жоқтың қасы.  Ол фильмдерде әдемі ашық бояулар да, жарылыстар да, қызықты кейіпкерлер де бар, бірақ ең бастысы – мән-мағынасы жоқ. Әдемі қағазға оралған  кәмпит сияқты, ал ішінде ешнәрсе де жоқ. Бұндай үрдісті тоқтату қажет. Өзімізді ұлттық кейіпкерлеріміз керек", - деді режиссер. 

Сюжет бойынша, Ұлы түрік мемлекетіне ыдырау қаупі төнеді. Түркілердің бірлігін сақтап қалан Ұлы Елтеріс қаған жаңа мемлекетті құруды көздеген сатқындардың қолынан мерт болады. Тақтың мұрагері Елтерістің ұлы 12 жасар Күлтегін қашып құтылады. Өзінің туған жеріне оралу үшін ол көптеген қиындықтарды басынан өткізеді. Бұл жолда оған түркілердің жебеушісі Көк Бөрі мен туған бауыры Білге көмекке келеді. Басы біріккен олар жауды жеңіп түркі ілемін құтқарып алады. Білге қағанды таққа отырғызған Күлтегін түркі мемлекетінің әскери қолбасшысы атанады.

А. Оралқызы