Әділхан Ержановтың жаңа фильмі Парижде көрсетілді

Әділхан Ержановтың жаңа фильмі Парижде көрсетілді
Фото: vk.com

2018 жылы қыркүйектің 5 мен 16 аралығында Парижде өткен, француздың L’Etrange Festival кинофестивалі аясында режиссер Ержановтың фильмографиясы Focus атты арнайы секциясында көрсетілді. Туындылар арасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында түсірген "Риэлтор", "Үкілі кәмшат" және "Түн құдайы" фильмдері де бар. 

Режиссер Әділхан Ержановтың айтуы бойынша, француз көрермені оның фильмдеріне қызығушылық танытқан, кезекке тұрып күткенкендер де болған. Сонымен қатар, түрлі кәсіби кездесулер мен сұхбаттар жасаған. 

"Француздар өнер мен киноны бразилиялықтар футболды түсінгендей түсінеді. Олар үшін өнер – ұлттық дәстүр. Сондықтан да кинодағы авангард сол жақтан тарайды. Кинодағы моданы Канн мен Франция жасайды. Ол жақтың көрерменімен сөйлесудің өзі бір ғанибет. Олар нағыз синефилдер ретінде қазақ киносында болып жатқан дүниелерден хабардар. Оларға шынымен де менің кином қызықты", - деді Ержанов.

L’Etrange Festival ширек ғасырға жуық уақыт өткізіліп келеді. Бұл фестиваль "ерекше, қайталанбайтын, сирек, жоғары деңгейдегі" фильмдерге арналған. Фестиваль бағдарламасында негізгі байқау (Ларс фон Триердің "Джек тұрғызған үй" фильмі көрсетілетін) мен қысқаметражды фильмдердің байқауынан бөлек, байқаудан тыс бағдарламада жапон жаңа толқынының фильмдерінің көрсетілімі, аңызға айналған Nikkatsu атты жапон студиясының фильмдірінің ретроспективасы, сондай-ақ "Жаңа таланттар", "Деректі кино" бағдарламалары бар.

А. Оралқызы