Ким Ки Дук: "Кино – жүрегіміздің үні"

Ким Ки Дук: "Кино – жүрегіміздің үні"
Фото: vk.com

아리랑, 아리랑, 아라리요…
아리랑 고개로 넘어간다.
나를 버리고 가시는 님은
십리도 못가서 발병난다.
"Ариран" әні

Ким Ки Дук өз елінен гөрі одан тыс жерлерде аса танымал. Еуропа мен Америка көрермендері үшін азиялық арт-хаус режиссер есімімен егіз ұғымдай болса да, отанында оның өнері лайықты деңгейде бағаланған емес. 

Расында да бүгінгі күні Азия кинематографиясында Ким Ки Дуктың танымалдығы гонконгтың атақты Кар Вайдан да басым десек, қателеспейміз.

Ал, ол киноны алғаш рет 32 жасында көрген десем, сенер ме едіңіз?

Иә, мұндай да болады екен. Қарапайым отбасында дүниеге келген Ким ауылшаруашылығы мектебін аяқтағаннан кейін зауытқа жұмысқа орналасады. Кейін 5 жыл әскерде борышын өтеп (Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы жағдайды ескеретін болсақ, бұл бейбіт күнгі әскерден әлдеқайда ауыр болғаны анық) келген соң 2 жылдай зағиптар үйіне айналған бір шіркеуде өмір сүреді. Осы кезде оның сурет өнеріне деген қызығушылығы оянады. 30 жасында ана тілінен өзгеде сөйлей алмайтын, ешқашан шетке шықпаған жігіт Парижге көркем өнер тарихынан дәріс алуға аттанады. Париж! Кинематография әлеміне алғаш бойлатқан да осы аңыз қала болатын.  

Өз еліне оралған соң бірден сценарий жазуға кіріседі (23 жылда түсірген 23 картинаның 22-сі өз сценарийі бойынша). Көркем картинамен алғаш танысқан сәттен 4 жыл өткен соң Ким Ки Дук режиссерлік дебютін жасап, содан бергі уақыттың бәрінде жылына 1 фильм ұсынып отыр. Сірә, кинематографиясыз өткен мәнсіз жылдарының орнын толтырғысы келетін шығар?!

Оның қарқынына көз ілеспейтіні сонша, бүкіл Корей жұрты үшін бір ғана Ким Ки Дук жұмыс істейтіндей көрінеді кейде. Халықаралық кинофестивальдерде ұлтының шашбауын көтеретін де өзі. Тіпті жылына 2 фильм түсірсе де, сапасы әлсіреген емес. Батыс кино сыншыларына "Бұл енді Ким Ки Дук қой...", "Ким Ки Дук өз репертуарында...", "Тағы да шедевр..." деп таңдай қаққаннан басқа амал қалмайды.

Ол режиссер ретінде өте еркін, ешқандай заңға бағынбайды. Егер Ким қандай да бір қағиданы ұстанатын болса,  ол тек көркем композиция мен өзіндік стильге ғана қатысты болуы мүмкін. Ол өзі үшін киноны дін, сенім дәрежесіне дейін көтеретін адам. Оның әр кадры, әр жаңа картинасына да жұрт солай, ол киноның құдіретін мойындағандай дәрежеде табынады. Мүмкін кореялық режиссер туындыларының шамандық рәсім секілді дуалап алатын әсері де сол себептен шығар...

"Фильмдер шындықты өзгертпесе де, олар жеке адамның сана-сезіміне әсер ететін құдіретке ие. Мен үшін кинотүсірілім - кейіпкерді нысанаға алып, оның нендей күйде, қандай сезімде екенін көз жазбай қадағалау. Шеберлігі жеткен режиссер көрерменді сол атмосфераға енгізіп жібереді " , - дейді Ким Ки Дук.

Ким Ки Дуктың картиналары нені жырлайды?

Әрине, махаббатты. Соңғы демі қалғанша сүюді... Жауыздықты романтизациялауға әуес режиссердің туындылары туралы осындай пікір білдіргеніме көпшілік келіспесі анық. Бәлкім қателесермін. Қалай болғанда да, оның картиналарында қатыгездік тым сұлу, күнә балдай тәтті.

Ол қашан да "из крайности в крайность". Ортасы жоқ. Адам шыдамас қанды көрініс бірден үнсіз романтикалық кадрмен алмасып, біресе сүйіп, біресе соққандай есеңгіретіп жібереді. Оның картиналары еуропалықтар үшін тансық шығыстық "жұмбақ" пен буддистік поэтикаға тұнық. Сюжеттік коллизиялар драматизмі эксцентрикамен астасып жатады.

Бірақ Ким Ки Дук туындыларының бәріне ортақ дүние бар.  Ол - жанның "қаңырауы". Ким Ки Дуктің қай картинасының астарында да буддизмдегі осы түсінік  жатады. Жанның "қаңырауы" үнсіздік, сұрақсыздық, мінезсіздік, айтылмаған сезім, аяқталмаған әрекет, логикасыз сюжет арқылы жеткізіледі. Картинаның дәмі таңдайыңызда ұзақ сақталатыны да содан. Ким Ки Дук шығармашылығына тартатын да, керісінше кеудеден итеретін де осы.

Оның елден ерек болуына биографиясының тигізген әсері қаншалықты зор екенін айтпаса да түсінікті. Режиссерлік те, ақындық секілді тағдыр таңдайды. Мүмкін, режиссерлік - жырды визуалды жазу шығар...

Алматы шаһарында өтіп жатқан Almaty Film Festival-де көзі тірі аңызбен тілдесіп қалу мүмкіндігі бұйырды. Сол әңгіменің шетімен бөлісуді жөн көрдім.

- Кино деген не?

- Кинематографияға келген 23 жылда 30 шақты фильм түсірдім. Ал, киноның не екенін әлі түсінбей келемін. Сіз білсеңіз, маған айтыңызшы.

- Сіздің туындыларыңыздағы тыныштық адамды баурап алады... Кейіпкерлеріңіздің үнсіз ұғысатыны неден?

- Ол ақиқатқа ұмтылудан. Сөздің құдіретін жоққа шығармаймын. Бірақ әрекет - сөзден де шебер.

- Сол әрекеттің "қатыгездігі" ше? Картиналарыңызға қатысты гуманистік деген анықтаманы қолданудан қашатыныңыз?

- Мен оларды нашар демеймін. Бірақ өмір гуманистік фильмде көрсетілгеннен әлдеқайда алшақ. Ақиқаты - "қатыгез" әрекет. Соны көрсетем. Біле білсеңіз, қара түс қою болған сайын, ақ ағара түседі. (Оның картиналарындағы контрастты жеткізуге осы сөзден артық анықтама жоқтай сезінді сол сәтте).  

- "Арман" фильмінің түсірілім алаңында орын ала жаздаған қайғылы оқиғадан кейін Сіздің күйзеліске түсіп, ұзақ уақыт жалғыз өмір сүргеніңіз авторлық кино көрермендеріне мәлім. Кейін сол шырмаудан шықпақ түгіл, кинематографияға қайта оралтқан картинаңызбен (Пьета) Венеция кинофестивалінде "Алтын арыстанды" алдыңыз. Шашыңыз ағарса да, жаныңыз жасарғанға ұқсайды. Сіз үшін өте қуаныштымын.

- Шындығында мен шашымды аққа бояп алғам (күліп).

Біраз үнсіздіктен кейін "Бояудың аты - Өмір" деді.  

- Шыңыраудан шығарған қандай құдірет?

- Корей халқында "Ариран" деген ұлттық ән бар. Фольклор болған соң оның ондаған нұсқасы орындалады. Бірақ мәні бір. "Адам боп өмірге келу жазылған екен, тағдырды қабылдай біл" дейді. Адам боп туу, адам боп өмір сүру, адам боп жаратылу мұңы. Тағдырдан құтыла алмайсың. Соны ұғыну. Менің өз "Арираным" бар.

Теңселіп отырып орындап берді. Оның "Арираны" зарлы еді. 

P/S: "Бәлкім, кино – жүрегіміздің үні шығар",- деді маэстро кетерде.

А. Оралқызы