Қазақстан режиссері және сценарисі Эмир Байғазин түсірген Өзен (Река) көркем фильмі Халықаралық Венеция кинофестивалінің Көкжиектер (Горизонты) атты бағдарламасына іріктеліп алынды.Бұл конкурстық бағдарламада кинематография саласы дамуының жаңа тенденцияларын ұсынатын көркем және деректі фильмдер көрсетіледі. Өзен фильмінің осы бағдарламаға қатысатыны туралы бүгін Венеция кинофестивалінің арнайы баспасөз отырысында белгілі болды. Өзен фильмі Аслан туралы түсірілген трилогияның соңғы бөлімі. Оның алдында түсірілген Асланның сабақтары (Уроки гармонии) және Төрт оқиға (Раненый ангел) фильмдері 2013 және 2016 жылдары Халықаралық Берлин кинофестивалінің негізгі бағдарламасында көрсетілген болатын. Өзен фильмі өркениеттен алысжерде тұратын, қаладан келген қонақтан кейін өмірлері күрт өзгере бастағанбес ағайынды туралы баяндайды. Фильмнің түсіру жұмыстары Оңтүстік Қазақстан облысында жүргізілді. Картинада басты рөлдерді Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған кәсіби сауаты жоқ актерлер сомдады. Айта кетсек, бұл картинада Эмир Байғазин қоюшы оператор және бас продюсер қызметін атқарған. Екі жыл ішінде фильм түсірілімі барысы туралы ешқандай да ақпаратпенбөліспеген едік, енді міне көрерменге ұсына алатынызға қуаныштымыз, деді Эмир Байғазин. Фильмнің жарыққа шығуына бірнеше мемлекеттер атсалысты, олар: Қазақстан (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы Қазақфильм АҚ, Emir Baigazin Production), Норвегия (Norsk Filmproduksjon) және Польша (Madants). Айта кетсек, бұл туынды сценарий кезіндеMPA APSA Азия-Тынықмұхиттық киноассоциациясы грантыныңқолдауына ие болды. 2017 жылы маусым айында бұл жоба алғаш рет Карловы Вары Халықаралық кинофестивалінің кинонарығында танысытырылып, ол жылы қыркүйекте киножоба Варшава халықаралық кинофестивалі кинонарығында Pitch and Meet жобалар байқауында бірінші орынды иеленген болатын. Картинаның пост жұмыстары 2018 жылы жаз айында Польша кинематография институтының қаржылай көмегімен Варшавадағы Orka және Dreamsound студияларында жүргізілді. Мерейтойлық Халықаралық Венеция кинофестивалі 2018 жылы 29 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді. Былтыр режиссер Эмир Байғазиннің есімі Рухани жаңғыру бағдарламасыаясында жалпыхалықтық онлайн-дауыс беруарқылықұрастырылған Қазақстанның 100 жаңа есімі тізіміне кірген.