- Негізгі бет
- Кино
- Әміре: ерте үзілген...
Әміре: ерте үзілген ән
3 сәуір күні Алматы қаласында "Әміре" көркем фильмінің премьерасы өтті. Көрсетілімнен кейін пресс-конференцияға фильм режиссері Джефф Веспа, Әміре Қашаубаев рөлін сомдаған Санжар Мәди, Мұстафа Шоқай рөліндегі Еркебұлан Дайыров, фильмнің бас кеңесшісі Жарқын Шәкәрім және Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы қатысып, фильм жайында пікірлерін айтты.
"Әміре. Ерте үзілген ән" Кино дәл осындай үндеумен жарыққа шықты. Бір қарағанда Әміре Қашаубаевтың тұтас ғұмырын негізге алған биографиялық туынды болып көрінеді, әсте олай емес. "Әміре" фильмінде тенор дауысты таланттың 1925 жылы Париждегі Exposition Internationale des Arts Decoratifs et Industriels Modernes аясындағы дүниежүзілік музыка конкурсында өнер көрсетуі мен Парижде өткен күндері көрсетіледі.
Фильм Алматы облысындағы Үшқоңыр ауылы және Рига мен Лос-Анджелес қалаларында түсірілген.
Картинада қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай, КСРО делегациясы және америкалық композитор Жорж Гершвин мен фотограф Лии Эббот желілері бір сюжеттік тізбекте астасып жатады. Фильм сценарийін америкалық Бенжамин А. ванн дер Вин жазып шыққан. Бас кеңесші Жарқын Шәкәрімнің айтуынша: "Бұл көркем фильм болғандықтан, түрлі көркемдік детальдар қосуға тура келді. Мысалы Әміренің Жорж Гершвинмен, Лии Эбботпен көрмеде кездескені рас. Ал олардың арасындағы байланысты, сюжеттік желіні сценарист өзінше дамытты. Ал тарихи-биографиялық тұрғыда фильмде болған оқиғаның бәрі де рас".
Басты рөлді сомдаған Санжар Мәди өз жұмысы туралы былай деді: "Аңызға айналған тұлғаны үлкен экранда сомдап шығу – мәртебе. Фильмде домбырамен ән салатын болғандықтан, үш ай бойы домбыра үйрендім. Үйренуге маған күйші досым, өз ісінің шебері Нұржан Тәжікенов көмектесті. Үлкен планда түсірілген кадрларда Нұржанның қолын байқасаңыздар болады. Ал жалпы түсірілім тобы үшін әр күн нағыз сынақ болды. Фильмді жасауға қатысқан барлығына алғыс айтамын".
Фильмдегі ән сайысында Әміре Қашаубаев репертуарындағы "Балқадиша", "Үш дос", "Дудар-ай", "Бес қарагер" әндері орындалады.
Мұстафа Шоқай рөліндегі Еркебұлан Дайыров фильмнен алған тәжірибесі жайында сөз қозғады: "Бұл біз үшін үлкен мектеп болды. Түсірілім тобының 85%-ы – шет елдік мамандар. Атмосфера бөлек, актерге қойылатын талап та бөлек болады екен. Әміре әлемдік деңгейге лайықталып түсірілген фильм болғандықтан, жауапкершілік те тым ауыр. Не дегенмен біз жоғалтып ала жаздаған өз ұлы тұлғамызбен қайта қауыштық. Меніңше, рухани жаңғырудың алғашқы қадамдары осындай болу керек".
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы: "Фильмге дайындық 2014 жылы басталған. Ал премьерасын 2017 жылғы ЭКСПО-2017 көрмесіне қарай жасау жоспарланған. Алайда авторлық құқық жұмыстарына біраз уақыт жұмсап, фильмді созып алдық".
Картинаның бас продюсері, DAR компаниясының негізін қалаушы Әлидар Өтемұратов фильм туралы пікірімен бірге, тарихи тұлғалар экранизациясы жайында сөз етті: "Әміре Еуропа қошемет көрсетіп, аса жоғары бағаланған қазақтан шыққан алғашқы әнші бола тұра, туған елінде өз деңгейінде насихатталмаған. Сондықтан, мен үшін осындай ерекше дарын иесі туралы көпшіліктің білгені маңызды. Біз замандастарымызға Әміре Қашаубаевтың қиын өмір жолын және фильмде шырқалатын оның даусын естуге мүмкіндік бергіміз келеді. Әмірені жақын танып, ұлттық дәстүрлі өнермен етене танысқан отандастарымыздың бойында мақтаныш сезімі оянады деп сенемін. Себебі, музыка мәдениетін қалыптастырған мұндай тұлғалар тарихымызда мәңгі қалуы тиіс. Әлем кинематографиясында музыкалық драмалар көп емес. Сондықтан, көрермендерге бұл жанрдағы картинаны көріп, өткен ғасырдың 30-жылдарына саяхат жасау қызықты болуы тиіс. Бұл Қазақстан кинематографиясын жаңа деңгейге көтеретін бірегей картина болмақ".
"Әміре" тарихи драмасы 5 сәуірден бастап Қазақстан кинотеатрларына жол тартады.
Massaget.kz