Уилл Смит пен робот Софияның сәтсіз қарым-қатынасы

Уилл Смит пен робот Софияның сәтсіз қарым-қатынасы
Фото: ru.publika.md

Атақты актер Уилл Смит адамға қатты ұқсайтын робот Софиямен кездесуге барды. Кайман аралының әдемі пейзажына қарамастан кездесу сәтсіз аяқталды.

Алдымен, София Уилл ұсынған шараптан бас тартты. Кейін оның әзіліне күлмек түгілі, «мені юмор қызықтырмайды» деп жауап берді. Ал актердің сүйікті музыка туралы сұрағына робот бастапқыда жауап бермеді. Кенет София өзінің қандай материалдардан жасалғанын айта бастады, кейін музыка тақырыбына қайта оралып электронды музыканы ұнататынын, хип-хопқа да қарсы емес екендігін айтты. Ал, Смит орындайтын әндерlдің оған ұнаймайтыны да белгілі болды. «Мен сенің әндеріңді тыңдадым. Олар менің талғамыма сәйкес келмейді», – деді София. 


Актердің Софияға жасаған «қадамы» сәтсіздікпен аяқталды. Жігіттің жүрегін «тасжүрек» бикеш «Біз дос болып қалайық. Жақын араласып, бір-бірімізді тани түсейік. Қазір сен менің достарымның қатарындасың», – деп жаралады. Уилл соңында роботтың кемшіліктерін айта отырып, «Қайта кездескенше, София», – деп роботпен қоштасты.

Т. Есқали