Андрей Звягинцевтің кинокартинасы BAFTA байқауына ұсынылды

Андрей Звягинцевтің кинокартинасы BAFTA байқауына ұсынылды
Фото: vk.com

Ресейлік танымал режиссер Андрей Звягинцевтің «Нелюбовь» кинокартинасы кинематография саласындағы аса беделді BAFTA байқауына ұсынылды. Фильм «Шетел тіліндегі үздік фильм» аталымы бойынша бақ сынайды. Звягинцевпен «Алтын глобустағы» Анджелина Джоли («Алдымен олар әкемді өлтірді: Камбоджа қызының естелігі»), Пан Чхан Ук («Жалшы»), Асгар Фахради («Коммивояжер») бәсекелеседі.

Британиялық кино және телевидение өнері академиясының 71-ші салтанатты марапаттау рәсімі 18 ақпанда Лондон қаласында өтеді.

Күздің басында «Нелюбовь» кинокартинасы «Оскар» марапатына ұсынылды. Нәтиже жылдағыдай желтоқсанның соңында белгілі болады. Белгілі режиссер Алексей Учитель бұл қадамды «әділ шешім» деп бағалады.

«Нелюбовь» фильмінің премьерасы 70-Канн фестивалінде болды. Естеріңізде болса, әлем көз тіккен дүбірлі шарада Джессика Честейн, Педро Альмодовар, Паоло Соррентино, Уилл Смит, Моника Беллуччи, Белла Хадид, Лили-Роуз Депп, Джулианна Мур, Ума Турман, Эмили Ратаковски, Робин Райт, т.б. аңызға айналған тұлғалармен қатар, қазақ әншісі Димаш Құдайберген де қызыл кілемнен жүріп өтті. Биыл көктемде өткен байқауда «Қазылар алқасының жүлдесін» алған картина ажырасу алдындағы ерлі-зайыптының тағдыры мен екі ортада қалған 12 жасар Алешаның жай-күйінен сыр шертеді. 

А. Оралқызы