«Виктория мен Абдул» фильмі

«Виктория мен Абдул» фильмі
Фото: YouTube

Атыс-шабысты, қан төгісті, сұрқай түсті ұнатпайтын, бірақ тарихи фильмді жақсы көретін болсаңыз, сізге арналып жаңа фильм түсірілді. Оның тағы бір ерекшелігі – Абдул Каримнің 2010 жылы табылған жеке күнделігі бойынша, шынайы оқиғаға негізделіп түсірілуі.

Кеше 12 желтоқсан күні UNIVERSAL PICTURES студиясы, «Sulpak Cinema» компаниясы ұйымдастыруымен Алматы қаласы "Lumiera Cinema (ЦУМ)" кинотеатрында «Виктория мен Абдул» фильмінің жабық көрсетілімі өтті.

Режиссері: Стивен Фрирз
Сценарий авторлары: Ли Холл, Шрабани Басу
Рөлдерде: Джуди Денч, Али Фазал, Тим Пиготт-Смит, Эдди Иззард, Адиль Ахтар, Майкл Гэмбон, Пол Хиггинс, Оливия Уильямс, Фенелла Вулгар, Джулиан Уэдэм

Фильм 18 жасынан 81 жасына дейін Ұлыбританияны, Ирландияны, кейін Индияны қоса басқарған патшайым мен оның қарапайым құлы, кейін дін үйрететін ұстазына айналған Абдул Карим туралы. Киноны көре отырып, жай ғана тарихтан хабар алып қоймай, патша-патшайымдардың, ел басшыларының өміріне, өзіне басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Басты кейіпкер Виктория айналасында мыңдаған құлдары бар болғанымен, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғысқа айналып, бүкіл тілегі бұлжытпай орындалып отырғанымен соншылақты жалғыз, соншалықты бақытсыз. Құлдарына, алдына баратын адамдарға қойылатын ең басты да маңызды талап – басын көтермеу, патшайымға тіке қарамау. Бұл шартты алғаш Үндістаннан келген мұсылман жігіт бұзады да, осымен барлығы өзгеріп кетеді. Оның өмірін өзгертіп, өзін өте жақсы сезінуіне әлдеқандай Үндістаннан келген Абдул себеп болады.

Әйел адам билік үшін жаратылмағанына, жаны нәзік, жараланғыш келетініне, эмоцияға бейім болатынына, билік оны тіпті өз балаларынан да теріс айналдырып, дұрыс тәрбиелеуге мүмкіндік бермейтініне тағы бір рет көз жетеді. Фильмдегі жайлы, жағымды өмір, ашық-қанық түстер адамға жақсы көңіл-күй сыйлайды. Он алты жастан асқандарға көруге рұқсат етілген фильм жастардың танымын арттырып, тарихқа қызығушылығын оятады. Өз бас пайдасынан бұрын, адамгершілікті ойлап, басқалармен қалай қарым-қатынас орнатуды ғибраттайды.

14 желтоқсаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрынан көріңіздер.

@. @assel_assanova