- Негізгі бет
- Кино
- Ғылым Ордасында «Оралман»...
Ғылым Ордасында «Оралман» фильмі көрсетілімі өтті
Кеше қара шаңырақ Ғылым Ордасында «Аманат» киноклубының ұйымдастыруымен режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмі қалың жұртшылыққа көрсетілді.
Бұл шараға режиссер бастаған барша түсірілім тобымен қоса, жазушы, 200 мыңнан астам қазақты ата қонысына бастап келген тұлға Қабдеш Жұмаділов те келді.
Алдымен көрсетілім болып, кейін оны көрермендермен талдап, пікір алмасуға жалғасты. Жиында елге қайта оралған қандастарымыз да сөз алып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Картина көпшіліктің көңілін босатып, көрермен ыстық ықыласпен қабылдады.
Фильм сюжеті туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыздың тағдырын баяндайды. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен.
Естеріңізге сала кетейік, режиссер Сәбит Құрманбековтің аталған фильмі осыған дейін Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, «Азияның үздік фильмі» жүлдесін жеңіп алды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген аталмыш фильм осы фестивальдің «Шығыс Панорамасы» секциясында 12 елден келіп түскен 15 толықметражды картинамен бақ сынаған еді.
Сондай-ақ, Отандық драма ХХ Халықаралық «Religion Today» кинофестивалінің «Үздік фильм» номинациясын жеңіп алды. Кинокөрсетілім Италияның Тренто қаласында өтті. Қазақстандық кинокартинаға Ауғанстан, Ұлыбритания, Ирак, Италия, Ресей, Словения және Эстония елдерінен келген 41 киножұмыс бәсекелес болды. Жалпы, Religion Today кинофестивалі – кино мен дін тақырыптарын қамтитын халықаралық байқау. Фестивальдің басты мақсаты – түрлі елдер мен халықтардың конфессиялары арасында мәдени диалог құру.
А. Оралқызы