Шерлок Холмс болғым келеді

Шерлок Холмс болғым келеді
Фото: sherlockshome.net

Гай Ричидің фильмдері мен сериалдарынан соң, Артур Конан Дойлдың кейіпкері кең танымалдылыққа ие болды. Ол енді ақылды, салмақты ізкезуші ғана емес, барлығы еліктейтін «суперізкезушіге» айналды. Ол – керемет зияткерлік қабілетке ие. Ал, шындығында сіздің қолыңыздан да бұл істің келуі әбден мүмкін. Тек жаттығуыңыз керек.

1. Ішкі түйсік: 
Көп адамдар ішкі түйсікті ең мықты қару ретінде қабылдай бермейді. Бірақ, Шерлок логикаға қарағанда, ішкі түйсіктің көмегі зор екендігін талай мойындаған болатын. Әрине, Шерлоктың ішкі түйсігі оның байқампаздығы мен білімінің арқасында жетілген.

2. Адамдарды бақылай отырып, қорытынды шығару:
Алдымен, адамның сөйлеуіне, сыртқы келбетіне, іс-қимылының ширақтылығына мән бере қараңыз. Егер мүмкіндігіңіз болса, психологиямен байланысты кітаптарды жиі оқыңыз. Сол кезде адамның қай уақытта өтірік, қай уақытта шындықты айтып отырғанын білетін боласыз.  

Тәннің тілін зерттеңіз. Ол ешқашан өтірік айтпайды. Адамның тәні өзіне бағынбаса, адамның не айтып тұрғаны маңызды емес. Оларды күнделікті өмірде бақылаңыз. Адамның іс-әрекеті оның шынайы болмысын көрсетеді.

Сонымен қатар, адамдармен сөйлесе білу, олардың сеніміне кіру деген дағдылар да маңызды.

3. Байқампаз болыңыз:
Шерлоктың мына сөзі есіңізде болар: «Сен қарап тұрсың, бірақ бақылап тұрған жоқсың». Иә, бақылау керек. Біз қараймыз. Бірақ, көзіміздің көру аймағымен шектелеміз. Ал, байқампаз болсаңыз әрі бақылай алсаңыз, көп адам байқай бермейтін нәрсені көзіңіз шалатын болады.

Заттарға қарай отырып, олардың кішкене бөлігіне дейін мән беріңіз. Оны қарапайым өнер мұражайларындағы картиналарға қарап-ақ жаттықтыруға болады немесе пазл құрастырыңыз.

4. Тыңдаңыз:
Адамдар ойы мен сезімін ашық айта бермесе де, дұрыс тыңдап үйреніңіз. Не айтылғаны маңызды, бірақ, ненің назардан тыс қалғаны да маңызды екенін естен шығармаңыз. Адамның санасында неше түрлі ойлар бар. Адам тек керектісін ғана сыртқа шығарады. Жақсы тыңдай білетін адам жетістікке оңай қол жеткізеді.

5. Тез шешім қабылдамаңыз:
Әсірсе, адамдардың сыртқы келбеті мен сөйлеген сөзіне қарап оның бағасын түсірмеңіз. Ақымақ болып көрінгенімен, түрлі қулық әркеттерге баруы әбден мүмкін немесе белгілі бір мәселенің шешімін таба алмай қиналған шағыңызда оның пайдасы тиюі ғажап емес.

6. Логиканы бірінші орынға қойыңыз:
Ішкі түйсік – жақсы, бірақ, логика ойлау мен әрекет кезінде міндетті түрде болуы шарт. 

Мысалы, досыңыздың жейдесіндегі қара даққа назар салыңыз:

• Бұл дақ қайдан пайда болуы мүмкін?
• Бұл тамақтан қалған ба әлде кофе ме?
• Ол әр уақытта тазалықты сүйетін, енді мына даққа назар аудармағаны қалай?
• Бұл дақ қай уақытта пайда болды?
Бұл сұрақтарға жауап іздеп көріңіз.

7. Сараптама жасаңыз:
Барлық мүмкін деген нұсқаларды салыстырыңыз, сараптама жасаңыз. Бес негізгі сұраққа жауап іздеңіз: Кім? Қашан? Не? Қайда? Не мақсатпен?

Шерлок Холмс болу үшін қылмыс әлемінде жүру маңызды емес. Оның бар дағдылары өміріңізді жеңілдетері сөзсіз.

Екінші Шерлок болуға дайынсыз ба?

Т. Есқали