Режиссерлер аспаздық видео түсірсе қалай болар еді?

Режиссерлер аспаздық видео түсірсе қалай болар еді?

Квентин Тарантино, Уэс Андерсон, Альфонсо Куарон мен Майкл Бэй сынды кинематография өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар даңқты режиссерлер аспаз немесе фуд-стилисі болса ше? Рас, қызық болар еді. Мұндай идея режиссер Дэвид Маның ойына келген екен. Ол осыны көрсету мақсатында аталған режиссерлердің стилінде бірнеше аспаздық бейне ролик дайындаған. Олардың қызық болып шыққаны сонша, кинематография тарихынан аса хабары жоқ көрерменнің өзі "Биллді өлтіру", "Гравитация", "Трансформерлер", "Гранд Будапешт қонақүйі" фильмдерінің стилистикасын жазбай таниды. 

Шағын роликтердің әрқайсысына тоқталып өтетін болсақ, Майкл Бэйдің фильміне режиссер вафли дайындау әдісін таңдапты. Бэйдің қолтаңбасын фильм басындағы жазудан-ақ байқауға болады. Дайындау үдерісі барысында орындалатын музыка көлік қозғалысын еске салады. Ал, ұнның "жарылуы" тура "Трансформерлерді" көріп отырғандай әсер қалдырады. Дэвид Ма Куаронның атмосферасын да дәл берген. Маның Тарантиносы тіптен баурап алады. Тефтель қосылған спагетти дайындау кезінде қызанақты турау үдерісі – нағыз боевик. Бұған "қантөгісті соусты"  қосыңыз! Дэвид Маның соңғы ролигі Уэс Андерсонның шығармашылығына арналады. Егер сіз "Гранд Будапешт  қонақүйі " фильмін ұнататын нағыз эстет болсаңыз, бұл видео дәл өзіңізге арналған.

 

А. Оралқызы