Ана сыйлаған қанат

Ана сыйлаған қанат
Фото: @alatau_film

Кеше 13 қыркүйек күні, "Alatau Film" кинокомпаниясы және «Sulpak Cinema» компаниясы ұйымдастыруымен Kinopark 11 Esentai IMAX кинотеатрында «Ана сыйлаған қанат» (Крылья, подаренные матерью) фильмінің жабық көрсетілімі өтті.

Режиссері: Қажымұқан Қалымбетов
Актерлер: Сануржан Сүлейменов, Жания Қалиева, Гүлнар Ералиева, Нышанбек Жұбанаев, Еркен Губашев

Күздің уақытында қыстың атмосферасын сағынып жүрсеңіз, ол әсерді кино көру арқылы сезінуге мүмкіндік туды. Қыс болса да жанға жылылық сыйлайтын, сонау жиырма жыл бұрынғы уақиға суреттелген фильмнен ерекше жайлылық, жылулық лебі еседі.

Оның анасы сүт қатқан қантсыз шай ішеді. Оның анасы тігін тіккен кезде ән салады. Ол анасының әр қылығын өлеңге қосады. Бірақ мұны өзіне оқи қоймайды. Ол – ақын! Мықты ақын! Оның тәңір берген дарынына бас иетіндер көп. Ақынға қарапайым қоғамда өмір сүру қиын. Оған көрінген адам «Ақынсың ба не? Қане, өлеңіңді оқышы ал» деп мазасын алады. Оны «көшенің батырлары» кекетіп-мұқатып келемеждейді.

Бірақ ақынның әрдайым қолдаушысы болады. Үнемі жанынан табылып, қолдау сөздерімен демеп отыратын балалық кіршіксіз махаббат та осы фильмнен көрініс табады.

«Ромеоның Джулиеттасының» әкесі де ақынның қолдаушысы, ұстазы, бағыт берушісі. Үлкен байқауға қатыстырып, болашағына даңғыл да сара жол салуға да септігі тиген – осы ұлы ұстазы. Ол кісіге Құдай ақындық талантты бермесе де, ақынды баптап, шыңға шығаратын ұстаздық қабілетті берген.

Ақынның жалғыз ағасы бар. Бір анадан ала да туады, құла да туады. Ағасы өзі секілді терең ойлы, ерекше көзқарасты адам емес. Қалада тұрып, бос мақтанмен ғана өмір сүреді. Араласатын адамдары да өзі сияқты. Анасы үшін шыр-пыр болып, өлердегі сөзін айтып тапқан қаражатын тонап кетеді. Есірткіге деген құмарлық ештеңеге тоқтау сала алмайды. Оның түбіне жеткен де осы.

Ал Дамирдің ақын інісі Амирдің қызметтес жолдастары достық ниетін танытып, бәрімізде де ана бар деп, операциясына қаржылай көмектеседі. Ананың құдіретін, ана десе қандай тас жүрек болса да жібитінін әсерлі жеткізеді. Ақындықтың қасиеті де одан кем емес. Әлдекімдер күлкі етіп, мазақ қылғанына қарамастан, өлеңмен де биікке шығуға болатынын, поэзиямен де нан тауып жеуге мүмкіндік бар екенін дәлелдейді.

Қалған қызығын фильмге барып көріңіз. Бүгін 14 қыркүйектен бастап кинотеатрларда «Крылья, подаренные матерью» фильмі сатылымға шығады.

@. @assel_assanova