Мэрилин Монроны бізге танытқан фильм

Мэрилин Монроны бізге танытқан фильм

Режиссер Билли Уайлдердің «В джазе только девушки» фильмі 1959 жылы жарыққа шықты. Фильм 1951 жылы түсірілген «Фанфары любви» неміс фильмінің желісімен түсірілген. Ал ол өз кезегінде 1935 жылы жарыққа шыққан француз лентасының көшірмесі.


Чикаго музыканттары Джо мен Джерри ойда жоқта қылмыскерлердің іс-әрекетіне куә болады. Амалсыздан әйел бейнесіне еніп, олар Флоридаға жол жүріп бара жатқан пойызға мінеді. Өздерін Джозефина және Дафна деп таныстыратын олар қыздардан құрылған джаз тобының мүшелері болып шыға келеді. Алайда, джаз әншісі Джоның Джозефина екенін аңғармай, оған ес-түссіз ғашық болады. Ал қартайған мырза Дафнаға сөз салады. Қылмыстық топтың басшысы мән-жайды білген соң, куәгерлердің сазайын тартуды жөн деп санайды.

Фильмге Мэрилин Монро, Джек Леммон, Тони Кертис, Дэйв Барри сияқты бірқатар танымал кино жұлдыздары түскен. Фильм «Оскар» сыйлығы мен үш мәрте «Алтын глобус» жүлдесін иеленді. Ал Мэрилин Монроның орындауындағы «I Wanna Be Loved by You» әні кеңінен таралып, әлі күнге дейін сұранысқа ие.


«В джазе только девушки» фильмі Америка кино-өнер институтының «100 жыл... 100 комедия» тізімінде бірінші орында болды. «Well, nobody’s perfect» сөзі «100 жыл... 100 Киноцитата» тізімінде 48-орынды иеленді.


Қызықты мәліметтер:

  • Кеңес Одағының цензурасы фильмнің 25 минуттық кадрларын қиып тастаған. Бұл кадрларда Мэрилин Монроның сүйіктісімен болған сәттері, басқа да кейіпкерлердің сүйісіп тұрған кездері түсірілген.
  • Картинаның жұмысшы атауы «Бүгін емес, Джозефина» (Not Tonight, Josephine)  болатын.
  • Ең әуелі фильмді түрлі түсті қылып түсіру жоспарланған. Алайда, Джозефмина мен Дафна  рөлін сомдаған актерлердің жүзіндегі ауыр косметика түрлі-түсті кадрда нашар көрінген. Бірнеше түсірілімнен кейін режиссерлер киноны түрлі түсті қылуды жөн деп санамады.
  • 1985 жылы Кеңес Одағында фильм екінші рет кинопрокатқа шыққан кезде оны 28,9 млн көрермен қараған. 

Суреттер ғаламтор беттерінен алынған

Ғ. Ұзақ