- Негізгі бет
- Кино
- Күзгі романтикаға толы...
Күзгі романтикаға толы фильмдер
Көптен күткен алтын күз толыққанды салтанат құрып тұрғанда сұлу шаһар ортасындағы саябақта серуендеу кеудеңді романтикаға толтырып, құдды бір қанат бітіп ұшып кетердей сезімге бөленесің. Күзбен бірге келетін пәлсапалық ойларға бейім көңіл өз жаныңмен үйлесімділікте болуға шақырып, өткінші өмірдің әр сәтінен көркемдік көруге баулиды. Осындай романтикалық сарындағы күзгі күйге корица қосылған кофе, алма бәліші мен көркемфильм тұздық болары анық. Ендеше, тамашалайық!
Нью-Йорктегі күз
– Мен сенің қасыңда тым кәрімін.
– Ештеңе етпейді, мен антиквариаттар жинағанды ұнатамын.
Күзгі Нью-Йорк көркімен көз тартады. Киноны көре отырып бұл алып қаланың қызыл-сары жапырақтарға көмілген Орталық саябағында қыдырғың-ақ келеді. Дәл сол бақта Уилл Кин есімді мейрамхана иесі өзінің құрбысына көңілі суыған соң, үріп ауызға салғандай сұлу бикеш Шарлотта Филдингті жолықтырады. Махаббат жасқа қарамайды. Бірақ...
Тәтті қараша
– Сен менің Қарашам болуға келісесің бе?
– Келісемін.
Нельсон Мосс есімді жұмысбасты жігіт айналасына бұрылып қарауға мұршасы жоқ. Үнемі асығады да жүреді. Осыған үйреніп кеткені сонша, өмірін басқаша елестете алмайды. Бірақ оның өмірінде Сара Дивер есімді сырт көзге көңілді әрі күш-қуаты тасып тұрған бикеш кездеседі. Егер Сараның қолынан келсе, Нельсон оның тағдырын түзеген адамдар тізіміндегі кезекті жеңісі болмақ...
Көл жағасындағы үй
- Өмір деген роман емес, ол кез-келген уақытта үзілуі мүмкін
Кейт Форестер есімді доктор көл жағасында орналасқан үйінен басқа қалаға көшіп кетеді. Кетер алдында ол үйдің жаңа қожайынына хат қалдырады. Көл жағасындағы үйдің жаңа тұрғыны Алекс Уайлермен хат алмасу барысында олардың әртүрлі уақытта өмір сүріп жатқаны белгілі болады... Шын ғашықтарды ештеңе де, тіпті уақыттың өзі ажырата алмайтынын дәлелдейтін ғажайып махаббат оқиғасы.
Сізге хат келді
– Сіз Нью-Йорктегі күзді ұнатасыз ба?
Ал, мен болсам күз келгенде оқу құралдарын алғым кеп тұрады.
Бұл фильм Нью-Йорктегі барлық жыл мезгілдерін көрсетеді. Бірақ, керемет күз бейнесімен басталып, жүрекке жылу сыйлайды. Ғаламтор жаңа пайда болған кезде электронды пошта арқылы танысқан ғашықтар хикаясы.
Өлі ақындар қоғамы
– Сөздер мен идеялардың күллі әлемді өзгертуге қауқары жетеді.
Жаңа оқу жылы басталды. Оқушылар жетістіктерге жетіп, ата-аналарымыздың үмітін ақтаймыз деген үлкен құлшыныспен мектеп табалдырығын аттайтын шақ. Мектепке жаңа әдебиет мұғалімі келген. Алғашында өзара түсінісе алмағанмен, кейін ол оқушылардың өмірін өзгерткен тұлғаға айналады.
А. Оралқызы