Пит және оның айдаһары

Пит және оның айдаһары
Фото: disney.com

Кеше Kinopark 11 Esentai кинотеатрында «Пит және оның айдаһары» фильмінің жабық көрсетілімі өтті, – деп хабарлайды Massaget.kz порталының тілшісі.

Ата-анасын көз алдында жоғалтқан 5 жасар Пит алып орманда бір өзі қалады. «Адасқан Эллиот» атты кітабын құшақтаған бүлдіршін жалғыз емес еді. Жергілікті мекенде аңызға айналып, орман қожайыны атанған, адамдардың көзіне мүлдем көріне бермейтін алып құбыжық болатын. Балақай Пит оның мейірімді екенін көзінен-ақ танып қойған.

Арада 6 жыл өтеді. Пит жан досы, бауыры болып кеткен айдаһарға қолындағы кітаптың кейіпкері Эллиоттың есімін қойған. Орманның түкпір-түкпірін жатқа біліп өскен бала өзін бұл әлемде жалғыз жүрмін деп сезінетін. Кенет орман қарауылын көргенде, бұл ойы бұрыс екенін түсінеді.

Орманнан, жануарлардан басқа ештеңе көрмей өскен балаға адамдардың қозғалысы, олардың сөйлеуі тың көрінеді. Олардың көзіне түсіп қалған соң, адамдар Питті өздерімен бірге алып кетеді. «Ата-анасымен саяхатқа шығып, адасып қалған болар» деген секілді неше түрлі пікірлер көбейе бастайды. Ал ол өз Эллиотын сағынады. Технологиясы мен танымы өзгерген қаланы көрген Пит жасыл теректі, сарқырамалы өзені бар, аспаны тым жақыннан көрінетін орманымен алмастыра алмайтынын біледі. Өзімен қатар Натали есімді қызбен танысып, қала мәдениетін түсінеді. Адамдардың қоғамдағы орнын, қалай азықтанып, қалай жуыну керектігін үйренеді. Бірақ, солтүстікте қалған орманына қарай береді.

Эллиот айдаһар да ойда жоқта орманшылардың көзіне түсіп қалады. Әркімге көріне бермейтін қасиетімен жасырынып жүрген оны орманшыларды өздері «қытығына» тиіп, қаһарын қайрап жіберген. Орманда алып құбыжықтың барын бұрын естіп жүрген олар сонда да дес бермеп еді, айдаһар оларды біраз әуре-сарсаңға салады. Орманнан алды-артына қарамастан қышып шыққан арам ойлы орманшылардың ізімен Эллиот та қалаға ұшып жетті...

Бала мен айдаһардың арасындағы берік байланыс фильмде анық көрініп тұрады. «Кинг Конг» фильмінде көтерілген мәселе бұл фильмде көрініс тапты. Кинг Конг алғаш тапқан адам атаққұмарлыққа салынып, алып жаратылысты өз меншігіне алатын тұсы мен орманшының Эллиотты меншіктеуі ұқсайды. Адамзат баласының түзде өмір сүріп, жаңа ортаға тап болатын (Маугли, Тарзан секілді) шытырман оқиғаға толы фильмдердің қатарын «Пит пен оның айдаһары» толықтырды.

1977 жылы «Питтің айдаһары» атты анимациялық фильм жарыққа шыққан болатын. Оқиға желісі бір-біріне ұқсайды, тек алғашқысында Пит ата-анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жерінен қашып кетеді. Екі фильм де Disney студиясына тиесілі. Фильм Жаңа Зеландияда түсірілген. 

Фильм еліміздің барлық кинотеатрында көрсетліп жатыр.

Г. Берік