Үздік сериалдар топтамасы

Үздік сериалдар топтамасы
Фото: vk.com

Бос уақытыңызда сериал көргіңіз келе ме? Бірақ қайсысын қарарыңызды білмейсіз. Ендеше біздің талғамға сенім артып, мына бір телехикаяларды тамашалауға кеңес береміз.

Фатмагүлдің жазығы не?

Қараңғы түнде кемемен теңізге шығатын сүйіктісімен қоштасуға бара жатқан қыз есірткі шегіп алған төрт жігіттің қолына түседі. Олар оның арын таптайды. Ал, жігіті болса, анық-қанығына бармай жатып мұны көзге шөп салғанға балайды. Жан-жақтан қыспаққа түскен сорлы қыз қу жеңгесінің айтқанына амалсыздан көнеді. Дұшпандарымен келісімге келіп, опасыздардың біріне күйеуге шығады. Фатмагүл сөйтіп азап тартады, армандарынан бас тартады. Тағдыр болса бәрін ойластырып қойған...

Өмірге нала қызғалдақтар

Түркиядағы танымал телехикаялардың бірі. Әлеуметтік мәселе көтергені үшін марапат та алған болатын. Сериал кейіпкерлері - ата-ана қарауынсыз қалған қыздар. Бірі тұл жетім, бірі тірі жетім. Олар ақылды, мейірімді, бауырмал. Тағдыр тепкісін көрсе де шыншыл, әділетсүйгіш, арманшыл. Бір-біріне адал дос, қамқор бауыр. Кілең шіріген байлар оқитын колледжге кездейсоқ іліккен олар бай балаларды бақытты болуға үйретеді. Осындай мықты, жүздері жарқын қыздар бәрібір отбасы жылулығын, ана құшағын аңсайды.

Өлімге жетелейтін махаббат

Оның ағасы қыздың кесірінен қайтыс болады. Ол сол үшін кек алғысы келеді. Қыз болса көркіне қарасаң көз тоймайтын ажарлы ару, атақты жұлдыз. Қыздың оққағары болып жұмысқа орналасқан ол шындықтың шымылдығын ашпақшы. Шындық шын мәнінде өзгеше. Ол қызға, қыз оған ғашық болып қалады. Бірақ бұл махаббат мүмкін бе?

Қара махаббат

Көрілім бойынша Түркияда жоғары рейтинг алған сериал. Басты рөлді "Сұлтан Сүлеймен" телехикаясындағы Вали бей образымен біздің көрерменге таныс атақты актер Бурак Өзчивит ойнайды. Оның партнері жас та болса тәжірибелі, талантты Неслихан Атагүл. Басы тәтті болып басталған махаббат оқиғасының арты қатты. Қыз шарасыздықтан сүйіктісіне емес, сүйкімсізге күйеуге шықты. Іштегі дертін ғашығынан жасырды. Махаббатына жасалған қиянатқа шыдамаған жігіт кек алуды ойластырады. Қара махаббаттың 1 маусымы аяқталды, киногерлер жалғасын түсіруді жоспарлап отыр.

Y. Almabek