"Джунгли кітабы" фильмі көрермендерге қазақ тілінде жол тартты

"Джунгли кітабы" фильмі көрермендерге қазақ тілінде жол тартты
Фото: youtube.com

Осы көктемнен бастап тұңғыш рет еліміздің барлық кинотеатрында ондаған ұрпақтың сүйікті кейіпкері Маугли қазақ тілінде сөйлейді, − деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Книга Джунглей»/«Джунгли кітабы» − ну орман арасында жыртқыш аңдармен алысып, шыңдалған, Маугли есімді кішкентай баланың оқиғасын баяндайтын эпикалық шығарма. Фильмде Акела, Балу және Багира есімді аңдар қорғансыз Мауглиді джунглидің күрделі заңдарын үйретуге және жылан тілін түсінуге көмектеседі.

Картинаның дубляжын отандық «Aray Мedia Group» кәсіби дыбыс жазу студиясы, ал ақтық дубляжды Лондонның «Shepperton» студиясы жасады. Дубляждың режиссері – Айжан Жамшитова. Ол бұған дейін «Күлбике», «Малефисента», «Көліктер» және өзге де анимациялық фильмдердің дубляжын жасауға ат салысқан. Фильмді он төрттен астам қазақстандық актер дыбыстады. «Джунгли кітабының» басты кейіпкерлерін Бекболат Құрманғожаев (Багира), Ислам Зейноллаев (Шер-Хан), Айнұр Бермағанбетова (Каа), Ақарыс Өтеулов (Маугли) сынды өнер майталмандары дыбыстады.

"Джунгли кітабы" фильмін америкалық режиссер Джон Фавро түсірді. Оны Бен Кингсли, Скарлетт Йоханссон, Билл Мюррей, Кристофер Уокен, Лупита Нионго, Идрис Эльбас секілді атақты актерлер мен актрисалар дыбыстады.  Алғаш рет  «Джунгли кітабы»  телеэкранға 1967 жылы шыққан болатын. Картинада өте қауіпті, азуы алты қарыс жолбарыс Шерхан мен шытырман оқиғаға құмар Мауглидің арасындағы теке тіресі көрсетіледі. Ол қасқырлар үйірін тастауға мәжбүр болып, жаңа өмір бастайды. Оны алда қабылан Багира, аю Балу, питон Каа және өзге де джунглидің ну орманында өмір сүретін жануарлар күтіп тұрады.

Жоба ұйымдастырушылары: «Болашақ» ҚауымдастығыАлматы қаласы әкімшілігінің және «Меломан» компаниясының қолдауымен.
Жобаның бас демеушілері: «Bank RBK» АҚ, «Exclusive Story» ЖШС.

PS. Құрметті қазақ тілі жанашырлары, біз сіздерден анимациялық фильмнің қазақша нұсқасын тамашалап, өздеріңіздің бағаларыңызды берсеңіздер дейміз. Себебі бізге сіздердің әрбір пікірлеріңіз маңызды. Бұл − Қазақстан халқының болашақ ұрпағына маңызды жоба. Жоғары деңгейде түсірілген шетелдік киноларды өз ана тіліңде көргеге не жетсін. Киноны өз ана тіліңізде тамашалаңыз!

С. Ерсін