The Calvert Journal ағылшын журналы "Қаратас ауылындағы оба" деп аталатын қазақстандық картинаны 2016 жылы күтілетін үздік бес фильмнің қатарына қосты. Әділхан Ержановтың жаңа фильмінің премьерасы Роттердамдағы кинофестивальдің негізгі конкурс бағдарламасының аясында өтті.
"Әділхан Ержанов − қазақстандық кинематографиядағы ең жарқын құбылыстардың бірі. Микроскоппен көруге болатын бюджетімен жұмыс істеуі мен құрып алған "партизандық" тобы Әділханға мемлекеттік цензураның елесі бар елде белгілі бір шығармашылық еркіндік береді және әлеуметтік критицизм шегінде фильм жасауға мүмкіндік жасайды. Бұл бюрократияны өткір сынайтын "Құрылысшыларында" бар. "Қаратас ауылындағы оба" фильмінде жаңа әкім оба жайлаған шалғайдағы ауылға барады, ал жергілікті билік мұның жай ғана тұмау екеніне сендірмек болады", − деп жазады шолуында Кармен Грей.
Ержанов сұхбатында бүгінгі қоғамның абсурдын көрсеткісі келетінін айтқан еді. "Социумның барлық қабатында сыбайлас жемқорлық және ұрлық сияқты көзге ұрып тұрған дүниелер бар, алайда бұл туралы ресми түрде айтпау керек. (...) Қазақстандық кинематографияда тарихтағы батылдықты көрсету немесе Голливудқа еліктеу бар да, заманды кино арқылы зерттеуге деген талпыныс жоқ", − деді ол.
Дереккөз: tengrinews