Несиеге батқан келіншек

Несиеге батқан келіншек
Фото: 24fpsverite.com

Бүгін, яғни 21 қыркүйек күні "Еуразия" кинофестивалінің кинокөрсетілімдер легіндегі "Несие шектеуі/Kreditis limiti" грузиндік фильмі көрсетілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еуразия кинофестивалі сенбі күні басталды. 25 қыркүйекке дейін әртүрлі кинотуындылар көрсетілімінің легі өтеді.

Несие шектеуі фильмінің тұсауы 2014 жылдың қыркүйегінде кесілген еді. Біздің елімізде бұл фильм кинофестивальдің тұсында көрсетілді. Грузин тілінде, ағылшын және орыс тілдерінде субтитрлермен көрсетілді. 

Екі сағаттық фильмде Нино атты жас келіншектің қарызға батып, бір емес бірнеше несиені мойынына алып, жағдайын түзетуге тырысуы бейнеленеді. Жұмыссыз баласы, мектепте оқитын қызы, күйеуі, үйде отырған анасы мен емханада жансыз жатқан әжесінің күнкөрісі Ниноның мойынында. 

Әркімнің сөзіне сеніп, несие ала беретіні көрерменді таңғалдырады. Жақын құрбысы бай әйелмен таныстырып, пайыздық қарыз алуға кеңес береді. Нино жеке дәмханасының көмегімен қарыздарын өтеймін деп үміттенеді. Алайда бұл кәсібі еш пайда, табыс әкелмейді. Көшеде ақша сұрап жүрген адамдарға барын бере салатын, ескі сыныптасына үйін кепілге беріп, пайыздық қайтарыммен 10 мың долларды қарызға алады. Дәмханасында істейтін бойжеткен Ниноға барынша көмек беруге тырысады.

Сыныптасына үйін кепілге беру үшін Нино үйінде ақшаға жалдап екі бөлмесін алып отырған қарт профессорды үйді толықтай Ниноның атына жаздыруға көндіреді. Ақырында 1 жылдан кейін полицейлер келіп, профессормен қоса бүкіл отбасына үйді босату керектігін хабарлайды.

Мұндағы режиссердің көрерменге айтпақ идеясы қандай? Ойында еш арамдық жоқ Нино әркімнің сөзіне еріп, бірнеше несиені бірден алып, қарызға белшесінен батады. Кәсібі тоқтап қалады. Мұның бәрі қаржылай сауатсыздық, интуицияның жоқтығы мен аңқаулығының салдарынан болған жағдайлар.

Мұндай жағдайда сіз не істер едіңіз?

Ф. Абилова