Сіз бақытты болуға лайықсыз

Сіз бақытты болуға лайықсыз
Фото: Самат Калбаев, plus.google.com

Күні кеше Алматыдағы «Достық Плаза» кешенінің Cinemax кинотеатрында «Демалыс» фильмінің жабық көрсетілімі өткендігі туралы хабарлағанбыз болатынбыз. Енді сол фильмнен алған әсерімізбен бөлісуді жөн көрдік. «Демалыс» фильмін көріп отырып екі езуіңіз құлағыңызға жеткенше күлумен боласыз десек қателеспейміз. Бұл сөзіміздің жаны бар. Режиссерлер өмірдің ащы шындығын «әдемі» әзілмен жеткізе білген. Комедия жанры адам баласы мойындағысы келмейтін шындықты астарлап жеткізеді. Біз үшін осынысымен де құнды. Бұдан өзге тынымсыз тіршіліктен шаршаған адамдарға ләззат сыйлап, жас баладай күлдіре алатыны тағы бар.

Лев Толстойдың 80 рет түзеп жазған «Анна Каренина» романы «Бақытты отбасылар бір-біріне ұқсайды, ал бақытсыздық адамдарға әртүрлі кейіпте келеді» деген сөздермен басталады. Расымен де, бес саусақ бірдей емес. Жер бетінде 7 млрд. адам болса, сонша түрлі мінез, сонша түрлі ерекшелік пен ұқсастық бар. Туа біткен мінез бе, жүре біткен мінез бе белгісіз. Үнемі өз өмірімізді өзгенікімен салыстырып, көршінің өмірін қызық көреміз. Тыныс-тіршілігін аңдимыз. Шын көңілмен қуанып бақыт тілесек, енді бірде көреалмай іштей күйеміз. Жыртығын жамауға көмектесіп, үнемі алға сүйресек, енді бірде қызғаныштан барлығының күл-талқанын шығаруға асығамыз. Жақын достарымыздың әлеуметтік желідегі суреттерін көріп, лүпіл басуға ерінеміз. «Неге бізде бұлай емес, неге біз оларға ұқсамаймыз?» сынды ойдың жетегінде жүреміз. Кейде оларға еліктейміз деп күлкілі жағдайға қаламыз. Әлеуметтік желідегі бейненің шынайы өмірдің айнасы бола алмайтындығы тағы бар. Барлығы да іштегі мұңды жасырудың айласы болуы мүмкін... Осы сюжет «Демалыс» фильмінде көрініс тапқан. Жоғарыда айтқанымыздай барлығы да астарлап, «тәтті» әзілмен жеткен.

Адамның дене мүшесінің көп бөлігі 25 жасқа дейін физиологиялық тұрғыдан жетіліп үлгереді. Ал сана сезімі тоқтаусыз өмір бойы дамиды. Психолог мамандардың айтуынша, 40 жасқа дейін барын салып еңбектеніп, алдына қойған мақсаттарына жетіп үлгеруі тиіс. Өйткені 38-40 жаста «тоқырау кезеңі» басталады. Яғни орта жас кризисі. Осы жасқа таяғанда адам аялдап, өткен өміріне анализ жүргізеді. «Осы күнге дейін не істедім, артыма не қалдырдым. Үлкен белесті аттап өттім, бірақ бақыттымын ба, отбасым ше?» деп ойланады. Расымен де бақытты екеніне көзі жеткен кезде тіршілігін жалғастырып, барынша сабырлы болады. Рухани байлық жинау үшін барын салады. Ал отбасының бақытсыз екенін көрген кезде жағдайды өзгертуге тырысады. Кейде шарасыздықтан ішімдікке салынады. Басты кейіпкер Расти Гризвольд та осы нәрсені көрсеткісі келеді. Әкесі кезінде өзін апарған саябаққа балаларын апармақ болады. Өйткені кезінде сол жерге барғанда қаншалықты бақытты болғаны есінде. Алайда қазір қоғам басқа, заман басқа. Әйелі мен балаларының да талғамы өзінікінен бөлек.

Отбасылы жандар суретке не үшін түседі? Қартайған шағында тәтті естеліктерді еске алу үшін түседі. Балалары мен немерелеріне көрсеткісі келеді. Фильмнің ең басында Расти мен әйелі көп жылдан бері түскен суреттеріне қарайды. Ол суреттерде еш өзгеріс жоқ екенін, жыл сайын әйелінің бақытсыз болғанын көреді. Сөйтіп оларды Америкадағы ең мықты саябақтардың біріне апару туралы шешім қабылдайды. Осы саябаққа барар жолда талай қызыққа кенеледі. Талай оқиғаны бірге өткереді. Махаббатты сезініп көрмеген баласы алғаш рет қызға ғашық болады. Алғаш рет қорғануды үйренеді. Бауырының орынсыз қылықтарына төзе алмайтындығын көрсетеді. Ал әкесі әйелін ұятқа қалдырмауы үшін оғаш қылықтар жасайды. Сиырды өлтіріп қоятын жері бар. Күйеуі әйелінің көп жылдан бері сақтап келе жатқан құпиясын ашады. Канализацияны спа салонмен шатастырады. Ақшалары мен киімдерін ұрлатып, туысқандарының үйіне келеді. Ол туысқандарының өміріне қызығады. Кейін мұның барлығының жалған екеніне көздері жетеді. Саяхаттау кезінде бір-бірінің шынайы болмысын көреді. Татуласып, шынайы бақыттың жасандылықта немесе өзгелердің өмірін аңдуда емес екенін түсінеді. Әр отбасының өзіне ғана тиесілі ризығы мен несібесі барына көздері жетеді. Енді актерлерге тоқталайық.

Басты рөлдегі Расти Гризвольдті (Эд Хелмс) бұған дейін де талай комедиялық фильмдерден көргенбіз. Бір қызығы оның сомдаған рөлдері бір-біріне ұқсайды. Өте қарапайым, ақылды, білімді, әйелінің айтқанымен жүретін сезімтал жігіт. Оның ебедейсіз істері еріксіз күлдіреді. Бала секілді ренжіп, мұңайған сәтінде жанашырлық танытып, жылы сөздер айтқың келеді. Ешуақытта сүйіктісіне дауыс көтеріп немесе балаларына ұрысып жатқанын көрмейсің.

Дэбби Гризвольд (Кристина Эплгейт) - жастық шағында қызыққа құмар болған, жарынан жасырған құпиясы мол жан. Екі баланың анасы. Оның ұстамдылығы ерекше мақтауды қажетсінетін шығар. Өйткені ол ешуақытта ішкі наразылығын жарына айтқан емес. Өзгелерге қызығып, олар секілді алыс елге саяхаттауды, бақыттарымен өзгелермен бөлісуді армандаса да, мұны жарына білдірген емес. Өйткені оған өз бақытынан жарының көңілі маңызды. Оның образынан адам баласының өмірде қаншалықты өзгеруі мүмкін екенін көреміз. Ал Растидің өмірі бірсарынды. Өзінің қалайша жалықпайтынына таңқалуға болады. Олар бір-бірін осы қасиеттерінің арқасында толықтырады.

Джеймс Гризвольд олардың тұңғыш ұлдары. Әкесі секілді өте сезімтал, барлығын жүрегіне жақын қабылдайды. Үнемі өзінен жасы кішілерден таяқ жеп жүреді. Қыз атаулысына бұрын-соңды ғашық болып көрмегені байқалады. Соңында намысы оянып, өзін толықтай өзгертеді. Барлығын өзгертуге болатындығын түсінеді. Өзгеру үшін жасайтын қылықтары өте күлкілі. Өзіне жараспайтындай көрінеді.

Кевин Гризвольд «Үйде жалғыз қалған» фильміндегі Кевинге ұқсайды. Ол секілді ақкөңіл болмаса да, өте бұзық. Ойына келгенін жасайды. Мұндай балалар қайдан шығады? Әдетте олар жасы үлкендердің назарына іліге алмаған соң, олардың тарапынан махабатты сезінбеген соң бұзықтық жасап көзіне түсуге тырысады. Өкінішке орай, осылай ғана назар аударта алатынын түсінген кезде қылықтарын қайталай береді. Айналасындағылардың алдында жағымсыз, бұзық баланың образын қалыптастырады. Ал өзгелер телитін мінез көп ұзамай санасына сіңіп, өзі де осыған лайық әрекеттер жасайды.

Стоун Грандалл кез келген бойжеткеннің арманындағы жігіт шығар. Бұл сыртқы келбетіне ғана қатысты айтылуда. Өте тартымды, өзіне сенімді, бір қарағанда кез келген адамды бақытты ете алатындай көрінеді. Оған басты кейіпкердің әйелі де қызыға түседі. Бірақ мұның барлығы оның сыртқы болмысы ғана. Өйткені еркек деген аты затына сай емес. Жарын елдің көзінше мақтап, ол үшін тау мен тасты қопара алатынын айтса да, шын мәнінде сөзі тиынға татымайды. Ол үшін отбасылық құндылық, адалдық, шынайылық сынды сөздердің қадірі жоқ. Аздап мақтаншақтығы да байқалады. Үнемі өзгенің жарына көз салып, тек өзінің бақытын ойлайды. Бұл қылықтарын әйелінің көзінше жасап, еш қысылмайтындығын көрсетеді.

Адрей Грандалл – басты кейіпкердің қарындасы, Стоунн Грандаллдың жары. Талғампаз, әдемі, қымбат киімдерді жақсы көретін әйел. Сыртқы сұлулықты бәрінен артық көретін жан. Бақытсыз болса да, жаңа өмір бастаудан, жалғыз жүруден қорқады.

Басты кейіпкерлердің жағдайы осындай. Олардың өздеріне ғана тән образдары бар. Жинақтау әдісімен жасалған образдар да жоқ емес. Жағымсызынан жағымды қасиеттері өте көп. Әбден мақтауға лайық. Өкінішке орай, оларды жақсы қасиеттері емес, жасандылық біріктіреді. Ішіндегі шынайылықты жасырған, қоғамнан қорыққан жасандылық. Мұның қажетсіз екенін түсінген Гризвольдтер барлығы бірігіп, жаңа өмір бастайды. Бір-бірін қорғап, армандаған саябақтарына жетеді. Ол жерде де қиындыққа тап болып, тағы да бір мәрте жеңіске жетеді. Расымен де бақытты болуға лайық екенін дәлелдейді.

Бақытсыздықтың түрлі себебі бар. Оларды жіпке тізер болсақ, жіп шексіз созыла беретіні анық. Ал бақыттың бір ғана белгісі бар. Ол – шынайылық, Шынайы күлкі, шынайы сезім, шынайы болмыс. Өзім бақытсызбын деп өзгенің бақытына ортақтасып, олардың күл-талқанын шығаруға әрекет жасау – бәрінен асқан сорақылық. Адам баласы үшін бұдан төмен дәреже жоқ. Өйткені сіз өзіңізді ғана ойлайсыз. «Мен бақытсыз болсам, өзгелер неге бақытты болуы керек?» деген ойдың жетегінде жүресіз. Өзіңізге жараспайтын қылықтар жасайсыз. Мүмкін мұның барлығы сізге ләззат сыйлайтын шығар. Есіңізде болсын: жаңа өмір бастауға ешуақытта кеш емес. Барлығы тек өзіңіздің қолыңызда. Шын мәнінде өзгеріп, іргеңізді жасандылықтан аулақ салып, жақындарыңыздың қуанышын бөлісе білсеңіз, сіз де бақытты боласыз. Ал өмір бойы өзгелерді көреалмай, қызғаныштан жаман істер жасап жүре берер болсаңыз, болмысыңызды жоғалтып аласыз. Өйткені адам өмірге адам болуы үшін, адам болып кетуі үшін, артына адам қалдыруы үшін келеді. Сіз бақытты болуға лайықсыз!

«Демалыс» фильмі елімізде 27 тамыздан бастап прокатқа шығады. Асығыңыздар!

Қ. Бүйенбай