Бурак Өзчивит: "Бәріміз бір топырақтан шыққанбыз" (видео)

Бурак Өзчивит: "Бәріміз бір топырақтан шыққанбыз" (видео)
Фото: Massaget.kz

Ол – ержүрек Бали Бей, ол – жүрегі нәзік Кәмран. 21 мамыр күні Алматыға Түркияның ең атақты актерлерінің бірі Бурак Өзчивит ұшып келді. Ол «Махаббат саған ұқсайды» атты мелодрама жанрындағы жаңа фильмін көрерменге ұсынуды мақсат етіпті. Сөйтіп кешкі сегізде басталатын киноға асығып алтыда келген жанкүйерлерімен жүздесіп, төл туындысының тұсауын кесті. Олар жанарымен Бурактың жанынан әріптесі әрі ұзын құлаққа сенер болсақ құрбысы Фахрийе Эвдженді іздеумен болды. Мұны сезген актер Фахрийенің Канн фестивалінде жүргенін, сол себепті келе алмағандығын айтты. Танымал һәм талантты актерді көрем деушілердің қарасы алдын ала дүркіреген жарнама жасалмағандығын есепке алар болсақ, таңғаларлық көп болғанын атап өтейік.

«Махаббат саған ұқсайды» фильмі Әли мен Дениз есімді екі ғашықтың махаббат хикаясы жайлы сыр шертеді. Бір көргеннен бір-біріне ынтық болып қалған олардың оқиғасы тұнып тұрған романтика десек қате болмас. Көрсетілім барысында күліп кіріп, көз жасын сүртіп шыққандар біршама болды. Бір қарағанда мазмұны қарапайым болып көрінгенімен, кино өзінше ерекше. Актерлердің ойнау қабілеті, түсірілім тобының кәсібилігі көзге бірден түседі. Киноға билет алып үлгерген, сөйтіп сол күні асығы алшысынан түскен көрермен Фахрийенің әнін тыңдап, Бурактың биін көріп, мәз болып тарқасты.

Бурак алматылық жанкүйерлерімен фотоға түсіп, «селфи» жасап, оларды инстаграмына салып та үлгерді. Өзчивит қазақстандық қауымға ең алдымен «Сүлеймен Сұлтан» телехикасындағы Малкочоглу Бали Бей ретінде таныс. Берілген рөлді сәтті сомдап шыққан ол көрермен жүрегін әп-сәтте жаулап алды. Еңбек жолын модель болып бастаған актер бүгінде атақ пен құрметке кенде емес. 23-і елордаға бағыт алатын ол ұлттық арнадағы «Түнгі студияның» түсіріліміне қатысып қайтпақ. Шоуды 26-сы күні көгілдір экраннан тамашалауға мүмкіндік бар.

Ұқсас жазбалар:

Джеки Чанның үздік трюктері

Ким У Бин "Оңтүстік Кореяның үздік 10 актері" тізіміне енді

Y. Almabek