Сатқындықтан кейін махаббатқа орын бар ма?

Сатқындықтан кейін махаббатқа орын бар ма?

23 сәуір күні Алматы қаласында UniFrance films пен "Арман" кинотеатрының бірлесуімен "Бүгінгі Француз киносы" фестивалінің ашылуы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлемге француз фильмдерін таратумен айналысатын UniFrance films компаниясы мен "Арман" кинотеатры орталығының атқарушы директоры Бауыржан Шүкенов осымен 6-рет "Бүгінгі Француз киносы" фестивалін Алматы қаласында өткізді.

Фестиваль 23-26 сәуір аралығында Алматы қаласында орналасқан "Арман" кинотеатрында өтеді. Ашылу салтанатында "Болмысы бөлек жақындар/Les Yeux Jaunes Des Crocodiles" атты француздық мелодрамасы көрсетілді.

Фильмнің трейлеріне зер салсақ, сюжеті таныс, нәтижесі де анық секілді көрінуі мүмкін. Алайда бұл отбасы драмасының беретін жаңа идеясы көп. Оның үстіне ұтымды болып келетін сюжеттің бірі – сатқындық мәселесі бейнеленеді.

Бұл фильмнен біз сатқындықты әр қадам сайын кездестіреміз. Әйелін тастап, басқаға кеткен екі түрлі жанның тағдыры, байлықта шалқып, өмір сүретін әйелдер, отбасын алғашқы орынға қойып, өзін құрбан ететін әйелдер, ақша, табыс үшін жылдар бойы жанында болған адамды тастап кету секілді күнделікті өмірде де кездесетін жайттардың куәгері боласыз.

Күйеуі жас, әдемірек әйелге кетіп қалған жағдайда басты рөлдегі Джозефинаның өмірі қалай өзгереді?

Өзі момын, қой аузынан шөп алмас, бала кезінен "екінші планда" жүруге дағдыланған Джо туған әпкесінің көлеңкесін жағалап өсті. Білімқұмар, еңбекқор, екі қызының тағдырын алдыңғы орынға қойған ана жалғыз қалып, ешкімнен көмек сұрағысы келмейді.

Анасының махаббатын көрмеген, әкесінен ерте айырылған Джо қиын сәтте ешкімнің алдына тізерлеп барған емес. Алайда әлсіз, қорқақ, күдікшіл, ештеңеге қолы келмейтін адамға ұқсағанымен, өмірдің сынақтарына төтеп беруге барын салады.

Бұл фильмнен біздің менталитетімізге жат "анасын сыйламауды" көреміз. Өз қызынан "сен ұсқынсыз, ақымақ адамсың, қолыңнан ештеңе келмейді, әкемнің кетіп қалғаны таңырқайтын нәрсе емес" деген сөздерді есту ең ауыр жаза болар. Біз мұны актрисалардың тамаша ойынынан байқап, өзіміздің санамызды тәрбиелейміз.

Білімді, момын, мейірімді сіңлісі мен мақсатсыз, даңққұмар әпкесінің арасындағы қарым-қатынас – фильмнің негізгі идеясына арқау болған мәселе.

Фильмнің жанры мелодрама болғанымен, француздық туынды болғандықтан, комедия жанрын да қамтитынын күткен едік. Расында да фильм барысында біраз күліп, көңіл көтеріп аласыз. Фильмнің бір ерекшелігі – қиын мәселелерді бейнелегенімен, сентименталдылық дәрежесі төмен. Бұл мелодрама, драманы жыламай көруді ұнататын жандарға ыңғайлы болары сөзсіз.

Сонымен қатар әйелі өзін жақсы көрмейтінін өмір бойы сезіп, біліп келген еркектің мейірімі көрерменді тамсандырары анық.

Бұл француздық кино көптен бері күткен жақсы мелодраманың қатарына кірді. Актерлер ойыны, негізгі идея, күтпеген ситуациялар қарапайым тақырыптағы фильмді алып шықты.

"Болмысы бөлек жақындар" фильмі "сатқындықтан кейін махаббат, сүйіспеншілік секілді жылы сезімдерге қайта бөленуге бола ма? Бұдан кейін өмір сүру мүмкін бе?" деген сұрақтарға жауап бере алады.

Фестивальдің бағдарламасы бұдан өзге "3 жүрек", "Зильс Мария", "Джек әйелдер патшалығында", "Кедергілерді еңсерген достық", "Ол оны сүйеді" фильміндерінің көрсетілімін қамтиды.

Сонымен қатар, қазақстандық көрермендер дәстүрлі "Қысқа метр түні" бағдарламасын тамашалайды. Ол биыл 19 лентаны қамтып, сәуірдің 24-інен 25-не қараған түні өтеді.

Сурет: dailymotion.com

Ұқсас жазба:

"Қайсар әрі мейірімді бол, жаным"

Ф. Абилова